Қарағандыда орталық салынады
Қарағандыда орталық салынады
135
оқылды
Өткен жылы қыркүйекте Бауыр­жан Байбектің Қара­ғанды облысына жұмыс са­пары барысында дәрігерлер жергілікті онкодиспансерде опера­циялық-реанимациялық блок салу қажет екені туралы мәселе көтерді. Жы­лына 12 мың пациент қаралатын онкологиялық ауруханада күрделі операциялар жасайтын заманауи жабдықтармен жаб­дықталған бөлімше жетіспейді. Бауыржан Байбек қара­ғандылық дәрігерлерге «Nur Otan» аталған жобаны қар­жы­ландыруға қол жет­кізеді» деген еді. Сондай-ақ Төрағаның Бірінші орын­басары бас партия құрылысқа да, көрсетілетін қыз­меттердің сапасына да бақылауды ұйым­дастыратынын атап өткен болатын. – Бүгінгі таңда науқастарды жаңа технологиялармен ем­деу үшін лайықты алаңдар жетіс­пейді. Бізге жоғары техно­логиялық бөлімше, реанимация қажет. Бұл Қарағанды облы­сы­ның ме­дицинасын, со­ның ішінде онколо­гиясын одан әрі жетілдіруге мүмкіндік бе­рер еді. Қарағандыға жұмыс сапары кезінде Бауыржан Байбек мәселелерді шешуге уәде берді, – дейді «Облыстық онкологиялық диспансер» КММ директоры Мұратбек Жұмақаев. Облыстық онкологиялық диспан­серде жыл сайын елі­міздің 6 аймағынан 12 мың­нан астам адам ем қабыл­дайды. Алайда жаңа жаб­дық­тардың тапшылығы барлық нау­қас­тарды қамтуға мүмкіндік бер­мейтін. Осыған дейін операциялық блокта жылына 4,5 мың адамға ота жасалды. Егер жаңа блок бой көтерсе, операциялардың саны жылына 20 мыңға дейін артпақ. Яғни, партияның қолдауымен салын­ған жаңа операциялық блок қаншама адамның өмірін сақтап қалуға мүм­кіндік бермек. – Біздің аурухананың зерт­хана­сында Қазақстанның басқа ешбір қаласында жасалмайтын жоғары са­­палы генетикалық тексерулер жүр­­­гізіледі. Алдын ала тексерулер нәти­жесінде аурулардың бастапқы бел­гі­­лерін, организмдегі өзгеріс­тер­ді асқан дәл­дікпен анық­­­­таймыз. За­­манауи тех­но­ло­гия­­ның алдында қадам ба­сып келеміз. Бізге Қа­зақ­стан­­ның бар­лық елді ме­кенінен ем­­делу­­шілер келіп ем қабылдайды, – дейді Иммуногис­тохимиялық, мо­лекулярлық-генети­калық және патоморфологиялық зерттеулер референс орта­лығының мең­герушісі Владимир Перминов. Аурухана аумағында опе­рациялық-реанимациялық блок салынып жатыр. Жобаны қаржыландыруға «Nur Otan» партиясы арқылы қол жеткізді. Еліміздегі ең ірі онкологиялық орталық 360 орынға есептелген. Мамандардың айтуынша, жаңа блок операция санын 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді, ал пациенттердің күту уақыты керісінше 10-нан 1 күнге дейін қысқарады. – Жыл сайын әлемде онко­логиялық аурулардан 10 мил­лионға дейін адам көз жұмады. Қазақстанда бұл сан Денсаулық сақтау министрлігінің мәлі­метінше, шамамен 15 мыңды құ­райды. Бұл ауыр дертке шал­дыққан қаншама мың тағ­дырлар, жақындары мен туыс­қандарынан айырылған жан­дардың көз жасы. Сондықтан бізге заманауи медициналық технологияларды енгізу, кадрлар даярлау, тиісті инфрақұрылым құру қажет. Онкологиялық аурулардан болатын өлім-жі­тімді төмендетуге болады, ол үшін ерте кезеңде емдеуге мүм­кіндік жасау керек. «Nur Otan» осы жобаны қаржыландыруға қол жеткізетін болады. Соны­мен қатар партия тарапынан құрылысқа, сондай-ақ көрсеті­летін қызметтердің сапасына қоғамдық және партиялық ба­қы­лау ұйымдастырылады, – деп атап өткен болатын Бауыржан Байбек. «Nur Otan» партиясы бақылауға алған мәселенің барысы қалай  орын­далып жатқанын бақылау мақсатында бүгін пар­тияның Қарағанды облыстық филиалы жанындағы ҚКП мониторинг тобы тексеріспен шықты. 2020 жылғы 17 сәуір­де блокты салуға байқау жа­рия­­ланды, қазіргі уақытта кон­курс­тық рәсімдер жүргізілуде, олар өткізілгеннен кейін құрылыс басталады. Құрылыс 2021 жылдың желтоқсанында аяқталады. Биыл бұл жобаға 885 млн теңге жұмсалмақ. – Партияның Қарағанды облыс­тық филиалы опера­циялық-реанима­циялық блок құрылысының ЖСҚ әзір­леу бойынша мемлекеттік сарап­тама жүргізуді бақылауға алды. 13 наурызда жұмыс жобасының ЖСҚ бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазақ­стан Үкіметінің биылғы 9 сәуірдегі № 187 «2020 жылға нақтыланған республикалық бюджет туралы» Қа­зақстан Республикасы Президентінің Жарлығын іске асыру туралы» Қаулы­сына сәйкес Қарағанды қаласы­ның Облыстық онко­логиялық диспансері­нің опе­рациялық-реанимациялық блогының құрылысын бастауға арнал­ған мақсатты трансферт жұмыс­пен қамту 2020-2021 жылдарға ар­нал­ған жол картасы шеңберінде инфра­құрылымды және тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылықты дамыту есе­бінен жалпы сомасы 5,6 млрд теңге бөлінді, – дейді ҚКП мониторинг тобының төрағасы Болат Базарбаев. Денсаулық сақтау министр­лігінің мәліметінше, елімізде 176 мың науқас онкологиялық дертпен ауырады. Қауіпті дерт бойынша өнеркәсіптік өңірлер – Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Бірінші орында сүт безі обыры, содан кейін өкпе обыры мен асқазан обыры кең таралған. «Nur Otan» партиясы «Құтты ме­кен» ұлттық жобасы аясында Қара­ғанды облысындағы онко­логия­лық дис­пансердің жа­нындағы опера­циялық-реани­мациялық блокты салу мәселесін жіті бақылауда ұстап отыр.   lassat 1       Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы