Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлады elbasy.kz. Әңгімелесу барысында Өзбекстан Президенті Елбасына тезірек коронавирус сырқатынан сауығып, бауырлас Қазақстан халқының игілігі жолындағы мемлекеттік қызметіне оралуына тілектестік білдірді. Тараптар екі ел үкіметтерінің коронавирус пандемиясын еңсеруге бағытталған шаралары туралы пікір алмасты. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиёев алдағы кездесулер мен іс-шаралардың кестесін талқылады. Әңгіме соңында Елбасы Өзбекстан Президентіне жылы лебіздері үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы дәстүрлі достық және тату көршілік қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Телефон арқылы сөйлесуге өзбек тарапы бастамашы болды.