Елбасы кітапханасының музейінде «Жастар – ел тірегі» көрмесі өтті. Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы елордалық Суретшілер одағымен бірлесіп, жас суретшілер арасында өткізген байқаудың жеңімпаздары анықталды.
Көрменің негізгі міндеті – «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы Елбасының жасампаз идеяларын іске асыру. Төрт айда кәсіби және әуесқой жас суретшілер «Ұлы даланың ұлы есімдері» тақырыбында сурет салды. Олар Қазақстан тарихындағы аттары аңызға айналған тұлғалардың бейнелері мен аға буынның жетістіктерін қылқалам тілінде баяндады.
Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов жеңімпаздарға шығармашылық табыс тіледі.
– Елбасы кітапханасы мемлекеттік мереке қарсаңында жыл сайын жастар шығармашылығын қолдап, түрлі көрме мен байқау ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Жастар жылында «Жас-тар – ел тірегі» шығармашылық байқауының бірінші кезеңі де мәреге жетті. Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен суретшілер атсалысты. Жастардың ықыласы өте жоғары болғанына қуаныштымыз. Көрмеге қатысқан үміткерлердің авторлық жұмыстарына қарасақ, әлемге әйгілі Ерболат Төлепбай, Амандос Ақанаев, Қазыбек Әжібеков Сембіғали Смағұлов секілді майталман суретшілердің көлеңкесінде қалып қоймай, өзіндік қолтаңбасымен, ешкімге ұқсамайтын айрықша мәнерімен өзгеше екенін байқауға болады. Көңілі мен сезімін түрлі бояумен шебер жеткізе білген дарынды жастарға сәттілік тілеймін, – деді Әмірхан Рахымжанов.
Байқауға Абылай хан, Шоқан Уәлиханов, Бұқар жырау, Дина Нұрпейісова, Бауыржан Момышұлы сияқты тарихи тұлғалар бейнелерімен қатар заманауи танымал есімдер: Роза Бағланова, Геннадий Головкин, Димаш Құдайберген бейнеленген шығармалар да ұсынылған.
«Кескіндемеден» Алмас Орақбаев, «Графикадан» Бейбіт Әсемқұл жеңімпаз атанды. Байқауға қатысушылар сыйлық иеленді.
– Байқауға Димаш Құдайбергенді бейнелеген туындымды ұсындым. Жалпы, суретші өз заманындағы азаматтарды бейнелеуі керек. Тума таланттың бірі – әнші Димаш Құдайберген. Қазақстанда ғана емес, әлемде орны бар тұлға. Картинамды «Ақ жауын» деп атадым. Себебі, «Ақ» деген сөз бір жағынан Димаштың тазалығын білдірсе, екінші жағынан халықтың Димашқа деген ақ пейілін білдіреді. Димаштың әндері адамның жүрегінің түбінде жатқан тылсым сезімді оятады, мен үшін Димаштың әнін тыңдағанда балалық шақтағы ақ жауын жауғандағы сезім келеді», – деді жеңімпаз Бейбіт Әсемқұл.
Майра БАҚЫТ