Bek Air ісі: билет құнын қайтара алдыңыз ба?
Bek Air ісі: билет құнын қайтара алдыңыз ба?
Комитеттің мұн­дай шешім қабыл­да­уына тұтынушылардан түс­кен толассыз өтініш се­беп болған. Жауапты ор­ган тағы да өтініш тол­тырып, ақшамды қайта­ра­мын дегендерге сұраныс жіберудің үлгісін ұсынды. Естеріңізде болса, өткен жы­лы 28 желтоқсанда Bek Air әуе­компаниясының лицензиясы тоқтады. Содан бері компания ұшақтары әуеге көтерілген жоқ. Нәтижесінде, алдын ала билет алып, барар жерін белгілеп қой­ған тұтынушылар сан соғып қалды. Сауда және интеграция министрлігінің ақпаратына сү­йенсек, 17 маусымнан бастап атал­ған комитетке 20 шақты шағым түскен. Дені Bek Air-ден ақшасын қайтарып алғысы келеді. Өз кезегінде Тұтынушы­лар­дың құқығын қорғау комитеті азаматтардың құқығын қор­ғаймыз деп отыр. Қазір комитет адвокаттары Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотында Bek Air әуекомпаниясына қатысты екінші сот ісіне қажетті мате­риал­дарды дайындап жатыр. Комитет ісіне сіз де өз үлесі­ңізді қоса аласыз. Егер Bek Air-ден билет алып, ақшасын қай­тара алмай жүрсеңіз, өтініш тол­ты­руы­ңыз керек. Осы үшін Электронды үкімет порталы мен Тelegram-дағы kzpp_bot-ы кө­мекке келеді. Атал­ған әдіспен өтініш толтырарда бірнеше құ­жат көшірмесін бірге жүк­теуіңіз керек. Бұл туралы ко­митет сай­тын­да толығырақ жазыл­ған. Оған қоса билет көшірмесі мен төлемді растайтын фискалды тү­біртекті бірге жіберуді ұмыт­паңыз. 17 маусымда Алматы қаласы­ның Түрксіб аудандық соты Bek Air әуекомпаниясына жола­у­шы­ларға тоқтатылған рейстер есе­бінен билеттің толық құнын қай­таруға бұйырған-ды. Әуеком­пания жолаушыларға барлығы 54,2 млн теңге қайтаруы керек екен. Сонымен қатар сот Bek Air әуекомпаниясына 16,2 миллион теңге мемлекеттік баж салығын төлеуді тапсырған. Мұның алдында, 22 сәуір күні өткен сот отырысында әуе­ком­панияның 560 қазақ­стан­дыққа берешек екені анықталған. Бұл туралы Сауда және инте­грация министрлігі хабарлаған еді. Ел тұрғындары 37 млн тең­геге 1 070 билет сатып алған. Сон­да ми­нистр­лік өтініштер күн­де түсеті­нін, нақты саны алда белгілі бо­латынын айтқан-ды. Сот оты­рысы кезінде Bek Air әуе­компа­ниясы өкілі тұтыну­шы­ларға ақша қайтару процесінің басталғанын мәлімдеген. Қай­тару механизмін де түсіндірген-ді. Ол үшін әуеком­панияға барып, билет алғанын растайтын құжаттарды ұсыну керегін атап өткен.
Қоғамда тек Beк Air ғана емес, басқа да әуекомпаниядан алған билет құнын қайтара алмай жүр­гендер көп. Көпшілігі билетті әуе­компаниялардың сайтынан емес, делдал компа­ниялар арқы­лы сатып алған. Мәселен, Алматы тұрғыны Мар­жан Жантасқызы күйеуінің 7 мамыр күні Aviata қо­сымшасы арқылы Scat әуе­ком­паниясынан Петропавл – Алматы бағытына алған билетін кері қайтарғанын айтады. Билетті өт­кізгеніне 1,5 айға жуық уақыт өтсе де, ақша есепшот­тарына түспепті. Ал ке­лесі кейіп­керіміз Адия Тас­болат­қызы аталған қосымша арқылы Air Astana әуе компания­сынан Алматы – Ақтау-Алматы бағы­тына билет алған. Өтініш тол­тырып, билет ақшасын қайтар­ғанын күтіп жүргенде 3 ай уақыт өтіп кеткен. «Билет құны есеп­шотыма түскен жоқ. Күде­рімді үздім десем де болады. Бірақ тұ­тынушы құқығын бұлай тап­тауға болмайды ғой» дейді ол.
Тізе берсек, әуекомпания мен делдал компаниялардан билет құнын даулап жүргендер жетерлік. Араларында ақшасын қайтар­мағанын ұмытып кеткен­дер бар. Кейбірі «сонда нақты ақшаны қайтаруы үшін бәрін сотқа сүй­рейміз бе?» деп ашы­нады.  

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