Биыл барлығы 135 мың оқушы мектеп бітірді. 111 мыңнан астамы ҰБТ тапсыруға ниет білдірді. Жаңа ережелер бойынша өткен тестілеу балалардың психологиясына жақсы әсер еткен сыңайлы. 5 кезеңнен тұратын тексеру мен баррикадалық лентаның өзі биылғы ҰБТ-ның ерекшелігін айқындап тұр. Иә, елдегі эпидемиология жағдайына байланысты ұлттық бірыңғай тестілеуде ерекшелік басым болды. Таң атпай тестілеу орнына жиналатын ата-аналардың қарасы көрінбеді. Оқушылар да өз-өзіне сенімді. Себебі қалтасынан шпаргалка немесе смартфон табылса, ертеңі не боларын біледі. Білім және ғылым министрлігі мәлімдегендей, тестілеушіден аталған заттар табылса, нәтиже жойылып, 1 жыл бойы тест тапсыру мүмкіндігінен айырылады.
Талабы қатаң тестілеу
21 маусым күні елімізде 51 пунктіде (44-і ауылда) 6,5 мың түлек тест тапсырды. Бұрындары хабарланғандай, түлектер баррикадалық лентамен қоршалған тізбек арқылы 5 кезеңнен тұратын тексеруден өтті. Олар 2 метр арақашықтықты сақтап, дезинфекциялайтын тоннельден өтіп, аяқкиімді залалсыздандырды. Содан кейін санитайзермен қолды тазалап, дене қызуын өлшетті. Тестілеушілердің дене қызуын камера мен арнайы компьютер бақылады. Жүйенің артықшылығы туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Нұркенұлы айтып берді.«Ішінде градус өлшейтін жүйе тұр. Жүйеге камера мен арнайы компьютер кіреді. Камера қашықтықтан жазба жүргізеді. Инфрақызыл картина арқылы оқушының жағдайын бақылаймыз. Егер оның дене қызуы болса, бірден белгі береді. Мәселен, дене қызуы 37,38 градусты көрсетсе, аудиторияға кіргізбейміз. Бүгін бір оқушының дене қызуы 37-ден жоғары болды. Біз оны үйіне қайтардық», – дейді ҰТО директоры Дидар Нұркенұлы.Ұлттық тестілеу орталығы мәлімдегендей, аудиториядағы адам саны 2 есеге қысқарды. Олар 2 метр арақашықтық сақтап, арнайы орынға жайғасты. Бір аудиторияда шамамен 16-17 түлек тест тапсырды. Аудиторияда қоғамда талқылауға түскен калькулятор да болды. Осыған дейін Білім және ғылым министрлігі тестілеу кезінде есептеуіш құралды пайдалануға рұқсат берген-ді. Ата-аналардың өтінішімен ҰБТ уақытына 10 минут қосылды. Сонымен, тестілеуші 4 сағат бойы сұрақ кітапшасын белгілей алады.
«Калькулятордың айтарлықтай көмегі тимейді. Баланың функционалдық сауаттылығы жоғары болса, есептеуге де, басқасына да үлгерері анық», – деп кесіп айтты министр.
ҰБТ:1-күн
Тестілеуші ҰТО сайтына кіріп, нәтижесін көре алады. ҰБТ-ның алғашқы күні 6 206 талапкердің электронды сертификат алатыны белгілі болды. Жалпы, 21 маусым күні 6 512 адам тестілеуден өтуге өтініш бергенімен, 144 оқушы ҰБТ-ға келмеген. Министрлік мәлімдегендей, Қазақстан бойынша 2 талапкерден жоғары температура анықталғандықтан, олар тестті басқа күні тапсырады. Ұлттық бірыңғай тестілеудің барысын тәуелсіз сарапшылар қадағалады. Әр аудиторияда бейнебақылау камералары жұмыс істеді. Жоғарыда атап өткендей, қатысушылар ережелерді сақтау туралы арнайы міндеттемемен танысты. Өзінде тыйым салынған заттардың жоғы туралы құжатқа қол қойды. Қол қойды дегенімізбен, ҰБТ-ның бірінші күні 160 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Министрлік мәліметіне сүйенсек, 73 тестілеуші тыйым салынған заттарды өзімен бірге алып кіруге тырысқан. 87 талапкер ереже бұзғаны үшін аудиториядан қуылған. Талапты сақтамағандардың дені Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тіркелген. ҰБТ-ның ішкі аурасын тест тапсырған түлек қана айта алады. Сондықтан С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде тестілеуге қатысқан бірнеше оқушыны әңгімеге тарттық.«Тестілеу қиын болған жоқ. Мүлдем қобалжыған жоқпын. Бәрі жақсы өтті. Күмән мен қобалжу ғимараттың сыртында қалған сияқты. Бұрындары ҰБТ-ның атын естігенде қорқыныш басым болатын. Іс жүзінде бәрі басқаша екен. Архитектор болғым келеді. Сондықтан тестілеуді екі пәннен тапсырдым. Келген сұрақтарды ескерсек, сәтті тапсырған сыңайлымын», – дейді 62 мектеп-лицейдің түлегі Владислава.Байқағанымыз, тестілеуге кіргенімен, көбі қандай мамандық таңдарын білмейді. Бұл жайт бізді қайран қалдырды. «Неге?» деп сұрағанымызда, «бұл қиын сұрақ» деп жауап қайтарды. Не дерімізді білмей тосылып қалдық. Сонда оқушының мамандық таңдай алмауына кім кінәлі? Әрине, араларында мамандық мәселесін шешкендері де бар. Бірақ оқушының 11 жыл мектепте оқып, мамандық таңдай алмауы трагедия емес пе? Қош, 22 маусым күні 10 007 талапкер тест тапсырады. 161 пунктің 77-сі (68-і ауылды жерде) тестілеушілерді қабылдайды. Айта кетерлігі, ҰБТ-ны онлайн трансляция арқылы бақылауға болады. Ереже бұзу әрекетін байқасаңыз, Ұлттық тестілеу орталығы сайтына жазба қалдыра аласыз. Жауаптылар бейнебақылау камераларындағы жазбаны 25 тамызға дейін қарап, тексереді. Егер оқушының ереже бұзғанын байқаса, тест нәтижесі жойылады.