Ауысым барысында түрлі мерекелік іс-шара өткізілді. Мысалы, «Киномандар» атты танысу кеші, топ визиткасын қорғау кеші, «Жастар» педагогикалық тобымен танысу ән-би кеші, «Бизнес сити» ойыны, «Көгілдір от! Камера стоп! Түсірілді!» театрлық фарс қойылым сайысы, «Балдәурен ережелері» вайн байқауы, «Балалар ойнайды, біз ойнаймыз» залмен музыкалық ойын байқауы, «Цирк алаңы», чирлидинг байқауы өтті. Астана күніне орай «Нұр-Сұлтан – 2050» архитектуралық макеттер байқауы, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сондай-ақ орталықта Домбыра күніне айрықша мән берілді.
2018 жылы Елбасы шешімімен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланды. «Балдәурен-Қапшағай» республикалық оқу-сауықтыру орталығы мерекені жоғары деңгейде атап өтті. 300-ге жуық бала флешмобқа қатысып, домбыра фигурасын жасады. Кешкі салтанатта демалушылар орталықты күймен тербетті. Ұлттық аспапта бірнеше күй тартылып, дәстүрлі ән әуеледі. Іс-шара мақсаты – бала бойына ұлттық тәрбие беріп, рухани дамуға жол ашу.
Сонымен, қатар ауысым барысында журналистика мен блогерлікке қызығатын балаларға арналған арнайы шеберлік сыныптары өткізілді. Нәтижесінде, балалар мақала жазып, видеоблог пен фотосурет түсіруді үйренді. «Менің тобымның ерекшеліктері» атты инста пост байқауы өтіп, жеңімпаздар анықталды.
Айбике ЖАНАСЫЛ