Кездесуде мұнай-газ секторындағы ынтымақтастықтың саналуан мәселелері талқыға салынды. Бұл ретте Солтүстік Каспий жобасында қазақстандық мазмұнды арттыруға, Қазақстан аумағында жаңа өндірістер ұйымдастыру және технологиялар беру үшін бірлескен компанияларды дамытуға ерекше назар аударылды. Жаңартылатын энергия көздерін өркендететін бірлескен жобалар да қаралды.
Премьер Асқар Мамин бірлескен жобаларды іске асырудың маңызды әлеуметтік әсері барлығын атап өтті. Бұлар бірінші кезекте жаңа білікті жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы жергілікті халықты нәтижелі жұмыспен қамтамасыз етуге ықпал етпек.
Үкіметтегі келіссөздер қорытындысында құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Маңғыстау облысындағы «Дунга» мұнай кен орны бойынша құжаттарды Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «Total барлау және өндіру» компаниясының Каспий және Оңтүстік Еуропа бойынша вице-президенті Бернар Клеман, «Оман Ойл барлау және өндіру» директоры Абдул Уахаб әл Булуши, «Партекс Ойл және Газ» басқарма мүшесі Фернандо Алвеш өз қолдарымен бекітті.
Келісімге сәйкес, «Дунга» кен орнының өнімін бөлу туралы келісімшарттың мерзімі 15 жылға – 2024 жылдан 2039 жылға дейін ұзартылады, бұл қосымша 9 млн тоннадай мұнай өндіруге мүмкіндік бермек. Тараптар «Дунганы» игерудің 3-фазасын іске асыру жөнінде де келісімге келді, оның аясында компаниялар 300 млн долларға жуық инвестиция құюға міндеттеме алды. Бұл мұнай өндіруді жылына қазіргі 600 мың тоннадан 850 мың тоннаға дейін ұлғайтады.
Құжаттың маңызды шарты сол, кірісі мол өнім саласында Қазақстанның үлесі қазіргі 40%-дан 2025 жылдың 1 қаңтарына қарай 60%-ға дейін артпақ. Құжатта өндірілген мұнайдың бір бөлігін еліміздің ішкі нарығына жеткізу және жыл сайын кемінде 1 млн доллар көлемінде әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру бойынша компаниялардың міндеттемелері бектіліп отыр.
Сондай-ақ Энергетика бірінші вице-министрі М.Досмұхамбетов, «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орынбасары Қ.Есқазиев және ENI Орталық Азия аймағы бойынша атқарушы вице-президенті Лука Виньяти Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Абай» теңіз учаскесінде бірлескен қызмет аясында көмірсутектерді барлау және өндіру үшін жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойды.
Бұл жобаларды іске асыру арқасында Каспий теңізінің елімізге тиесілі бөлігіндегі мұнай мен газды анықтап, өндіруге салынатын инвестициялар өседі. Құжатқа сәйкес, «Абай» учаскесінде көмірсутекті барлау және өндіру контрактісі бекітілді. Ол теңіз түбіне 2 500 метр тереңдікке алғашқы іздеу-барлау бұрғысын салуды, 700 шақырым аумағында сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізуді және жалпы сомасы 14 млрд теңгеге өзге жұмыстарды қолға алуды қарастырады.
Жалпы, келісімді іске асыру жобаның Қазақстан үшін экономикалық тиімділігін арттыруға; мұнайсервистік компаниялардың қосымша жұмыс көлеміне қол жеткізуіне; өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді.