Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, мемлекет және қоғам қайраткері:
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – тәуелсіздік туын тіктеген тұлға. Тәуелсіздіктің алдында, елең-алаң уақытта, егемендігіміздің алғашқы жылдарында ол кісінің қасында болдым. Сондықтан оның елі, халқы үшін жанын аямай қызмет еткенін білемін. Тәуелсіздікті орнатып қана қойған жоқ, Қазақстанды әлемге танытты. Мойындатты. Ел билігін қолына алған күннен бастап елдің бірлігін, татулығын ойлады. Ата-бабамыздан қалған осынау құнды қасиетімізді көзінің қарашығындай сақтады. Тәубе. Ел арасы бүлінген жоқ. Соның арқасында Қазақстанды әлем танып, мойындады. Қазақтың есіктегі басы төрге шықты. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейді. Қазақстан халқы түсінді. Ол кісінің еңбегін бағалады. 1991 жылы өткен сайлаудың саяси жағын басқарған адамның бірімін. Халық шын жүректен, бар ынтасымен ол кісіге дауыс берді. Қазақстанның беделі артты. Қазір көптеген елдің алдында абыройымыз бар. Жолымыз ашық, даңғыл болды. Көз алдымызда демде жер де, ел де, адам да, заман да өзгерді. Күл-талқаны шығып, быт-шыт болып қираған өндіріс ошақтары қайта тірілді, жаңа арнаға түсті. Ел есін жиды. Етегін жапты. Еңсесін көтерді. Халықтың көңілі орнығып, жаңа заманның кәсіп-тіршілігіне көшті. Ұлы далада шым-шытырық, қым-қиғаш, астасқан алуан заманның ел басынан өткені де, талай дәурен сүргені де рас. Бірақ ХХ ғасырдың аяғында көзіміз көрген, өзіміз араласқан бүгінгідей ғажайып шындықты қазақ халқы бұрын-соңды басынан кешкен емес. Небәрі жиырма сегіз-ақ жылдың ішінде осы байтақ далада бұрын-соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет – тәуелсіз Қазақстан елі көш түзеді. Осы ұлы көшті Нұрсұлтан Назарбаев бастады. Арғы-бергі заманда ұлан-ғайыр мемлекет орнатып, халқының көңіліндегісін тауып, көкейіндегісін істеді. Ол ел тізгінін алмағайып, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде қолына алды. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, халқын да қыл көпірден, жанып тұрған өрттен аман алып шықты. Қазақтың есесін қайтарып, қабырғалы ел етті. Осыншама құдіретті жасап берген Нұрекеңнің кемеңгерлігі туралы қалай айтсақ та жарасады. Адам болғасын, өмір озады, уақыт жылжиды, жас келеді. Өзі айтқандай, техниканың қарыштап дамыған заманында елді жаңа ұрпақ басқару керек болған шығар. Мен ол кісіні дұрыс шешім қабылдады деп ойлаймын. Нұрсұлтан Назарбаев Елбасы міндетін атқаруды тумысынан дипломат, халықаралық қатынасты жақсы білетін адамға тапсырды. Ендігі жерде Нұрсұлтан Назарбаев қолдап, сенім білдірген, ел өзі таңдап алған Президет Қасым-Жомарт Тоқаевты халық одан ары қолдауы керек.