Қолымыз қалт ете қалса, телефонға телміретін әдетіміз емес пе? Әлеуметтік желіде арбаға таңылған ана мен баланың суретін көріп, бірден сол парақшаға кірдім. Мақсаттың сал ауруымен өмірге келген анасы Айсараның қилы тағдыры жайлы аз-кем сөз қозғаған жазбасынан кейін оқырманы көбейе түсті. Желідегі жұрт басқа түскен қиындыққа мойымаған қайсар ана мен ес білгелі оған қамқор болып келе жатқан баласына қарап еріксіз сүйсініп, ет жүрегі елжіреді. Одан бері арада біраз уақыт өткен еді. Бір күні жекесіне жолдаған хабарламама жауап келмеген соң, іштей «көрмеген шығар, мүмкін мүлде жауап бермейтін де болар» деп түйдім. Алайда арада 2-3 күн өткенде кейіпкер өмір жолы жайлы тарқатып айтып беруге келісті. Бұдан кейін де бірер күн күтуге тура келді. Өйткені ол анасының жанынан көп ұзай алмайтын еді. Түсінікті болу үшін бәрін басынан бастайық.
Арман құшағындағы Айсара
Орындалған арман
Қатарлас құрбылары бойжетіп, өмірлік серігін тапты. Ана атанып жатқандары да бар. «Шіркін, мен де осындай керемет сезімге бөленсем ғой!» дейді үмітін үзбей. Бірақ дәрігерлердің балалы бола алмайтынын нықтап айтқанын есіне алды. Ішкі рухы мықты еді бәрібір. Басына түскен сынаққа төзе білді. Тағдырына налып, өмірден баз кешіп кеткен жоқ. Бала асырап алмақшы болып, Балалар үйіне барды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың бала асырап алуына рұқсат жоқ екен. Сонда да тәуекелге бел байлап, талай есікті қақты. Өкініштісі, бұл әрекетінен ештеңе шықпады. Енді не істейді? Өмір бойы қу тізесін құшақтап өтпек пе? Ата-анасы болса қартайған, ал бауырлар үйлі болып, өз жөнімен кеткен. Қалған өмірін жалғыздықпен өткізгісі келмеген қыз ойлана келе әке-шешенің рұқсатын алып, маңызды шешім қабылдады. Бұл жолы басын үлкен қатерге тікті. Сәби сүйсем деді. Көпшіл, мейірімді қыздың әңгімесі жарасатын достары да аз емес. Ортасына сыйлы, абыройлы азаматпен жақсы араласып жүргеніне біраз уақыт болған. Шыққан тегін, өскен ортасын бір кісідей біледі. Баласына әке болатын адам... Иә, соны таңдады. Балалы болған соң оның мойнына ешқандай міндет жүктемейтін болып келісті. Осыдан кейін бақытына орай, Айсараның бойына бала бітті. Арбаға таңылған қыздың өміріне мән кіргендей болды. Бірақ арпалысқа толы күндер әлі алда екен. Жүктілік кезінде жергілікті перзентхана тіркеуге қоюдан, босандырудан түбегейлі бас тартты. Ал дәрігерлер бұл жаңалықты естігеннен өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, айқайға басты. Қанша тырысқанымен, ақ халаттылар Айсараны баланы алдыруға көндіре алмады.– Жамбыл облысы Шу қаласындағы «Жібек жолы» мектеп-лицейінде 9-сыныпқа дейін оқыдым. Бәрі қатал болатын. Сабақты түсінбейінше үйге қайтпайтынбыз. Түске дейін оқитынбыз. Сабақ біте салысымен үйге асығамын. Өйткені сырқат анам күтіп отыр. Келгесін дереу тамақ әзірлеп беремін. Басқа да үй тірлігі бар. Сосын базарға барып майда-шүйде заттар әкелемін. Мен сабаққа кеткенде анам үй ауласында тұрып сол заттарды сататын. Анама оңай болмады. Өйткені оның тілін ешкім түсінбейтін, ақша қайтарғанда қиналды. Бірақ қолынан келгенше тырысып, жұмыс істей берді. Достарым күнде футбол ойнауға шақыратын. Бірақ анамнан, үй тірлігінен босай алмаймын. Аптасына бір рет қана 1-2 сағатқа барамын. Бір күні оған да кешігіп қалдым. Барсам ойын аяқталыпты. Әрине, көңіл күйім түсті, жыладым. Небәрі 6 жастамын. Бірақ дәл осы кезде анамның 12 жасында еңбектегенін, ал өз аяғымен ешқашан жүрмегенін есіме алдым. Бұл кезде анамның әке-шешесі, яғни менің нағашы ата-әжем бұл өмірде жоқ. Анама менен басқа ешкім қамқор бола алмайтынын түсіндім, – деп еске алады Мақсат.Мақсат 12-ге келгенде бір танысы кір жуатын машина алып береді. Демалыс күні күн ұзақ кір киімдерді жуатын ол бұған қатты қуанды. Аздап көшеге шығатын болды. Көргенде көзіне оттай басылатын бұл машина үйінде әлі тұр екен. Қазір де Мақсатқа көмектесіп келеді.
