Тест тапсырмай шаттанба...
Тест тапсырмай шаттанба...
Қолында тест нәти­жесі болмаған жүкті аналарды перзентхана қабыл­дамайды. Құнын қымбатсынып, тестілеуден өтпеген бұқара өкілдерінің дерті ушығып кетуде. МӘМС-ке табысының елеулі бөлігін аударып жүрген азаматтардың тегін тесттен қағылуы олар­дың наразылығын тудырып жатыр. Қазақстан осы аптада шетел­ден коронавирус инфекцияcын анықтауға арналған 1,2 мил­лион­нан астам ПТР-тест сатып алады. Өткен аптада елде небәрі 390 мың­дай тест-жүйе қалыпты. Со­ның 200 мыңдайы – Нұр-Сұлтан мен Алматыда. Оның көбі тесті­леуді тек ақылы жүргізетін жеке­мен­шік зертханалар қолында. «Қазіргі кезде елде тәулігіне шамамен 28 мыңға жуық тестілеу өткізіледі. Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті 30 мыңға дейін жеткізуді жүктеді. Премьер-Ми­нистрдің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында барлық облыстың және үш мегаполистің әкімдеріне жекеменшікті қоса алғанда, қолда бар инфрақұрылымды тегіс жұ­мылдырып, медициналық ұйым­дарда қосымша ПТР лабора­ториялар ашу туралы тапсырма беріл­ді. Егер бұл жүзеге асса, зерт­­ханалық диагностика қолже­тімді бола түседі», – деді Ден­сау­лық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева. Ол кеселдің клиникалық және эпидемиологиялық белгілері бар адамдар басымдықты түрде тес­ті­леуден өтуі керегін баса айтты. Әйт­песе, дамыған елдердегідей, тіпті көрші Ресейдегідей қалаған адамның бәрін тестілеуге біздің Үкіметтің қауқары да, құралы да жоқ. Мысалы, шенділердің бірінің аузынан шыққан «бұл қазақ қо­наққа барады да, артынша тест тап­сыруға жүгіреді» деген күңкіл сөзі әлеуметтік желіде ащы күлкі мен қатаң сын туғызды. Шетелден әкелінетін 1,2 млн тест тек 40 күнге жетеді. Жақында «ой­лап тапты» деп жар салынған отандық тест-жүйелер әзірге өнер­кәсіптік ауқымда жасау саты­сына шыға алмапты.  

Тесттің жоғы тіленші етті

Мадина Хитуова – жүктіліктің 39-шы аптасындағы ана. Айы-күні жетіп тұр.
«Перзентхана COVID-19 виру­сын анықтау үшін анализ тап­сыр­ғаным туралы анықтама талап етуде. Аяғым ауырлағанда ем­ха­на­ға есепке тұрғанмын. Ондағылар жүктіліктің 36-аптасында тесті­леу­ден өтіп, перзентханаға сол анық­тамамен баруым керегін ха­бар­лады. Содан 4 маусымда ана­лиз тапсырып, коронавирустың жо­ғын білдім. Енді ПТР-тесттің нәтижесі перзентханаға түскен күні 7 тәуліктен асып кетпеуі қа­жет екені белгілі болды. Әне-міне туа­мын деген жағдайдамын. Алай­да ондай тест тапсыру мүмкін бол­май тұр. Емханамда талдау алу­ға қажетті құтылар бітіп қалып­ты. 19 маусымда емханадағылар зерт­хананың алдағы сәрсенбіге дейін жұмыс істемейтінін жеткізді. Мұндай жағдайда аналар не істе­мек? Баяғыдай үйде босана ма?!» деп ашынады ана.
Әрине, вирустан ада екенін рас­тайтын қағазы жоқты қа­был­дап, перинаталдық орталықтар өзге аналардың басын қауіпке тіге алмайды. «Сол да мәселе ме? Емханада жағ­дай жоқ болса, жеке зертханада ақылы өтпей ме?» дер біреулер. Бі­рақ олар да еш кепілдік бер­мей­ді. Біріншіден, тест нәтижесін екі-үш күн, тіпті бір апта ұстауы мүм­кін. Екіншіден, мүлдем бер­мей қоятын кезі де кездеседі.
«Мен Шымкенттегі Темірлан тас­жолы бойында орналасқан Invivo лабораториялар желісінің бөлімшесінде коронавирусқа тест тапсырдым. Содан бері біраз күн өтті, жауап жоқ. Телефонына қоңы­рау шалсам, көтермейді. Сай­­тындағы чатқа жазсам, еле­мейді. Билік жеке зертханаларға осын­дай маңызды құзыр бермес бұрын клиенттер сауалына жауап бе­руге міндеттемегені қынжыл­тады. Мемлекет онсыз да тегін тес­тілеумен қамтамасыз етпеді. Ал маған бұл анықтама өте қажет бо­лып тұр. Онсыз жұмысқа шыға алмаймын», – дейді Александр Куцкий.
Оксана Аристова күйеуі Ан­дрей­дің жағдайына алаңдайды.
«Жұбайыма кеше шұғыл түрде опе­рация жасалуы тиіс еді. Коро­навирусқа арналған жұғын-мазок­ты қалалық емханаға алдын ала тапсырдық. Нәтижесі күні бүгінге дейін дайын емес», – дейді. Жағ­дайымыз күтпейтінін айтып түсін­дірсек, ұғынатын адам жоқ» деген Теміртау қаласының тұрғыны Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың көмегіне жүгінді. Министрдің өзі бүгінде ау­ру­ха­нада осы індеттен емделіп жатқа­ны мәлім.
  test1 Ұлттық экономика министр­лігінің маманы Анар да корона­вирус жұқтырыпты. Ол дертке шал­дыққанын о баста білмеген. 14 маусымда онда тұмаудың бел­гілері пайда болады.
«Мемлекеттік қызметкерлерге Пре­зидент Іс басқармасының ем­ха­насы қызмет көрсетеді. 15 мау­сымда дәрігердің қабылдауында бол­дым. Бұл емханаға ризамын. Уақытында COVID-19 талдауын тап­сыруға бағыттады. Ертесіне таңғы 9-да бойымда КВИ бар екені анықталды. Балаларым болса, «Медикер» емханасында тір­келген. Төрт балам бар. 16 мау­сым­да телефон шалып, бол­ған жайды баяндадым. Ешкім де үйге келген жоқ. «Медикер» ЖШС қызметкерлері анализ алу үшін құты-пробирка жоғын сыл­таурат­ты. Және қашан болатыны да бел­гісіз көрінеді. Үш балам да ауыра бастады. Белгілері тұмауға ұқ­сай­ды. Шынында, не екенін біл­­­мейміз», – дейді Анар.
 

