Жамбылда індет жұқтырмаған аймақ қалмады
Жамбылда індет жұқтырмаған аймақ қалмады
120
оқылды
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысымен ағымдағы жылдың 20-21 маусым күндері  облыс орталығында карантиндік шаралар күшейтілмек. Сондай-ақ  22.00-ден 06.00-ге дейінгі уақыт аралығында қаладағы  халықтың қозғалысына шектеу қойылады. Бұл жайында Жамбыл облысы әкімдігі ресми мәлімдегеннен кейін көпшіліктің «демалысты таза ауада өткіземін» деген жоспары желге ұшты. Сонымен қатар демалыс күндері тұрғындарға саябақ, алаңдар мен  скверлерге шығуға  тыйым салынып отыр. Адам көп шоғырланатын  субұрқақтар, «Зербұлақ» демалыс аймағы және Талас өзенінің жағалауы сынды су айдындарына да жолауға болмайды. Жасы  65-тен  асқан адам­дар мен денсаулығында ақауы бар азаматтардың тіпті үйден шықпауына кеңес берілуде. Көшеде жүрсең, кемінде 2 метр арақашықтықты сақтау қажет. Соны­мен қатар  бетпердесіз нысандарға кіруге болмайды, отба­сылық және бұқаралық спорттық шара­лар өткізуге де жол жоқ. Бір сөзбен айт­қанда, «карантиннен құтылдық па» деген халыққа  қайта үйлеріне қама­луына тура келеді. Әрине, мұның бәрі ең бірінші бұқараның өз денсаулығы үшін жасалып жатқаны белгілі. Бұл жайында кеше Жамбыл облысы әкімдігінде өткен жұқпалы індетпен күрес жөніндегі  облыстық штабта аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев та баса айтты. Бердібек Машбекұлы жуырда өз-өзін оқшаулауға кеткендіктен, жиынға  онлайн режимде қатысты. Облыс әкімі ең алдымен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша  республикалық комиссияның отырысы өткенін, онда карантин талаптарын қайта қатаңдату туралы тапсырма берілгенін айтты. Расында, Жамбыл облысындағы қазіргі жағдай қауіпті болып тұр. Соңғы мәліметке сүйенсек, коронавирус жұқтырғандардың саны 553 адамға жетті. Тараз қаласында 313 факті орын алса, Қордай ауданында – 54, Байзақта  46 науқас тіркелген. Сондай-ақ соң­ғы күндері Жуалы ауданында – 3, Мойын­құм мен Сарысу аудандарында 1 адамнан індетпен ауырған. Осылайша, Жамбыл облысында коронавирус жұқтырмаған бірде-бір аймақ қалмай отыр. 349 адамның дерттен жазылып шыққаны, әрине жанға демеу. Десе де, халықтың аурудың барына сенбеушілігі мен жауапты мекемелер жұмысының салғырттығынан індет  күн санап өрши түсуде. Міне, осы мәселені облыс әкімі Бердібек Сапарбаев баса айтып, сала мамандарының жұмысын қатаң сынға алды. Негізі, облыстық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Ғазиз Надуевтің сөзіне сүйенсек, соңғы тәуліктерде Таразда жұқпалы індеттің  99 жағдайы тіркеліпті. Ауырғандардың дені – 70 жастан асқан тұрғындар. Осыған орай, департамент мамандары өңірдегі 40 нысанға тексеру жүргізіп, 5 жағдай бойынша құжаттар  сотқа жолданған. Ғазиз Бейсенбекұлы орын алып отырған жағдайға байланыс­ты ауруханаға жоспарлы жататын науқастарды тоқтатып, коронавирусқа қарсы қосымша стационар қарастыру мәселесін көтерді. Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, соңғы кезде­рі жұқпалы індет жасөспірім, зейнеткер және жүкті әйелдер арасында көбейіп отыр екен. Сондықтан өңірдің бас дәрігері Байзақ ауданы Мырзатай ауылы маңындағы туберкулезге қарсы аурухананы індетке шалдыққандарды емдеу үшін пайдалануды ұсынды. Облыс әкімі өз кезегінде жауапты мамандардың  жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.  Қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті тарапынан нысандарды қадағалау салғырт жүргізіліп жатқанын айтса,  өңірде құрылған 50 мобильді топтың да тірлігі тындырымды емес. Бұдан кейін аймақ басшысы Тараз қаласы мен Байзақ, Қордай, Т.Рысқұлов аудандарының әкімдерінен де жауап алып,  соңғы кездері  осы өлкелерде індет жұқтырған азаматтардың көбеюіне алаңдаушылық білдірді. «Ауыл-Береке» сынды базарларда  бетперде режимі сақталмай, елдер бей-берекет жүріп кеткен. Ол аз десеңіз, Тараз қаласындағы «Каспийский берег» мейрамханасы карантинге қарамай той өткізген. «Карантин режиміне қарамай той өткені қалай? Мұны сонда кім қадағалауы керек?» деп Бердібек Машбек­ұлы ашуына  мінді. Жалпы алғанда, қазір Жамбыл облысындағы жағдай алаңдарлық күйде. Себебі қара халықтың ара­сында коронавирус індетіне деген сенбеушілік басым. Мұны билік басындағылар да мойындап отыр. Енді өңірде карантин режимін қайта күшейту мәселесі көтерілуде. Одан қаншалықты пайда болар екен? Еркіне бір кеткен бұқараны қайта «үй қамағына» отырғыза  аламыз ба? Оны енді уақыт көрсете жатар.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы