Игі іске жол ашқан жайт
Игі іске жол ашқан жайт
5,117
оқылды
Бір-бірімен емен-жарқын жолығудың, қол беріп амандасудың маңызын түсіндірді. Жастар отбасы дейтін құндылық той-томалақта емес, күнделікті тіршілікте екенін ұқты. Той демекші, карантин кезінде жиын-той өткізуден бас тартып, қаржыны кәдеге жаратқандар да бар. Алдымен, политолог Оралбек Өтеғұловтың той өткізуді 5 жылға шектеу туралы ұсынысы еске тү­седі. Қазіргі жағдайдың нәтижесі осыған әкеле жатқан сыңайлы. Бірақ шешімді көптің қабылдары белгілі. Елімізде карантин ереже­сіне сай 30-50 адамға той жасауға болады. Әрине, әкімдіктің арнайы рұқсаты керек. Қуанышқа кел­ген­дер 2 метр арақашықтық сақтап, медициналық бетперде таққаны жөн.  

Ішкі қалауым орындалды

Алғашқы кейіпкеріміз ­Ме­руерт (аты-жөні өзгертілді – авт.) каран­тинде ұзату тойын өт­кізу үшін әу­реге түскен. Ал­ға­шын­да тойханаға 30 адамды шақыруды жоспарлаған. Кейіннен 2 метр қашықтықты ес­керсе, стол саны кәнігі тойдағыдай болатыны, шығын да соған сай шығатынын түсінген. Артынша үйде кішігірім ғана сырға салу рә­сімін өткізуге шешім қабылдаған. Той салта­натына келгенде, ата-ана мен жастардың пікірі екіге бөлін­ген. Ата-анасы карантиннен соң дүр­кіретіп той өткізуді ойлаған екен.
«Ата-анамызды көндіру қиын­ға соқты. Өзім бұрыннан жиын-тойға, артық шығын шығаруға қар­сымын. Голливуд фильм­дерін­дегідей шағын салтанат өткенін қалайтын едім. Бұл ұсынысты кү­йеуім де қолдай кетті. Сөйтіп, неке қию рәсімін өткізіп, Каспий жағасында фотосессия ұйымдас­тырдық. Өте әсерлі болды. Ал той­ға кететін қаражатты шағын биз­несімізді дамытуға жұмсамақ­пыз. Күйеуімнің шағын ғана Play­station ойын орталығы бар. Сол орынды кеңейтіп, табыс кө­зіне ай­нал­дыр­мақпыз. Әрине, каран­тин біт­кен­ше құрылыс жұ­мысы мен дизайнға көңіл бөлеміз. Оның үстіне, дәм­ханамыз бар. Оны да қазіргі стан­дартқа сай етіп әрлегіміз келеді», – дейді кейіпкеріміз.
 

Карантин көп жастың көзін ашты

Төтенше жағдай жарияланбас бұрын ел «Рауза» сериалында бас­ты рөлді сомдаған Жарқынай Ханайым мен Айдар Асқарбектің отау құратынын естіп, қуанған-ды. Талантты әнші арудың ұзату тойы дүркіреп өтті. Жанкүйерлері той болар күнді асыға күтті. Алайда карантин күшейіп, сын сағат туған шақта олар той уақы­тын кейінге қалдырған.
«Әке-шешеміздің ниеті үлкен той жасап беру болды. Біз де кө­п­пен бірге осындай той жасамақшы болдық. Содан кейін карантин қиындықтары басталды. Ел ақша таба алмай қиналып жатқанда, ойнап-күлудің жөні жоқ деп шеш­тік. Қауіпті кезеңде тойды ойлауға шамамыз келмеді. Жақында­рымыздың, еліміздің амандығын тіледік. Әлі де солай ойлаймыз. Бастысы, әлемді жайлаған індет­тен аман шықсақ екен», – дейді әнші Жарқынай Ханайым.
Ол «тойдан бұрын жастардың мақсаты – бақытты отбасының ір­гетасын қалау» екенін айтты. Той­дың болу-болмауы маңызды еме­сін алға тартты. Өзі айтқан құн­ды­лық­қа алаңдайтынын жа­сыр­мады.
«Карантин көп жастың көзін ашқан сияқты. Шығынсыз, әке-шешесін қинамай, бас қосуға боларын көрсетті. Осыдан кейін той шегеріледі, оған кететін шы­ғын азаяды. Сондықтан төгіп-шашусыз, тойсыз-ақ бақытты болуға болады. Әрине, шығын шықпай, кіріс кірмейтіні тағы бар. Бірақ тойға деген қаражатты ортақ отбасылық бизнеске, үйге салса деймін. Соған баспананың бас­тапқы жарнасын төлеп, болашақ отбасының іргетасын қалаған­дарды көрсем, қуанамын», – дейді Жарқынай Ханайым.
 

