Коронавирус жоқ болуы да, тың қарқынмен үдеп кетуі де мүмкін - инфекционист
Коронавирус жоқ болуы да, тың қарқынмен үдеп кетуі де мүмкін - инфекционист
188
оқылды
Қазақстанның жетекші инфекционисі Динагүл Баешева қазақстандықтарды карантин шараларын сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл – толқын емес, үрдістің ағымы іспеттес. Адамдардың өзі басқарады бұл процесті. Жоқ болуы да, тың қарқынмен үдеп кетуі де мүмкін. Бір-бірімізге вирусты қаншалықты тарататынымызға байланысты. Мәселен қатаң шаралар қабылданған, үйден шығармаған кезеңді алып қарайық. Сол кезде вирустың адамнан адамға тарайтыны көп айтылды. Көшеде жылы ма, суық па, аяз ба, аптап ыстық па – вирусқа бәрібір. Себебі ол адам арқылы тарайды», - деді Динагүл Баешева телефон арқылы ҚазАқпарат тілшісіне. Ол мамыр айында ТЖ режимі алынып тасталып, карантин енгізілгенін еске салды. «Адамдар жағдайды әлі толық түсінбеді. Бәлкім, біздің елде мұндай індеттің бұрын болмағаны да, мұндай шаралардың ешқашан қабылданбағаны да себеп болған шығар. Ал мәселен Сингапур, Оңтүстік Корея секілді елдер SARS-ты да, MARS-ты да өткерген. Бір ауыз сөз айтса болды, олар дәрігерлер мен эпидемиологтардың кеңесін бұлжытпай орындайды. Бізде халықтың жартысы шу көтерді. Аштан өлгенше аурудан өлейік дегендер де бар. Қалғаны вирустың жоқтығын айтысып, мемлекет мұны әдейі істеп отыр деп әңгіме таратты. Яғни әркім аузына келгенін айтты. 1 маусымда карантин мен ТЖ режимі алынып тасталып еді, бәрі көшеге шығып, қоғамдық орындарды аралап кетті», - дейді инфекционист. Динагүл Баешеваның сөзінше мыңдаған адам базарға шығып, қыдырып кеткен. «Адамдар ештеңені тыңдамады, ақпаратты қабылдамады. Ақыры бір аптада ғана науқастар күрт көбейіп, ауруды ауыр көтеретіндер де өсіп кетті. Мұның бәрі – инкубациялық кезеңнің аяқталуынан болды. Ештеңеге сенбей, бір-бірімен байланыста, қарым-қатынаста болғандар көбейді. Шара ұйымдастырып, адамдармен байланысты үзбеген сол адамдардың біразы қазір ауыр күйде жатыр. Бұрын қабылданған шаралардың бәрі бір сәтте қирап, аурулардың саны күрт артып кетті», - деді Динагүл Баешева.