Алматы облыстық балаларды оңалту орталығының 50-ден астам қызметкері басшылықтың коронавирусқа қатысты тест тапсыруды міндеттегеніне наразы, – деп хабарлайды КТК арнасы. Дәрігерлердің айтуларынша, үш ай карантинде отырғанда жалақы дұрыс төленбей, тиын санап қалған. Ал орталық басшылығы әр медицина қызметкері өзі тұратын тұрғылықты жерінен тегін анализ тапсыра алатынын айтады. Бірақ шыдамы шегіне жеткен ақ халаттылар жұмыс орындарына баса-көктеп кіруге мәжбүр болды. Өйткені басшылық тек диспансерлік есепте тұратын балаларды қабылдайтын орталыққа өз қызметкерлерінің «вирус жоқ» деген анықтама әкелуді міндеттеген. Ал айлап карантинде отырғандар ақылы тестті қай ақшамызға тапсырамыз деп ашулы.
«Кәусар» балаларды фтизиопульмонологиялық оңалту шипажайының мейірбикесі Сәлима Балғали: «Коронавирусқа байланысты тест анализ өткізіңдер, кім өткізбейді, жұмысқа жіберілмейді деп қудалап жатыр. Біз екі жарым ай отырдық. Ақша жоқ. Жаңа жылдан бастап ақша дұрыс алмадық. Жұмысқа келмейсіңдер, төлемсіз еңбек етуге шығасыңдар деп жатыр. Біз онсыз да қыстан бері ақысыз отырдық», – дейді.«Қыстан бері жарытып жалақы да алмадық» дегендер өздері жұмыс істейтін мекеменің атауы өзгеріп кеткенінен бейхабар. Бұрын «Шымбұлақ» деп аталған балаларды фтизиопульмонологиялық оңалту шипажайының қазір «Кәусар» деп аталатынын енді біліп отыр. Тіпті қалтасын қағып, ауруын анықтауға соңғы тиынын санап бергендер де басшылықтан жөні түзу жауап ала алмапты.
«Кәусар» балаларды фтизиопульмонологиялық оңалту шипажайының тіс дәрігері Әсемхан Нұрғалиева: «Мен ПТР тапсырдым. Соның өзінде «ПТР-ыңыз керек жоқ, үйіңізге апарып қойыңыз» деп айтты. Қыздарға ақылы тапсыртқызады, біз ақшамызды төледік, Енді ПТР тесті керек жоқ деп жатыр. Екі ай отырдым. Кредитімді төлей алмадым. Бала-шағам бар бағатын», – деп отыр.Осы мәселеге қатысты «Кәусар» балаларды фтизиопульмонологиялық оңалту шипажайы директорының орынбасары Мариям Бобакидзе: «Сіз қауіпті вирус бар-жоғы белгісіз дәрігерлердің қолына өз балаңызды сеніп тапсыра аласыз ба? Әрине, жоқ. Олар тегін тестті өздерінің тұрғылықты мекенжайы бойынша емханағада барып тапсыра алады. Облысқа сынама өткізу бойынша мүмкіндік қарастыруды сұраған болатынбыз. Бірақ жауап әлі келмеді», – дейді. Басшылықтың айтуынша, 120 қызметкердің жартысы коронавирусқа қатысты тексеріліп, өз жұмысын жалғастырып жатыр. Ал тұрғылықты мекенжайымен тестті тегін тапсыруға барғандардың көбі кері қайтқан. Өйткені арнайы анықтаманы ақысыз алуға мекеме басшылығының өзі тест орталығымен келісімге отыруы қажет.