Біреу «аты жаман ауруға шалдығыпты» десе, үрке қарайтын жұрт арасында қазір бұл дерттің қарқыны бәсеңдемей келеді. Оған себеп не? Құнарсыз тағам ба, экология ахуалы ма? Зерделеп көрсек.
Обыр орып барады
Қазақстанда жыл сайын қатерлі ісікпен ауырғандардың саны артпаса, кеміп жатқан жоқ. 2019 жылы елімізде 36 345 адам обыр дертіне шалдығыпты. Олардың төрттен бірі, 27 пайызы бірінші сатыдағы, яғни ауыр жағдайдағы науқастар. Ал диспансерлік есепте тұрғандар 180 мыңға жуықтайды. Негізі, бұл аурудың дендеп тұрғаны Қазақстанда ғана емес. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дерегінше, жыл сайын 10 миллионға жуық, ал елімізде 14 мыңнан астам адам обырдан көз жұмады. Жер шарындағы әрбір алтыншы өлім – осы індеттен. Бұған қатысты социолог-дәрігерлердің тағы бір күтпеген тұжырымы бар. Аталған дерттен қайтыс болғандардың 70 пайызы табысы төмен, әлеуметтік жағдайы нашар елдерден екен. Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққандар бойынша Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облысы мен Алматы қаласы көш басында тұр. Қазіргі кезде онкологиялық ауру жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейінгі екінші орынға жайғасқан. Ең қорқыныштысы, бұл дерттің балалар арасында меңдеуі. Жылына 600 бала ауруға душар болады. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Диляра Қайдарова болса, қатерлі ісікті ерте анықтаса, адам өмірін ұзартуға мүмкіндік барын айтады.– Елде онкологиялық ауруларды ерте анықтау диагностикасы дамыған. Тиісті ем жасалса, өмірін бес жылға дейін ұзартуға болады. Қазақстанда обырдың үш скрининг түрінен тегін өте аласыз. 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер сүт безі обырына, 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер колоректальді обырға, 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер жатыр мойны обырына емханаларда тегін тексеріле алады. Бәрі ертерек әрекет етуге байланысты, – дейді маман.Мысалы, бір ғана Қызылорда облысында жыл сайын 3 мыңнан астам адам онкологиялық ауруы үшін ем қабылдайды екен. Өңірде дерттің белең алуына орай 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Сеул қаласынан онколог дәрігерлер келген. Олар да аймақта обырдың көбеюіне таңданыс білдірген екен. Сол кезде Сеул клиникасының профессоры, онколог Ким Джон Сик жағдайдың қиын екенін айтқан болатын.
– Біз расымен де таңғалдық. Науқастардың ауру тарихын қарасақ, әртүрлі. Жастардың ауыр дертке шалдығуы өте қиын жағдай. Бізде тек үлкен кісілер ауыратын. Ауруды ауыздықтауға медициналық жабдықтың толық болуы жеткіліксіз. Дәрігерлер біліктілігін арттыруы тиіс, – деген еді маман.Ауылдарда да жағдай мәз емес. Мысалы, Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданының Асқар Тоқмағамбетов ауылында 1 000-ға жуық тұрғын бар. Жыл басынан бері осы аядай ғана ауылда қатерлі ісіктен 3 адам көз жұмған. Қатерлі ісіктің ең көп тараған түрі – өкпе обыры. Дәрігерлер өкпе обырының пайда болуына темекі мен экологиялық жағдай, көбіне көмір жаққанда шығатын түтін әсер ететінін айтады. Осы тұста елімізде әлі күнге дейін қыс келсе көмір жағатын елді мекендердің барын ескерген жөн секілді. Екінші орында – асқазан, үшінші орында сүт безінің қатерлі ісігі тұр. Ал мұның бәріне не әсер етіп жатыр?
Аурудың себебі не?
Жұрт айтып жүрген «аты жаман ауру» ғылымда ағзаның кез келген жерін бүлдіретін 100 шақты аурудың жиынтығы ретінде түсіндіріледі. Қалыпты жасушаның қауіпті клеткаға түрленуінен, ұғынықты тілмен айтқанда, адам бойындағы мутациялық өзгерістен пайда болады. Бұған негізгі сыртқы факторлар әсер етеді. Ултьракүлгін сәулелер, химиялық қоспалардан шығатын түтін (темекі түтіні де), вирус пен бактерия және паразит тудыратын инфекциялар. Сондықтан осы үш факторден сақтанған жөн. Одан бөлек, артық салмақ пен қарттықтың да кесірі көп. Дегенмен қарттықтың дауасыз екенін білеміз. Ал артық салмақтан сақтануға болады. Ағылшын ғалымдары зерттей келе, артық салмақ, яғни семіздік обыр дертінің қаупін екі есе арттыратынын анықтапты. Көп жағдайда адамдар дерт асқынғанша жүріп алатын көрінеді.– Мұның себебі өте көп. Күнделікті тыныстайтын ауамыз, ішетін сусын, жеген тағамымыздың басым бөлігі организм үшін онша қолайлы емес. Әрбір жағымсыз әсер ағзадан жай кетпейді. Клеткалық деңгейде өзгерістер болады. Міне, осындай мутациялық өзгерістер жинақтала келе денеде ісіктің пайда болуына сепбепкер болып жатады, – деді доцент, жоғары санаттағы дәрігер онколог Мұрат Жантеев.Қазіргі кезде қатерлі ісік дамыған елдердің өзінде «денсаулық қасіреті» деген атау алып отыр. Бүгінгі таңда ерлер арасында ең көп кездесетін және ең жиі өлімге апаратын өкпе обыры екенін айттық. Өкпе обырынан қайтыс болғандардың 80 пайызы – темекі шеккендер. Ыстық қою шай мен кофе де көп тұтынған жағдайда зиянды екені айтылады.