Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтті
Тарихтың да, тағдырдың да  сынынан абыроймен өтті

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, мемлекет және қоғам қайраткері:

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев – тәуелсіздік туын тіктеген тұлға. Тәуелсіздіктің ал­дында, елең-алаң уақытта, егемендігіміздің алғашқы жыл­дарында ол кісінің қа­сын­да болдым. Сондықтан оның елі, халқы үшін жанын аямай қызмет еткенін білемін. Тә­уел­сіздікті орнатып қана қой­ған жоқ, Қазақстанды әлемге танытты. Мойындатты. Ел би­лігін қолына алған күннен бастап елдің бірлігін, тату­лы­ғын ойлады. Ата-бабамыздан қалған осынау құнды қасие­тімізді көзінің қарашығындай сақтады. Тәубе. Ел арасы бү­лінген жоқ. Соның арқасында Қазақстанды әлем танып, мойындады. Қазақтың есіктегі басы төрге шықты. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейді. Қазақстан халқы түсінді. Ол кісінің еңбегін ба­ғалады. 1991 жылы өткен сай­лаудың саяси жағын басқарған адамның бірімін. Халық шын жүректен, бар ынтасымен ол кісіге дауыс берді. Қазақ­стан­ның беделі артты. Қазір көп­теген елдің алдында абыройы­мыз бар. Жолымыз ашық, даң­ғыл болды. Көз алдымызда демде жер де, ел де, адам да, заман да өзгерді. Күл-талқаны шығып, быт-шыт болып қира­ған өндіріс ошақтары қайта тірілді, жаңа арнаға түсті. Ел есін жиды. Етегін жапты. Ең­сесін көтерді. Халықтың кө­ңілі орнығып, жаңа заманның кәсіп-тіршілігіне көшті. Ұлы далада шым-шытырық, қым-қиғаш, астасқан алуан заман­ның ел басынан өткені де, та­лай дәурен сүргені де рас. Бірақ ХХ ғасырдың аяғында көзіміз көрген, өзіміз ара­лас­қан бүгінгідей ғажайып шын­дықты қазақ халқы бұрын-соңды басынан кешкен емес. Небәрі жиырма сегіз-ақ жылдың ішінде осы байтақ далада бұ­рын-соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет – тәуелсіз Қа­зақстан елі көш түзеді. Осы ұлы көшті Нұрсұлтан Назар­баев бастады. Арғы-бергі за­манда ұлан-ғайыр мемлекет орнатып, халқының көңі­лін­дегісін тауып, көке­йіндегісін істеді. Ол ел тізгінін алма­ға­йып, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде қолына алды. Тарих­тың да, тағдырдың да сы­нынан абыроймен өтіп, халқын да қыл көпірден, жанып тұрған өрттен аман алып шықты. Қазақтың есесін қайтарып, қабырғалы ел етті. Осыншама құдіретті жасап берген Нұ­рекеңнің кемеңгерлігі туралы қалай айтсақ та жарасады. Адам болғасын, өмір озады, уақыт жылжиды, жас келеді. Өзі айтқандай, техниканың қа­рыштап дамыған заманында елді жаңа ұрпақ басқару керек болған шығар. Мен ол кісіні дұрыс шешім қабылдады деп ойлаймын. Нұрсұлтан Назар­баев Елбасы міндетін атқа­руды тумысынан дипломат, ха­лықа­ралық қа­тынасты жақ­сы біле­тін адамға тапсырды. Ендігі жерде Нұр­сұлтан На­зарбаев қолдап, сенім білдір­ген, ел өзі таңдап алған Пре­зидет Қасым-Жомарт То­қаев­ты халық одан ары қолдауы керек.