– Үй тірлігін істеуді анамның өзі үйретті. Бәрін айтып, қадағалап отыратын. Анам қатал болды. Тазалықты жақсы көреді. Қазір де солай. Шаруашылыққа да жақын. Шағын бақшамыз болды. Түрлі жеміс-жидек егетінбіз. Мен 6 жасқа толғанда анам 40-та еді. Осы уақыттан кейін денсаулығы нашарлай бастады. Мен де осы кезде ес жинап, шаруаға икемделдім. Бұл да Құдайдың бұйрығы шығар, – дейді ол.
Фильм түсіру – мақсатым
Арманы мен өмірін анасының жолында құрбан етуге дайын. Бірақ күні-түні ауыратын адамның күтімін жасап, үйден шықпай отыру оңай емес қой. Бір күні өзінің барлық жағынан әлсірей бастағанын сезді. Сонда да шыдап келеді. Шыдап жүре берер ме еді, анасының қиналған көз жасын көрмегенде. Амал жоқ, өзін ыңғайсыз сезінсе де бар күшін жинап, басындағы жайды жұртқа айтуға тура келді. Қуанышқа орай, ана мен баланың оқиғасын естіген ел оларды рухани, материалдық тұрғыда қолдады. Екеуін бүгінгі күннің батырына балады. Мұндайды анасы да, баласы да күтпеген еді. Мейірімді адамдар алға қарай жүруге көмектесті. Мақсат ең алдымен анасын емдетті. Емнің шипасы болып, анасының беті бұрынғыдан бері қарады.– Әкемнің кім екенін білемін. Ол кісі де мені таниды. Бір-бірімізді сирек көреміз. Анаммен келіскендей, оған ешқандай шағымым жоқ, ешнәрсе күтпеймін, талап етпеймін. Өзінің отбасы бар, – дейді Мақсат.Рас, адам деген темір емес қой, мойындау керек. Анасына қарап келе жатқанына 21 жыл болыпты. Бүгінде өзінің денсаулығы да сыр бере бастаған.
– Өмір деген жақын адамдарыңмен мәнді ғой. Шаршай бастасам, анамның жүзіндегі мейірімді, күлкіні көріп шабыт аламын. Ол қазір қозғалмай, төрт қабырғада қамалып отырса да, өмірдің әрбір сәтін бағалай біледі, көңілді болуға тырысады. Адамдарға ерекше мейіріммен қарайды, ашық-жарқын. Дұрыс сөйлей алмаса да, телефонмен хабарлама жаза алады, керек затына тапсырыс бере алады. Туған күнімде мені сыйлықсыз қалдырған емес, – дейді кейіпкеріміз.Мақсаттың ендігі арманы – қазақ халқының, оның ішінде аналардың даналығын, қайсарлығын әлемге паш ететін фильм түсіру. Бұл ойынан қазақстандық режиссер Асхат Маемиров пен ресейлік режиссер Сергей Дворецкий хабардар. Әрине, бұл істің жүзеге асуына жан-жақты қолдау қажет-ақ.
Біз баяндаған оқиға сондай фильмнің сюжетіне сұранып тұр емес пе?! Сіз не дейсіз?– Бәрі уақыттың еншісіндегі дүние. Әлемдік нарыққа шығатын, адамға ой салар сапалы фильм болса деймін, – дейді Мақсат Айманов.
(Фото: Мақсат Аймановтың жеке мұрағатынан алынды)