Ортақ бизнес ашамыз

Журналист Жадыра Бағашар жақында ғана отау құрды. Жас жұ­байлар тойға кететін ақшаны бас­қа мақсатта жаратуды жоспар­лаған. Олар тойға деп бөлінген ақшаны ортақ бизнес ашуға жұмсамақ.
«2020 сәтті сан деп ойлаймын. Біз жолдасым екеуміз тойға кететін ақшаға өз кәсібімізді ашамыз. Үй бар, көлік бар, жұмыс бар жетпей тұрғаны осы сияқты. Тойға кететін бір күндік ішіп-жемнің орнына өмір бойына жететін қорек көзін ойлап тапсақ ештеңеден ұтылмайтын сияқтымыз. Қазір екеумізде еңкейіп тұрған жоқпыз, сондықтан күнімізді жарық ететін жарқын жаққа ұмтылуымыз керек. Қазір осы жоспар үшін біз жұмыс істейміз, кейін бұл біз үшін жұмыс істейтін болады», – дейді журналист Жадыра Бағашар.
Алматыдағы №12 орталық кли­никалық ауруханада жұмыс істейтін Гүлім Ерболқызы маусым айында тұрмысқа шықты. Мо­йын­құмда шағын беташар рәсімін өткізген жастар көп өтпей Ал­матыға қайтты. Өйткені осындай қауырт шақта Гүлім Ерболқызын қызметі күтіп тұр. Қазір оны той салтанатынан гөрі науқастардың жағдайы алаңдатады.
«Қыз ұзату салтанатын жақын­дарымның арасында өткіздік. Артынша Мойынқұмға барып, ата-ана, ағайын-туыстың батасын алдық. Жолдасым да менің жұмы­сымның маңызын түсінеді. Сөй­тіп, 2-3 күннің ішінде Алматыға жол жүрдік. Қазір елдегі жағдай шие­ленісіп тұр. Науқастың жағ­дайы кезек күттірмейді. Қолым­нан келгенінше көмектескім келеді», – дейді Гүлім Ерболқызы.
Жоғарыда сан кәсіп иесі болғанымен, жағдай мен тілек бір. Олар жастардың ысыраптан аулақ болып, жаңа қоғамға бейімдел­генін қалайды. Келешекте отба­сы­ның көрінісі мен беделі той-томалақта емес, қиын шақта сы­наларын түсінсе дейді. Кейіпкер­лердің сөзі бір жерде тоғысты. Олардың ойынша, тойдағы сән-салтанатты әрі кетсе 1 апта айтар, ал қалған уақыттағы атмосфераны құру өз қолыңда. Материалдық құндылық таразы басында сал­мағы басым заманда жастардың жағдайды реттегені абзал екен. Пандемия салдарынан кор­теж, love story түсіру, аста-төк дас­тарқан мен үлкен тортқа ке­те­тін шығын қысқарды. Той өткізген күннің өзінде ысырапқа орын жоқ. Тойшыл ел миллиондап қа­ражат жұмсамай, әнші-биші шақырмай-ақ отбасылық мереке ұйымдастыруды үйренген сияқты. Сонда дастарқан басында жақын­ның ақжарма тілегі, үлкеннің ба­тасы мен жастардың алып ұшқан көңілі бас қосады. Мұндай жерде көңіл марқайып, ішкі күйдің үйлесім тапқанын сезесің.  

Айбике ЖАНАСЫЛ