Бір-бірімен емен-жарқын жолығудың, қол беріп амандасудың маңызын түсіндірді. Жастар отбасы дейтін құндылық той-томалақта емес, күнделікті тіршілікте екенін ұқты. Той демекші, карантин кезінде жиын-той өткізуден бас тартып, қаржыны кәдеге жаратқандар да бар. Алдымен, политолог Оралбек Өтеғұловтың той өткізуді 5 жылға шектеу туралы ұсынысы еске түседі. Қазіргі жағдайдың нәтижесі осыған әкеле жатқан сыңайлы. Бірақ шешімді көптің қабылдары белгілі. Елімізде карантин ережесіне сай 30-50 адамға той жасауға болады. Әрине, әкімдіктің арнайы рұқсаты керек. Қуанышқа келгендер 2 метр арақашықтық сақтап, медициналық бетперде таққаны жөн.
Ішкі қалауым орындалды
Алғашқы кейіпкеріміз Меруерт (аты-жөні өзгертілді – авт.) карантинде ұзату тойын өткізу үшін әуреге түскен. Алғашында тойханаға 30 адамды шақыруды жоспарлаған. Кейіннен 2 метр қашықтықты ескерсе, стол саны кәнігі тойдағыдай болатыны, шығын да соған сай шығатынын түсінген. Артынша үйде кішігірім ғана сырға салу рәсімін өткізуге шешім қабылдаған. Той салтанатына келгенде, ата-ана мен жастардың пікірі екіге бөлінген. Ата-анасы карантиннен соң дүркіретіп той өткізуді ойлаған екен.«Ата-анамызды көндіру қиынға соқты. Өзім бұрыннан жиын-тойға, артық шығын шығаруға қарсымын. Голливуд фильмдеріндегідей шағын салтанат өткенін қалайтын едім. Бұл ұсынысты күйеуім де қолдай кетті. Сөйтіп, неке қию рәсімін өткізіп, Каспий жағасында фотосессия ұйымдастырдық. Өте әсерлі болды. Ал тойға кететін қаражатты шағын бизнесімізді дамытуға жұмсамақпыз. Күйеуімнің шағын ғана Playstation ойын орталығы бар. Сол орынды кеңейтіп, табыс көзіне айналдырмақпыз. Әрине, карантин біткенше құрылыс жұмысы мен дизайнға көңіл бөлеміз. Оның үстіне, дәмханамыз бар. Оны да қазіргі стандартқа сай етіп әрлегіміз келеді», – дейді кейіпкеріміз.
Карантин көп жастың көзін ашты
Төтенше жағдай жарияланбас бұрын ел «Рауза» сериалында басты рөлді сомдаған Жарқынай Ханайым мен Айдар Асқарбектің отау құратынын естіп, қуанған-ды. Талантты әнші арудың ұзату тойы дүркіреп өтті. Жанкүйерлері той болар күнді асыға күтті. Алайда карантин күшейіп, сын сағат туған шақта олар той уақытын кейінге қалдырған.«Әке-шешеміздің ниеті үлкен той жасап беру болды. Біз де көппен бірге осындай той жасамақшы болдық. Содан кейін карантин қиындықтары басталды. Ел ақша таба алмай қиналып жатқанда, ойнап-күлудің жөні жоқ деп шештік. Қауіпті кезеңде тойды ойлауға шамамыз келмеді. Жақындарымыздың, еліміздің амандығын тіледік. Әлі де солай ойлаймыз. Бастысы, әлемді жайлаған індеттен аман шықсақ екен», – дейді әнші Жарқынай Ханайым.Ол «тойдан бұрын жастардың мақсаты – бақытты отбасының іргетасын қалау» екенін айтты. Тойдың болу-болмауы маңызды емесін алға тартты. Өзі айтқан құндылыққа алаңдайтынын жасырмады.
