ҰБТ: 120 сұрақ – 140 балл
ҰБТ: 120 сұрақ – 140 балл
288
оқылды
Биыл барлығы 135 мың оқушы мектеп бітірді. 111 мыңнан астамы ҰБТ тапсыруға ниет білдірді. Жаңа ережелер бойынша өткен тестілеу балалардың психологиясына жақсы әсер еткен сыңайлы. 5 кезеңнен тұратын тексеру мен баррикадалық лентаның өзі биылғы ҰБТ-ның ерекшелігін айқындап тұр. Иә, елдегі эпидемиология жағ­дайына байланысты ұлттық бірыңғай тестілеуде ерекшелік ба­сым болды. Таң атпай тестілеу ор­нына жиналатын ата-аналардың қарасы көрінбеді. Оқушылар да өз-өзіне сенімді. Себебі қалтасынан шпар­галка немесе смартфон табылса, ертеңі не боларын біледі. Білім және ғылым министрлігі мәлімдегендей, тестілеушіден аталған заттар табылса, нәтиже жойылып, 1 жыл бойы тест тапсыру мүмкіндігінен айырылады.  

Талабы қатаң тестілеу

21 маусым күні елімізде 51 пунктіде (44-і ауылда) 6,5 мың түлек тест тапсырды. Бұрындары хабар­ланғандай, түлектер баррикадалық лентамен қоршалған тізбек арқылы 5 кезеңнен тұратын тексеруден өтті. Олар 2 метр арақашықтықты сақтап, дезинфекциялайтын тон­нельден өтіп, аяқкиімді залалсыз­дандырды. Содан кейін санитайзермен қолды тазалап, дене қызуын өл­шетті. Тестілеушілердің дене қы­зуын камера мен арнайы ком­пьютер бақылады. Жүйенің артық­шылығы туралы Ұлттық тес­тілеу орталығының директоры Дидар Нұркенұлы айтып берді.
«Ішінде градус өлшейтін жүйе тұр. Жүйеге камера мен ар­найы компьютер кіреді. Камера қашықтықтан жазба жүргізеді. Ин­фра­қызыл картина арқылы оқушы­ның жағдайын бақылаймыз. Егер оның дене қызуы болса, бірден белгі береді. Мәселен, дене қызуы 37,38 градусты көрсетсе, аудиторияға кіргізбейміз. Бүгін бір оқушының дене қызуы 37-ден жоғары болды. Біз оны үйіне қайтардық», – дейді ҰТО директоры Дидар Нұркенұлы.
Ұлттық тестілеу орталығы мәлімдегендей, аудиториядағы адам саны 2 есеге қысқарды. Олар 2 метр арақашықтық сақтап, арнайы орынға жайғасты. Бір аудиторияда шамамен 16-17 түлек тест тапсырды. Аудиторияда қоғамда талқы­лауға түскен калькулятор да болды. Осыған дейін Білім және ғылым министрлігі тестілеу кезінде есеп­теуіш құралды пайдалануға рұқсат берген-ді. Ата-аналардың өтінішімен ҰБТ уақытына 10 минут қосылды. Сонымен, тестілеуші 4 сағат бойы сұрақ кітапшасын белгілей алады.   YBT1 Асхат Аймағамбетов елорда­дағы тестілеу пунктінің бірінде өткен жиында ҰБТ-ның маңызы мен артықшылығын атап, биыл жоғары нәтиже күтетінін жасыр­мады. Әрі жоғарыда аталған ка­лькуля­торға қатысты қоғам пікі­ріне жауап берді.
«Калькулятордың айтарлықтай көмегі тимейді. Баланың функ­ционалдық сауаттылығы жоғары болса, есептеуге де, басқасына да үлгерері анық», – деп кесіп айтты министр.
 

ҰБТ:1-күн

Тестілеуші ҰТО сайтына кіріп, нәтижесін көре алады. ҰБТ-ның алғашқы күні 6 206 талапкердің электронды сертификат алатыны белгілі болды. Жалпы, 21 маусым күні 6 512 адам тестілеуден өтуге өтініш бергенімен, 144 оқушы ҰБТ-ға келмеген. Министрлік мә­лім­дегендей, Қазақстан бойын­ша 2 талапкерден жоғары температура анықталғандықтан, олар тестті басқа күні тапсырады. Ұлттық бірыңғай тестілеудің барысын тәуелсіз сарапшылар қа­дағалады. Әр аудиторияда бейне­бақылау камералары жұмыс істеді. Жоғарыда атап өткендей, қатысушылар ережелерді сақтау туралы арнайы міндеттемемен танысты. Өзінде тыйым салынған заттардың жоғы туралы құжатқа қол қойды. Қол қойды дегенімізбен, ҰБТ-ның бірінші күні 160 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырыл­ды. Министрлік мәліметіне сүйен­сек, 73 тестілеуші тыйым са­лын­ған заттарды өзімен бірге алып кіруге тырысқан. 87 талап­кер ереже бұзғаны үшін аудито­рия­дан қуылған. Талапты сақтамаған­дар­дың дені Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тіркелген. ҰБТ-ның ішкі аурасын тест тапсырған түлек қана айта ала­ды. Сондықтан С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық уни­вер­ситетінде тестілеуге қатысқан бірнеше оқушыны әңгімеге тарт­тық.
«Тестілеу қиын болған жоқ. Мүлдем қобалжыған жоқпын. Бәрі жақсы өтті. Күмән мен қобалжу ғимараттың сыртында қалған сияқты. Бұрындары ҰБТ-ның атын естігенде қорқыныш басым болатын. Іс жүзінде бәрі басқаша екен. Архитектор болғым келеді. Сондықтан тестілеуді екі пәннен тапсырдым. Келген сұрақтарды ескерсек, сәтті тапсырған сыңай­лымын», – дейді 62 мектеп-лицей­дің түлегі Владислава.
Байқағанымыз, тестілеуге кіргенімен, көбі қандай мамандық таңдарын білмейді. Бұл жайт бізді қайран қалдырды. «Неге?» деп сұрағанымызда, «бұл қиын сұрақ» деп жауап қайтарды. Не дерімізді білмей тосылып қалдық. Сонда оқушының мамандық таң­дай алмауына кім кінәлі? Әрине, араларында мамандық мәсе­лесін шешкендері де бар. Бірақ оқушының 11 жыл мектепте оқып, мамандық таңдай алмауы трагедия емес пе? Қош, 22 маусым күні 10 007 талапкер тест тапсырады. 161 пунк­тің 77-сі (68-і ауылды жерде) тес­тілеушілерді қабылдайды. Айта кетерлігі, ҰБТ-ны онлайн трансляция арқылы бақылауға бо­ла­ды. Ереже бұзу әрекетін бай­қа­саңыз, Ұлттық тестілеу орталығы сайтына жазба қалдыра аласыз. Жауаптылар бейнебақылау каме­ра­­ларындағы жазбаны 25 та­мызға дейін қарап, тексереді. Егер оқу­шының ереже бұзғанын байқаса, тест нәтижесі жойылады.  

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