Дерт жан алқымнан алып тұр
Дерт жан алқымнан алып тұр
Елдің есін алған коронавирустан Атырауда 8 адам қайтыс болды. Ауыр жағдайда түскен олардың өмірі үшін күрескен дәрігерлердің үміті ақталмады. Дүниеден өткендерге екіжақты поли­сегментті  пневмония диагнозы қойылған. Індет қаладан аудандарға жетіп, бірнеше аудан карантинге жабылды. Аурудың ірі ошағы болған Жылыой ауданындағы Теңіз кенішінен мыңға жуық індет жұқтырғандар шығып, олар ауруханада ем алуда. Жылыой ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Талғат Хабибуллин карантин режимі мен шектеу шараларын 2-шілдеге ұзарту жөнінде қаулысын жария етті. Қазір Жылыой ауданында қауіпті індетті жұқтырған адамның саны 275-ке жетті, үш адам қайтыс болды. «Жолаушылар тасымалы» АҚ Жылыой ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің шешіміне сәйкес коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында 2020 жылдың 18 маусымы сағат 07.00-ден 2020 жылдың 2 шілдесіне дейін Құлсары стансасына келесі жолаушылар пойыздарына билет сатуға, отырғызуға,түсіруге уақытша тыйым салды. Маусым айының басынан бері Жылы­ой ауданындағы Тереңөзек, Қисымбай, Қызылқоға ауданындағы Кенбай кен орындарында «Ембімұнайгаз» компаниясының   қызметкерлерінен  COVID-19 анықталды. Бұл компанияда басшылық тарапынан қызметкерлердің денсаулығына байланысты жүйелі жұмыс істеліп, жұмысшының барлығы  міндетті скринингтен және  ПТР тесттерін тап­сырып, бақылауға алынған. Облыста тұрғындар тарапынан каран­тин талабын қатаң сақтау тәртібі босаңсып кеткендіктен, карантиндік шектеулер қайтадан күшейтіліп отыр. Тіпті, індетті жұқтыру дерегі  балабақша қызметкерінен анықталған соң барлық мектепке дейінгі мекемелерді жабу туралы шешім шығарылған. Сондықтан  Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Амантай Жұмағалиев «Атырау қаласы мен Атырау облысы аумағында карантиндік шектеу шараларының қолданылуы эпидемиологиялық жағдай толықтай тұрақталғанға дейін созылсын» деген қаулы шығарды. Қаулыға сәйкес, енді түнгі сағат 23.00-ден таңғы 06.00-ге дейін тұрғындар мен жеке көліктердің жүруіне болмайды. Сондай-ақ  ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, отбасылық, еске алу шараларын соның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын, өзге де іс-шараларды өткізуге, қоғамдық орындарға, оның ішінде алаңдарға, саябақтарға, жағалауларға баруға,  меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі балалар ұйымдарының қызметіне тыйым салынып отыр. Қала сыртындағы сауықтыру орта­лықтарының және мектеп жанындағы лагерьлердің, кинотеатрлардың, театр­лардың, көрмелердің, интернет пен ком­пьютерлік ойын клубтарының  және адамдар көп шоғырланатын басқа да нысандардың қызметі тоқтатылды. Сонымен бірге діни нысандар қызметіне және халықтың онда  баруына тыйым салынды.  

COVID-19  1 жасар балалардан да анықталды

 Кеше Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың белгілері бар  17 адам тіркелді. COVID-19 жұқтырған 2 адам  Теңіз кенішінде жұмыс істейтін  мердігер мекемелердің  қызметкерлері. Ал тағы 14 жағдай Атырау қаласынан тіркелді.Олардың дені жас адамдар және 2019 жылы туған екі бала. Олардың үшеуі бұрын инфекция жұқтырған науқаспен байланыста болған, сегізі  скринингтен өту кезінде,  ал қалғандары ЖРВИ белгілерінің болуына байланысты медициналық көмекке жүгінген.Тағы 1 жағдай Жылыой ауданының 1995 жылы туған тұрғынынан  анықталды. Одан COVID-19  скринингтен өту кезінде анықталды. Қолда бар соңғы мәліметіміз бойынша, аймақта COVID-19 жұқтырған 1 379 адам анықталды. Жазылып шыққандар саны – 1 015. Қайтыс болғандар – 8 адам.                   

Қаладағы аурухана науқастарға лық толы

 Атыраудың жұқпалы аурулар ауру­ханасы науқастарға лық толған.
– Скрининг пен тексеру кезінде анықталып жатқан қауіпті дертті жұқтыр­ғандар санының көбеюіне байланысты жұқпалы аурулар ауруханасы толып қалды. Аурухана 180 төсекке есептелген, қазір ол жерде 193 науқас емделуде. Оның жетеуі жансақтау бөлімінде, үшеуі өте ауыр халде жатыр. Келесі аптада біз Махамбет ауданында емделуге арналған төсек-орындар ұйымдастырамыз. Науқастардың бір бөлігі сол жерге жіберіледі, – деп атап өтті Г. Таңбаева.
Оның айтуынша, науқастарды емдеуге қажетті дәрі-дәрмек те, медицина қызметкерлерінің қорғаныс киімдері де жеткілікті. Қазір аурухана қызметкерлері бірнеше қайтара пайдалануға болатын обаға қарсы киім киіп жүр. Сонымен қатар мұнай компаниялары мен ірі ҮЕҰ көмегімен жеке қорғану заттары сатып алынды. Ол тек медицина қызметкерлеріне ғана емес, алғы шепте жүрген полиция, СЭС және басқа да қызметкерлерге  таратылды.  