«Карантин көп жастың көзін ашқан сияқты. Шығынсыз, әке-шешесін қинамай, бас қосуға боларын көрсетті. Осыдан кейін той шегеріледі, оған кететін шығын азаяды. Сондықтан төгіп-шашусыз, тойсыз-ақ бақытты болуға болады. Әрине, шығын шықпай, кіріс кірмейтіні тағы бар. Бірақ тойға деген қаражатты ортақ отбасылық бизнеске, үйге салса деймін. Соған баспананың бастапқы жарнасын төлеп, болашақ отбасының іргетасын қалағандарды көрсем, қуанамын», – дейді Жарқынай Ханайым.
Ортақ бизнес ашамыз
Журналист Жадыра Бағашар жақында ғана отау құрды. Жас жұбайлар тойға кететін ақшаны басқа мақсатта жаратуды жоспарлаған. Олар тойға деп бөлінген ақшаны ортақ бизнес ашуға жұмсамақ.«2020 сәтті сан деп ойлаймын. Біз жолдасым екеуміз тойға кететін ақшаға өз кәсібімізді ашамыз. Үй бар, көлік бар, жұмыс бар жетпей тұрғаны осы сияқты. Тойға кететін бір күндік ішіп-жемнің орнына өмір бойына жететін қорек көзін ойлап тапсақ ештеңеден ұтылмайтын сияқтымыз. Қазір екеумізде еңкейіп тұрған жоқпыз, сондықтан күнімізді жарық ететін жарқын жаққа ұмтылуымыз керек. Қазір осы жоспар үшін біз жұмыс істейміз, кейін бұл біз үшін жұмыс істейтін болады», – дейді журналист Жадыра Бағашар.Алматыдағы №12 орталық клиникалық ауруханада жұмыс істейтін Гүлім Ерболқызы маусым айында тұрмысқа шықты. Мойынқұмда шағын беташар рәсімін өткізген жастар көп өтпей Алматыға қайтты. Өйткені осындай қауырт шақта Гүлім Ерболқызын қызметі күтіп тұр. Қазір оны той салтанатынан гөрі науқастардың жағдайы алаңдатады.
«Қыз ұзату салтанатын жақындарымның арасында өткіздік. Артынша Мойынқұмға барып, ата-ана, ағайын-туыстың батасын алдық. Жолдасым да менің жұмысымның маңызын түсінеді. Сөйтіп, 2-3 күннің ішінде Алматыға жол жүрдік. Қазір елдегі жағдай шиеленісіп тұр. Науқастың жағдайы кезек күттірмейді. Қолымнан келгенінше көмектескім келеді», – дейді Гүлім Ерболқызы.Жоғарыда сан кәсіп иесі болғанымен, жағдай мен тілек бір. Олар жастардың ысыраптан аулақ болып, жаңа қоғамға бейімделгенін қалайды. Келешекте отбасының көрінісі мен беделі той-томалақта емес, қиын шақта сыналарын түсінсе дейді. Кейіпкерлердің сөзі бір жерде тоғысты. Олардың ойынша, тойдағы сән-салтанатты әрі кетсе 1 апта айтар, ал қалған уақыттағы атмосфераны құру өз қолыңда. Материалдық құндылық таразы басында салмағы басым заманда жастардың жағдайды реттегені абзал екен. Пандемия салдарынан кортеж, love story түсіру, аста-төк дастарқан мен үлкен тортқа кететін шығын қысқарды. Той өткізген күннің өзінде ысырапқа орын жоқ. Тойшыл ел миллиондап қаражат жұмсамай, әнші-биші шақырмай-ақ отбасылық мереке ұйымдастыруды үйренген сияқты. Сонда дастарқан басында жақынның ақжарма тілегі, үлкеннің батасы мен жастардың алып ұшқан көңілі бас қосады. Мұндай жерде көңіл марқайып, ішкі күйдің үйлесім тапқанын сезесің.
Айбике ЖАНАСЫЛ