«Жұмыссыз әрі еріккен ел енді ішкілікке салынады» деп бал ашты білгіштер. Осындай жорамалдарға «елу грамды тартып жіберсең, коронавирус ене алмайды» деген фейк кеңестер де дем берді. Артынша мас жүргізушілер блок-бекеттерге «лап» қоя берді. Бірақ қазақстандықтардың саналылық танытқаны, маскүнемдікке жаппай бой ұрмағаны енді статистика жүзінде белгілі болды. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің дерегінше, 2020 жылғы қаңтар-мамыр аралығында алкогольді ішімдіктер өндірісі барлық дерлік түрі бойынша төмендеген. Тек арақ 3,5%-ға ұлғайып, 8,3 млн литрге дейін жетіпті (2019 жылғы ұқсас кезеңде 8,05 млн литрі жасалған). Биыл 1,2 миллион литр арақ шетелге экспортталды. Сонымен бірге жыл басталғалы шетелден осынша көлемде 1,2 млн литр арақ импортталды. Бұл былтырғыдан 36,6 пайызға кем. 2019 жылғы 5 айда Ресей, Украина және басқа да шет мемлекеттер 1 миллион 923,8 мың литр өнімін қазақстандық араққұмарларға өткізе алған болатын. Демек, «ащы суды» тұтыну бәрібір төмендегені байқалады. Коньяк шығару 4,3%-ға немесе 4,6 млн литрге дейін кеміді. 2019 жылы 4,8 млн литр болған. Табиғи жүзімнен жасалған шарап өндірісі де «минусқа» кетті: өткен жылға қарағанда 26%-ға азайып, 17 миллион 977,5 мың литрі ғана сөреге жол тартты (былтырғы көрсеткіші – 24 млн 307,1 мың литр). Сыра өндірісі 0,6%-ға төмендеп, 261,5 млн литрмен шектелді (2019 жылы – 263 млн). Ликёр және өзге де спиртті ішімдіктер 2 есе құлдырады: 383,7 мың литрі тұтынылыпты (өткен жылы – 760,4 мың литр). Energyprom сарапшыларының дерегінше, арақ өндірісі бойынша Ақмола облысы алда: жалпы көлемнің 34,8%-ы соның еншісінде. Көшбасшыдан теріскейдегі тағы бір өңір – Солтүстік Қазақстан облысы қалыспады: оған 22,7% үлес тиесілі. Үштікті 22,1% көрсеткішімен Алматы облысы тұйықтайды. Алматы ликер-арақ комбинатында 1967 жылы 3, 4 және 5 жұлдызды «Қазақстан» коньягін шығару жолға қойылды. Содан бері бұл салада Алатау бөктеріндегі алып мегаполис алдына қара салмай келеді. Бүкіл нарықтың жартысын – 44,5%-ын өзі олжалады. Алматы облысы үзеңгі қағыстыруға жақын қалды: 36,6%. 14,1% коньякты Шымкент жасайды. Шарап өндірісінің алпауыты – Алматы облысы: биыл Қазақстанда өндірілген 5,9 млн литр шараптың 77,8%-ы соның еншісінде. Сыра өндірісінің алыбы – Алматы: жалпы көлемнің 48,5%-ын иеленіп, сөрелер мен сыраханаларға 126,7 млн литр көпіршікті ішімдік жеткізді. Одан кейін Алматы (21,2%), Қарағанды (13,8%) облыстары келе жатыр. Биыл қазақстандық компаниялар экспортқа шығу сыртында арақ пен ликер бойынша ішкі сұраныстың 81,6%-ын, сыра бойынша 93,7%-ын өздері өтеді. Шараптың ауқымды бөлігі – 30,3%-ы сырттан тасылыпты. Ал коньяк импорты бір жыл ішінде 8 есеге шарықтап шыға келді. Шетелдік коньяктың ішкі нарықтағы үлесі бүгінде 51%-ға жетті. Былтырғы І тоқсанда 89,2% үлес отандық компаниялар қанжығасында болатын.
Елдос СЕНБАЙ