ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама мен мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалының басшысы Жанар Сүлейменова ПТР тестілеуге қатысты сын-пікірлерге жауап берді. «Соңғы 3 күнде интернетте тестілеудің халық үшін үлкен проблемаға айналғаны жазылуда. Алайда зертханаларды тест жасай алмайды деп сынамастан бұрын мына нәрсеге назар аударуларыңызды сұраймын. Үш айда елдегі зертханалар қуаты тәулігіне 6 мыңнан 30 мың тестке дейін артты. Бастапқыда зерттеуді Ұлттық сараптама орталығы ғана жүргізсе, қазір жеке зертханалар (Олимп, Инвиво, Инвитро және т.б.) тартылды. Медициналық ұйымдар да өз тестілеуін бастады. Жалпы еліміз бойынша 50-ден астам зертхана жұмыс істейді», - деп жазды Ж. Сүлейменова facebook парақшасында. Оның айтуынша, зертхана қызметкерлері 3 ай бойы тәуліктік режимде жұмыс істеп жатыр. ПТР тестілеу қымбат процедура және сұраныс аса көп болмағандықтан, мамандар да өте аз болған. «Ұйқысыз түндер мен үлкен жүктеме, вирус жұқтыру қаупі үлкен жерде зертхана қызметкерлері үндемей жұмыс істеп келеді. Вирус жұқтырғандары емделіп, қайтадан қатарға қосылады. Дозатормен жұмыс істей алатын, тамшыны дұрыс тамызатын лаборантты аз уақытта даярлау қиын, бәріне тәжірибе керек. Анализді өңдейтін ең қысқа уақыттың өзі 6-8 сағат жұмысты талап етеді. ПТР - жалпы қан анализі емес, бұл нуклеин қышқылының бөлінуін, вирустың генетикалық бөлігін ұстау үшін көшірмелерін көбейтуді талап ететін қиын процесс», - деп атап өтті орталық басшысы. Сонымен бірге, маман зертханадағы құрал-жабдықтардың техникалық жағдайы мәз еместігін айтты. «Зауыттан жаңа құрал-жабдық алуға да біраз уақыт керек. Үздіксіз қолданылып жатқан құралдар тез ескіреді. Мұның бәрі зертхана жұмысына ықпал етеді. Зертханалық тестті медициналық қызметкер ауру белгілері болған жағдайда тағайындайтынын ұмыттық. Қазір ерінбеген адамның бәрі, басы ауырса, бизнес-кездесу өткізетін болса, жұмысқа шықса тест тапсыратын болды. Оның нәтижесін тез шығару үшін араға танысын салады. КВИ зертханалық тесті мәнін жоғалтты және өткізу билетіне айналып барады. Дәл осы кезде шын ауырған адамдар зертханалық тестке жете алмай отырғанын ойға алайық», - деп жазды Ж. Сүлейменова.