Қарағанды облысындағы түрмеде күніне 100 келі көкөніс беретін жылыжай өндірісі жолға қойылды
Қарағанды облысындағы түрмеде күніне 100 келі көкөніс беретін жылыжай өндірісі жолға қойылды
Фото ашық дереккөзден алынды
314
оқылды
Қарағанды облысында жазасын өтеп жатқан азамат күніне 100 кг көкөніс беретін жылыжай жұмысын жолға қойды. Қарағанды облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті «Еңбек» РМК-мен бірлесіп колонияларда сотталғандарды жұмысқа тартып, жалақы төлейтін өндірістерді іске қосқан. ҚАЖД АК-159/18 мекемесінде жазасын өтеп жатқан жас жігіт университетте биология факультетін 3 курста тастап кеткен екен. Бүгінде жаза басып, тағдырдың жазуымен қамауға алынған азамат алған білімін кәдеге жаратып, мерзімін тиімді өтеуге мүмкіндік алып отыр. Колонияда жылыжай бұрыннан бар, онда өсірілген өнім мекеменің қажеттілігін ғана өтейтін. Кейіннен колония әкімшілігі сотталушының жеке басын зерделей келе, оның білімі мен дағдыларын ескере отырып, мекеменің жылыжайынан жұмыс ұсынады. Нәтижесінде жас жігіт көкөніс өсіру саласында өзінің әлеуетін көрсеуге мүмкіндік алды. Жас жігіт жылыжай алаңын зерттеп, өсірілетін өнімді есептеп, өндірісті ұлғайту туралы мәселе көтереді. Бақшашының ұсыныстары қолдау тауып, өсірілетін өнім артып, жылыжай күніне 100 кг-ға дейін өнім беретін болды. Осылайша жалпы ауданы 373,9 шаршы метрді құрайтын жылыжайда қызанақ, баклажан, қияр және басқа да көкөніс дақылдары жыл бойы өсіріледі. Ал өсірілген өнім сауда орындарына шығарылады. – Қарағанды облысының климаты ерекше. Бұл топырақта түрлі көкөніс дақылдарын, әсіресе жылуды, жарық пен ылғалды жақсы көретіндерді өсіруге қолайсыз.  Сондықтан, жылыжайда өнім өсіру маңызды, – дейді жазасын өтеуші. Қазір ол басқа сотталушылармен бірге әртүрлі сортты көкөністер өсіруге кірісті. Жас жігіт өз тәжірибесін басқа сотталушылармен бөлісіп, дағдыларын жетілдіруде. Бұл болашақта оны мерзімінен бұрын шығуына әсер етуі мүмкін.

Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы