Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ, қоғам қайраткері:
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан деген мемлекетті әлемге танытты. Соның кеңестік кезеңде жолымыз түйісті. Бірге болдым. Ол кезде бірінші хатшы бір елдің басшысы болатын. Онда Елбасымыз жас, әлі елу жасқа толмаған еді. Оның өмірге деген көзқарасы ерекше еді. Ол өзінің алғырлығымен, көтерген мәселелерімен, шешендігімен, елдің назарын өзіне аудара алды. Нұрсұлтандай азаматтың келгеніне халық қуанды, оған сенді. Бұл жаңалықты халық жақсы қабылдады. Әйтпесе, 1986 жылы көтеріліс Колбиннің келуінен шықты. Сол кезде «ұлты басқа болса да, неге қазақстандық біреу сайланбады?» деген ой еді. Бүгінде, осы отыз жылдың нәтижесінде, Елбасы халықтың сенімін ақтады деп айтуға болады.
Орталық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі едім. Қайта құру кезеңі. Компартияның жұмыс әдістері бұрынғы қалыптасқан нәрседен өзгерді. Ол кезде аппаратта 18 бөлім болатын. Соның бәрі қысқарып, жетеуі қалды. Үлкен реформа сол кезден басталды. Сонда Қазақ коммунистік партиясының өз бағдарламасы, қаулысы қабылданды. Бұл дегеніміз – өзін-өзі басқару жүйесіне көше бастағанымыз еді.
1991 жылы Кеңес Одағы тарқатылып, тәуелсіздігімізді жарияладық. Әрине, қиын кездер болмады емес, болды. Мекемелер жұмыс істемей, ел арасында жұмыссыздық пайда болды. Уақытында жалақы, жәрдемақы төленбеді. Өмір сүрудің өзі қиындап кетті. Мемлекет саяси да, экономикалық та, барлық жағынан кризиске ұшырады. Онда 12-шақырылымдағы Жоғарғы кеңестің депутаты едім. Сонда жаңа заңдар қабылдадық. Тәуелсіздігімізді жарияладық. Президентті сайладық. Тәуелсіз мемлекетімізге қатысты барлық рәмізді тағайындадық. Осының бәрі жай ғана өте салған жоқ. Үлкен дискуссия арқылы қазақ тілінің мәртебесін көтердік. Атақты академик Салық Зиманов, Сауық Тәкежанов, Әбіш Кекілбаев секілді тағы да алып азаматтардың арқасында түсіндіру жұмыстары жақсы жүргізілді.
Жалпы, ол уақытта жас мемлекет қандай болатынын білмедік. Тұңғыш Президентіміздің талантына, көрегендігіне қарай, басқа мемлекеттерге қарағанда көп нәрсені тез игеріп кеттік. Оның бәрі – Елбасының стратегиялық жоспарларының арқасы. Сол уақытта қабылданған «Қазақстан – 2030» стратегиясы, қазір іске асып жатқан «Қазақстан – 2050» бағдарламасы тәуелсіз мемлекетті орнықтырды. Соның арқасында ел экономикасы жоспарлы түрде ақырындап аяғына тұра бастады. Қоғамымызда тұрақтылық пайда болды. Құдайға шүкір, бізде ұлтаралық қақтығыс болған жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлының жүргізген саясатының арқасында бар-жоғы сол кезде 35 пайыз ғана қазақтың шашауын шығармай, халықтың татулығын сақтап қалды.