Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли коронавирустан емделіп, ауруханадан шықты.
- Ауруханадан бүгін шықтым. Дәрігер қорытындысында менің жағдайым жақсарып келе жатқаны айтылады. Маған коронавирус инфекциясы диагнозы қойылды. Денсаулығым ауыр деп бағаланды. Екі жақты пневмонияны тіркеді, бес күн бойы жансақтау бөлімінде жаттым, - деді Берік Уәли.Оның айтуынша, енді ол үйде қатаң карантин режимінде болады. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы әлі де дәрігерлердің бақылауында болады, отбасы мүшелерімен тікелей байланысқа тыйым салынған.
Жалпы, осыдан кейін дәрігер мені әрі қарай хаттама мен келісілген тәртіпке сай қарап, тексеретін болады, - деді Берік Уәли.Ауруханадан босап шыққан Берік Уәли қашықтан жұмысын жалғастыра береді
- Мен ауруханада жұмыс істедім, сол секілді қашықтықтан жұмысымды жалғастыра беремін, - деді ол.Сөз соңында Берік Уәли дәрігерлерге, мейірбикелер, сондай-ақ барлық медициналық қызметкерлерге өз алғысын білдірді.
- Кеше бізде медицина қызметкерлері күні болды. Олардың бәрін де қаһарман жандар дегім келеді. Олардың кейбіреулері бірнеше айдан бері отбасыларын көрмеген. Олар шынымен де мықты адамдар, - деп сөзін қорытындылады ол.