Комитеттің мұндай шешім қабылдауына тұтынушылардан түскен толассыз өтініш себеп болған. Жауапты орган тағы да өтініш толтырып, ақшамды қайтарамын дегендерге сұраныс жіберудің үлгісін ұсынды. Естеріңізде болса, өткен жылы 28 желтоқсанда Bek Air әуекомпаниясының лицензиясы тоқтады. Содан бері компания ұшақтары әуеге көтерілген жоқ. Нәтижесінде, алдын ала билет алып, барар жерін белгілеп қойған тұтынушылар сан соғып қалды. Сауда және интеграция министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 17 маусымнан бастап аталған комитетке 20 шақты шағым түскен. Дені Bek Air-ден ақшасын қайтарып алғысы келеді. Өз кезегінде Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті азаматтардың құқығын қорғаймыз деп отыр. Қазір комитет адвокаттары Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотында Bek Air әуекомпаниясына қатысты екінші сот ісіне қажетті материалдарды дайындап жатыр. Комитет ісіне сіз де өз үлесіңізді қоса аласыз. Егер Bek Air-ден билет алып, ақшасын қайтара алмай жүрсеңіз, өтініш толтыруыңыз керек. Осы үшін Электронды үкімет порталы мен Тelegram-дағы kzpp_bot-ы көмекке келеді. Аталған әдіспен өтініш толтырарда бірнеше құжат көшірмесін бірге жүктеуіңіз керек. Бұл туралы комитет сайтында толығырақ жазылған. Оған қоса билет көшірмесі мен төлемді растайтын фискалды түбіртекті бірге жіберуді ұмытпаңыз. 17 маусымда Алматы қаласының Түрксіб аудандық соты Bek Air әуекомпаниясына жолаушыларға тоқтатылған рейстер есебінен билеттің толық құнын қайтаруға бұйырған-ды. Әуекомпания жолаушыларға барлығы 54,2 млн теңге қайтаруы керек екен. Сонымен қатар сот Bek Air әуекомпаниясына 16,2 миллион теңге мемлекеттік баж салығын төлеуді тапсырған. Мұның алдында, 22 сәуір күні өткен сот отырысында әуекомпанияның 560 қазақстандыққа берешек екені анықталған. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлаған еді. Ел тұрғындары 37 млн теңгеге 1 070 билет сатып алған. Сонда министрлік өтініштер күнде түсетінін, нақты саны алда белгілі болатынын айтқан-ды. Сот отырысы кезінде Bek Air әуекомпаниясы өкілі тұтынушыларға ақша қайтару процесінің басталғанын мәлімдеген. Қайтару механизмін де түсіндірген-ді. Ол үшін әуекомпанияға барып, билет алғанын растайтын құжаттарды ұсыну керегін атап өткен.
Қоғамда тек Beк Air ғана емес, басқа да әуекомпаниядан алған билет құнын қайтара алмай жүргендер көп. Көпшілігі билетті әуекомпаниялардың сайтынан емес, делдал компаниялар арқылы сатып алған. Мәселен, Алматы тұрғыны Маржан Жантасқызы күйеуінің 7 мамыр күні Aviata қосымшасы арқылы Scat әуекомпаниясынан Петропавл – Алматы бағытына алған билетін кері қайтарғанын айтады. Билетті өткізгеніне 1,5 айға жуық уақыт өтсе де, ақша есепшоттарына түспепті. Ал келесі кейіпкеріміз Адия Тасболатқызы аталған қосымша арқылы Air Astana әуе компаниясынан Алматы – Ақтау-Алматы бағытына билет алған. Өтініш толтырып, билет ақшасын қайтарғанын күтіп жүргенде 3 ай уақыт өтіп кеткен. «Билет құны есепшотыма түскен жоқ. Күдерімді үздім десем де болады. Бірақ тұтынушы құқығын бұлай таптауға болмайды ғой» дейді ол.Тізе берсек, әуекомпания мен делдал компаниялардан билет құнын даулап жүргендер жетерлік. Араларында ақшасын қайтармағанын ұмытып кеткендер бар. Кейбірі «сонда нақты ақшаны қайтаруы үшін бәрін сотқа сүйрейміз бе?» деп ашынады.