Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері тағы да көбейді
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері тағы да көбейді
Фото: Интернеттен алынды
252
оқылды
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 қаңтардан бастап Қазақстанда көпбалалы отбасыларға арналған жеке жәрдемақы енгізілді. Жәрдемақы – төрт және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасыларға арналған. Мемлекеттен берілетін көмектің мөлшері бала санына байланысты. Мәселен, төрт және жеті баласы бар отбасылар 44 448 теңгеден 77 784 теңгеге дейін ала алады. Бұл жәрдемақы елімізде 392 мың отбасына төленді. Алайда, қолданыстағы ережелер жәрдемақы алушылардың белгілі бір санатының мүдделеріне нұқсан келтірді. Себебі, 16 баласы бар отбасы 7 баласы бар отбасы сияқты жердемақы мөлшерін алатын.
«Аталмыш олқылықты жою үшін Мемлекет басшысы биыл 13 мамырда 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға арнайы жәрдемақы мөлшерін белгілеген заңға қол қойды. Сонымен, 8 балалы отбасы үшін жәрдемақы – 88 896 теңге, 9 балаға – 100 008 теңге, 10 балаға – 111 120 теңге, 11 балаға – 122 232 теңге, 12 балаға – 133 344 теңге, 13 балаға – 144 456 теңге, 14 балаға – 155 568 теңге, 15 балаға – 166 680 теңге, 16 балаға – 177 792 теңге мөлшерінде белгіленген».
Бүгінде ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық департаменттерінің шемімімен жәрдемақы мөлшерін ұлғайту бойынша 1092 жоба бекіді. Бала санының өзгеруіне байланысты, оның ішінде жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім нысанының күндізгі бөлімінде оқитын (23 жасқа дейін) балаларды есепке ала отыра жәрдемақы мөлшері қайта есептеледі. Жаңа талап бойынша бекітілген жәрдемақыны көпбалалы отбасылар биыл 1 шілдеден бастап алады.