Саумал ішіп, сауығуды ойлап жүрсіз бе?
Саумал ішіп, сауығуды ойлап жүрсіз бе?
Фото: Интернеттен алынды
327
оқылды
Алайда оны ішерде неге мән берген жөн? Мамандар кеңесін біле жүргеніңіз артық болмас.      Бие сүтін сауа салысымен жылыдай ішкен дұрыс. Себебі бойындағы дәрумендер сол кезде сақталады. Мамандардың айтуынша, қымыз, шұбат, қандай ұлттық сусын болсын, оның шипасы болу үшін жүйелі ішкен жөн.
–Көбіне тұрақты тұтынуға мән бермейміз. Той-томалаққа, жиынға барғанда пайдалы ғой деп ішіп аламыз. Әрине, бір ішкеннен ем бола салмайды. Керісінше, организмнің қызметін бұзуы мүмкін, – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент, ғалым, профессор Қайрат Исхан.  
Саумал асқазан, өкпе, жүрек ауруларына ем, қан айналымын, ішек жұмысын жақсартуға көмектеседі. Мамандар бір жыл бие сүтін ішсеңіз, туберкулезден айығу мүмкін екенін айтады.  Ал жалпы, денсаулыққа шипасы болсын десеңіз, кем дегенде 15 күн жүйелі  ішкеніңіз жөн.
–Саумал әркімге әрқалай әсер етеді. Алғашқы 1-2 күнде іш жүруі мүмкін. Ал 2-3 күннен кейін тоқтаса, ағза оған бейімделіп, бойға сіңіп жатыр деген сөз. Апта бойы немесе одан да көп уақыт іштің өтуі дұрыс емес. Демек, ағза ұнатпай жатыр, қорыта алмай жатыр. Бұл керісінше, ағзаға зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда денсаулығыңызды тексертіңіз, – дейді ғалым, профессор Қайрат Исхан.
Ғалымдар адамның ұзақ жасауы жеген тағамына байланысты деп болжам жасайды. Ұзақ жасаудың жолын тапқан елдердің көш басында Жапония, Испания, Сингапур, Оңтүстік Корея, Швейцария тұр. Аталған елдерде адамдардың ұзақ өмір сүру жасы орташа көрсеткіш бойынша – 83 жас. Ал Қазақстанда шамамен 72 жас. Әр елдің тамақтану мәдениеті бар. Бұл негізінен, елдің табиғат жағдайына, ұлттық ерекшелігіне байланысты. Осы орайда, әрине ұлттық сусындарымыздың да ұзақ жасауға септігі бар.