Таразда ашынған жұмысшылар базардың ашылуын талап етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Куәгерлер редакциямызға видео жіберді, онда наразы халық Тараз базарында жиналғанын көруге болады. Қала тұрғынының айтуынша, олар базардың жабылуына қарсы болған. Облыс әкімдігі Тараздағы базарларда қызметкерлерден коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдар тіркелгенін түсіндірді. Сондай-ақ, мониторинг топтарының тексерісі барысында бірқатар базарда санитарлық, экологиялық және өртке қарсы қауіпсіздік шараларының бұзылғаны анықталған. "Осыған байланысты Тараз қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері анықталған ереже бұзушылықтарды жою үшін 20 және 21 маусымда базарлардың жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл ақпарат базар иелеріне жеткізілді. Алайда базарлардың бірінің әкімшілігі қызметкерлерге тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген. Осыған байланысты базар қызметкерлері наразылық білдіріп, түсінбеушілік танытты", - деді әкімдіктің баспасөз қызметі өкілі. Хабарламада базар қызметкерлерімен облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков кездескені айтылған. Кездесу қорытындысы бойынша, екі тарап анықталған ереже бұзушылықтарды жоюға және карантин шараларын сақтай отырып, базар жұмысын жалғастыру туралы келісімге қол жеткізді. Сондай-ақ, аталған базар қызметкерлерінің кәсіподағымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кездесіп, халықтың денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық санитарлық талапты сақтау қажеттігін түсіндірді.