Лаборанттың халін кім ойлар?

ДСМ Ұлттық қоғамдық ден­саулық сақтау орталығының са­нитарлық-эпидемиологиялық сараптама мен мониторинг ғы­лы­ми-практикалық орталығы фи­лиалының басшысы Жанар Сү­лей­менова зертханалардың жаман жақ­тарын ғана көре бермей, же­тіс­тіктеріне де мән беруге ша­қыра­ды. «Мысалы, елімізде 1 тәулікке жа­салатын тест саны 3 ай ішінде ғана 6 мыңнан 30 мыңға дейін артты. Осылайша, айына шама­мен 1 миллион тест жасалады. Бас­тапқыда мұндай зерттеулермен тек Ұлттық сараптама орталы­ғы­ның лабораториясы ғана айна­лы­сатын. Енді тестілеуге «Олимп», Invivo, Invitro және басқа да жеке ме­дициналық зертханалар қа­ты­су­да. Бірқатар медициналық ұйым да тестілеуді жолға қоюда. Тұтас­тай алғанда, Қазақстанда 50-ден аса лаборатория жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта монополия да жоқ, өзара бәсекелестік те жоқ. Бәріміз бірлесіп, елді тестілеумен қамтуға жұмылудамыз», – деді ол. Ж.Сүлейменова вирусоло­гия­лық және ПТР зертханалар қыз­меткерлері наурыздан бері тәулік бойы жұмысқа көшкеніне назар аудартты. «Полимераздық тізбекті реак­ция (ПТР) әдісі диагностикалау­дың аса қымбат түрі саналады. Бұл саланың кадрлармен жабдықталуы әрдайым төмен болатын. Себебі бұған дейін ондай тестілеуге деген сұраныс аз еді. Сондықтан осы әдісті меңгерген барлық лаборант жұмысқа тартылып отыр. Оларға да оңай емес, ұйқысыз түндер, шектен тыс жүктеме. Ерігіп жүр­ген ешқайсысы жоқ. Оны азсын­саңыз, нуклеин қышқылын қол­мен бөліп алу – үнемі мұқият болу­ды талап ететін өте күрделі іс. Инфекциясы бар материалмен жұмыс істеу де үлкен қауіп. Зерт­ханашы әріптестеріміз әлеу­меттік желіде шуламай, проблемасын жаһанға жария етпей, үнсіз ғана іс тындыруда. Олардың арасында да  COVID-19  жұқтырып  алғандар бар. Маман тапшы болғандықтан, емделіп шыға сала қайтадан қа­тар­ға тұрып жатыр», – деді  Жанар Сүлейменова. Зертханашылардың айтуын­ша, ПТР талдау – баршаның көзі үйренген жалпы қан талдауы, тіпті қан биохимиясы емес. Бұл – өте күр­делі процесс: алдымен нуклеин қышқылын бөліп алу, содан соң оның көшірмелерін көбейту ке­рек. Бұл вирустың генетикалық ма­териалының бөлшектерін «ұс­тап алу» үшін жасалады. Талдауды орын­дауға 6-8 сағат жұмсалады. Әрине, экспресс-тест деген бар, бірақ ол көбіне, асқына бастаған дерт­ті ғана әшкерелейді. Зертха­налық ПТР тестілеу оған қараған­да дәлірек. Қажетті жабдықтар мен қон­дырғылар да қарқынды пайда­лану­ға шыдамай, бұзылып қала­тын көрінеді. Оны жөндеу, запас бөлшектерін тауып ауыстыру ла­бораториялардың өткізу қа­біле­тіне кері әсер етеді. Бұған қоса, зерт­­ха­налар да санитарлық ре­жим­­ді және биоқауіпсіздік талап­тарын қатаң сақтауға міндеттелген. Сәйкесінше, жұмысын доғарып, есік-терезесін қымтап, нысанды, қон­дырғыларды жоспарлы сани­тар­лық өңдеу шараларын жүр­гізеді. Ондай күндері тестілеу са­ны 15 мыңға дейін құлдырайды. Сал­дарынан, қабылданған сына­малар мен берілмеген нәтижелер қордаланып қалады. Бұл қоғамда өткір сын дүмпуін туғызады. Пандемия барлық елге, сон­дай-ақ медицинаның әр саласына сы­н болды. Коронавируспен күрес аяқталмай, бұл сынақтан олар­дың қалай шыққанын айту қиын. Оның үстіне, Қазақстанда індет тек күш алып бара жатқаны аң­ғарылуда. Ендеше COVID-19 тес­тінің қымбаттығына, МӘМС қорының өз қатысушыларын оны­мен тегін қамтудан қалыс қал­ғанына қатысты сын пікірлер тас­қыны үдей беруі мүмкін.  

Елдос СЕНБАЙ