«Зерен-2019» республикалық танымдық жастар жазғы лагері 4 шілдеде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы ісі комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметтің жетекшілігімен салтанатты түрде ашылды. Сонымен қатар, жиынға «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Асылбек Қожахметов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мүсірәлімова мен Зеренді ауданының әкімі Берікжан Әбутәлiпов қатысты. Лагерьдің мақсаты – жастарды Қазақстанның барлық өңірінде нақты іске асатын, орнықты, әлеуметтік бағыттағы бизнес жобаларды жүзеге асыруды үйрету. Лагерь жастардың жаңа қырынан тануына, соның ішінде ауыл жастарының экономикалық және әлеуметтік сатыларға қол жеткізуіне көмектесу үшін ұйымдастырылған.
– Бүгін біз еліміздің ең көрікті жерінде көптен күткен, ең ауқымды «Зерен-2019» жобасын бірге бастау үшін жиналдық. Сіздерді қызықты оқу үдерісіне толы күндер, ең бастысы – өз болашақтарыңызға қарай қадам жасау мүмкіндігі күтіп тұр. Лагерьде сіздерге жол көрсетіп, қай бағытта әрекет ету керек екеніне жол сілтейтін тәлімгерлермен, бизнес-спикерлермен емін-еркін араласа алуларыңыз үшін барлық жағдай жасалған, – деді Мадияр Қожахмет.
Ұйымдастырушылардың деректеріне сүйенсек, лагерьге қатысу мүмкіндігі 18 бен 29 жас аралығындағы Қазақстанның кез келген азаматына және ТМД-ның әр елінен 5 қатысушыға берілген. Лагерь үш маусымға бөлінген. Әр маусымда 200 қатысушыдан болады. «Зерен-2019» лагерінде тұру және білім алу тегін. Бірінші ауысым 3-11 шілде аралығында, екінші ауысым 13-21 шілдеде, үшінші ауысым 23-31 шілде аралығында өтеді. Барлық қатысушы өз идеясын жүзеге асыру мүмкіндігіне қол жеткізеді немесе лагерь тәлімгерлерінің жетекшілігімен мүлде жаңа жоба жасай алады. Негізгі бағыттар: азаматтық қоғамды дамыту, кәсіпкерлік дағдылары, жасыл экономика, креативті экономика және жаңа медиа салалары.
Жобаның бірегейлігі – ашық диалог алаңы болатындығында, онда танымдық үдерістің барлық қатысушысы сарапшылармен бірге стартаптар жасайды, орындалған жұмыстар қорытындысы бойынша өз бизнес-жобаларын таныстырады.
Білікті сараптамалық қазылар алқасы қатысушылар жасаған жобаларды іріктейді. Үздік 30 жоба қаржыландырылады, ал жалпы жүлде қоры – 15 миллион теңге.
Алматы облысынан келген қатысушы Ақбота Жарылқасынның айтуынша, осындай ауқымды, әрі маңызды жобаға қатысу шын мәнінде болашаққа берілген жолдама.
– Алматы облысынан өз жобаммен келдім. Қазір оны орындаудамын және нақты не істеу керек екенін білетін білікті маманның кеңесі жетпей тұр. Зерендіге келген соң, өзіме тәлімгер таптым. Жеңіске жетіп, жобамды еліме таныстыруды армандаймын және оған барлық мүмкіндігім бар деп ойлаймын. Жастарды қолдауға арналған «Зерен-2019» тәрізді жобалар мемелкет тарапынан үлкен қамқорлық, оның үстіне тегін қатысып, 9 күн бойы жемісті жұмыс істеу мүмкіндігің бар. Жастардың бәріне өз күшін байқап көруге, байқауларға қатысуға қорықпауға, қатысуға өтініш беріп, жарып шығуға кеңес беремін. Себебі солай етсек қана біз өзімізді көрсете аламыз, – деп Ақбота алған әсерімен бөлісті.
9 күннен кейін, бірінші ауысымның соңында жеңімпаздардың аты белгілі болады. Нәтижесінде олардың жобаларына қаржы бөлініп, жүзеге асыру басталады. Осы ауысымда өз ісінің нағыз майталманы саналатын сарапшылар қатысушылар алдында сөз сөйлеп, тәжірибесімен бөліседі. Олардың қатарында Қазақстанның мемелкеттік және қоғам қайраткері Әлихан Байменов, қазақстандық танымал альпинист Мақсұт Жұмаев, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев, «Bilim Media Group» компаниясының негізін қалаушы және жетекшісі Рауан Кенжеханұлы, саясаттанушы Дос Көшім және басқалар бар.