62 медицина қызметкері қауіпті індет жұқтырды

Бұл туралы онлайн брифингте  облыс­тық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Танбаева мәлімдеді.
– Дәрігерлерде коронавирус инфек­циясын жұқтыру  қаупі басым.  Өйткені COVID-19 індетімен күресте  дәрігерлер, медбикелер, кіші буын медицина қызметкерлері, санитарлар, инфекционист мамандар  алдыңғы шепте жұмыс істеуде.  Көпшілігі бірнеше айдан бері жақындарын  көрмеген. Бұл моральдық тұрғыдан алғанда өте  қиын.  Біз медицина қызметкерлерінің осындай еңбегі мен  кәсібіне адалдығы үшін алғыс білдіреміз.  Қазіргі уақытта  оларға  тәулігіне 6 сағат жұмыс істеу үшін ауысымдық жұмыс әдісі ұйымдастырылған. Сонымен қатар жақсы демалулары  үшін барлық жағдай қарастырылған,  – деді Гүлнафис Танбаева.
 

Арнайы полигон туралы тұрғындар хабарсыз

Атырау қаласында коронавирус дертінен сейсенбі күні қайтыс болған­дарды жерлеу кезінде «Жұлдыз» шағын ауданы тұрғындары жерлеуге қарсы болып, өз талаптарын айтты.  Атырау облыстық Қоғамдық кеңеске шағымдарын жеткізген тұрғындар «Дүниені жайлаған індеттің залалын ескермей, тұрғын үйлердің жанындағы зират ішінен жер бөлу заңсыз деп санаймыз және ол аурудан қайтыс болғандар зираты елді мекеннен қашық, оқшау жерде болуы керек. Жуырда Құлсары қаласынан әкелген адамды жерлеуге байланысты ешқандай сақтық шараларының сақталмағанына куә болдық. Қауым басында бірнеше машина, көп адам, ешбір бақылаушы  санитарлық қызмет мамандары болған жоқ. Халық шу шығарды, оған тоқтам салып, түсіндіретін адамдар жоқ» деп осы мәселені шешуді сұраған. Коронавирус дертінен қайтыс болған­дарды «Орбита» зираты аталып кеткен қорыммен жапсарлас жерлеуді Атырау қаласы әкімдігі шешкен. Ал «Жұлдыз» шағынауданы осы қорымға жақындау орналасқан, тұрғылықты халық саны көп жер үйлер тұрғындарының өтін­іші Қоғамдық кеңес тарапынан оң шешілді.  Облыстық Қоғамдық кеңестің хатшылығына облыстық Дін істері басқармасы індеттен қайтыс болғандарды жерлейтін полигон «Мұқаш» қауымы аумағынан бөлінгенін айтып, ресми жауап берген. Осылайша, індет бар жерде өлім боларын ойлап, қайтыс болғандарды жерлеу орнын дұрыс таңдамаған жауапты адамдардың қателігін тұрғындар жөндеді.             

Індет адам талғамайды

Өкініштісі де сол. Бұл дерттен ешкім сақтандырылмаған. Алғы шепте жүрген журналистерге де қауіп төніп тұр. Caspian News телеарнасының директоры К. Кертаевтың коронавирус инфекциясын анықтауға тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткені – соның айқын дәлелі. Телеканал ұжымының тест қорытындысы бір күннен соң анықталады. Ал телеарнаның жұмыс істеу режимі сынама нәтижесіне байланысты болмақ. Айтарлығы, індет ошағының ортасында жүрген бұрынғы бас санитар, қазіргі күні коронавирусты диагностикалайтын ұлттық сараптама орталығының басшысы қызметіндегі Темірбек Мұсағалиевтың да вирус жұқтырғаны мәлім болды. Облыс филиалының 14 қызметкерінен инфекция анықталды. Сайып келгенде, әлемді әлекке салған індеттен адамдардың өздері ғана сақтанып жүрсе, оның құрығынан құтылып кетуге болады. Ол үшін дәрігерлердің кеңесін алып, әр адам өз отбасында оқшаулануы қажет. Қазіргі күні жергілікті атқарушы билік тарапынан халыққа түсіндіру жұмыстары  жүргізілуде. Карантиндік талапты сақтаудың маңыздылығын әлі де түсінбей жүргендердің өзгелерге кесірі тимесе деген тілек бәрімізде.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы