Ол заманда бүгінгідей білім, ғылым қолжетімді емес. Соған қарамастан, бала Фарабидің дарыны, білімге құштарлығы, еңбекқорлығы биік деңгейге жеткізді. Фараби бабамыздың кіндік қаны тамған жер – бүгінгі Түркістан облысы. VIII ғасырда Түркістан, Отырар өңірінде өркениеттің, білім, ғылым, мәдениет, сауда-саттықтың орталығы болып, қала мәдениетінің, азаматтық қоғамның жетілген үлгісін көрсетті. Біз, қазақ халқы Фарабидің еңбектерін, рухани мұрасын толықтай түсініп, зерттеп болғанымыз жоқ. Ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің биылғы 1 150 жылдығы үлкен мүмкіндік беріп отыр. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, әр ғылым саласының мамандары, профессорлар өздеріне қатысты дәнді алып, ұрықтандырып кеңінен насихаттауы қажет деп санаймын. Қазіргі кітапханаларда тұрған еңбектер Кеңес заманында жазылып шыққан кітаптар. Көбісі орыс тілінен аударылған. Олардың қандай сапада жазылғанын білмедім, бірақ түсіну, ұғыну қиын екенін көпшілік айтып жүр. «Мемлекет қайраткерлерінің афоризмдері» еңбегінде «тәнді емдейтін – дәрігер, ал жанды емдейтін – елді басқаратын мемлекеттік қайраткер» деп жазады. Мемлекеттік қайраткер мемлекеттік «басқару өнері» арқылы және билеуші «билеу өнері» арқылы қай жерде және кімге қолдану керек немесе қолданбау керегін біледі. Адамдардың денсаулығын, жаны мен тәнінің саулығын қамтамасыз ете алатынына аса мән беру керегін ескерткен. Мемлекет қайраткерінің адам өмірінде алатын рөлі мен маңызына өте үлкен сенім артқанын көреміз. Негізінде, мемлекеттік қайраткер, қызметші кім? Ол – халықтың сенімін арқалаған жалдамалы адам. Демек, мемлекеттік қызметкер – қоғамдағы, қаладағы адамдардың жаны мен тәніне, қауіпсіздігіне жауап беретін, лайықты өмір сүру жағдайын жасайтын лауазым иесі. Көп дүниеге тәуекел етіп, шектелген адам. Мемлекеттік қызметкер болу өте қиын шаруа. Оны шығармашылық ізденіс пен өнер деп қабылдаған жөн. Мемлекеттік қызметкер халыққа адал қызмет етемін деп ант береді. Бірақ өкінішке қарай, антқа қиянат жасап, негізгі міндетін ұмытып жатады. Күнделікті өмірде ондай құбылыстарды көріп, естіп жүрміз. «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары» еңбегінде адамдар қоғам болып өмір сүре бастайды. Сол қоғамды үшке бөледі Фараби бабамыз. Үлкен, орташа және шағын қоғам. Үлкен қоғам – жерде тіршілік ететін барлық адамдар қоғамының жиынтығы, орташа қоғам – адамдардың жердің бір бөлігінде ғана бірігуі, ал кіші қоғам – бұл кішкентай қала, ауыл тұрғындарының бірігіп, ұйымдасуы. Қоғамның ең кемелденген формасын «қала» деп санайды. Ойшылдың айтуынша, биік игілік пен жоғары кемелдікке бірінші кезекте кемелденудің соңғы сатысында тұрған қоғам емес, қала қол жеткізеді. Ал қала әртүрлі болады, ол көбінесе қандай адам басқаратынына байланысты. Себебі адамдар қоғамға өз еркімен еркін біріккендер. Сәйкесінше, адамдар жаман істерді тындыру үшін, зұлымдық жасау үшін де бірігуі мүмкін. Ұйымдасқан топ құрып, мемлекетті, халықты алдайтындарды айтса керек. Қала – жасанды орта. Қалада ойыңа келгенді істеу мүмкін емес, бір адамның оғаш қылығы, әрекеті басқа біреудің құқығына, тағдырына, өміріне қауіп төндірсе не болғаны?! Солардың ішіндегі неғұрлым кемелденген қала – бұл ізгі қала. Бұл жерде адамдар бір-біріне өзара көмектесу үшін, өздері кемелдену үшін, ортақ бақытқа қол жеткізу үшін бастарын қосады. Ғұлама салауатты, ізгі қаланы барлық дене мүшелері үйлесімді қызмет ететін сау адамның денесіне балайды. Ізгі қала тұрғындарының екі тобы бар. Біріншісі – ізгі адамдар. Олардың барлық ойы ізгілік, мейірімділік, әділеттілік. Өз еркін басқа тұрғындармен байланыстырып, дос, бауырмашылдық қағидатымен өмір сүретіндер. Бекітілген тәртіпке бағынып, бір-бірін сыйлайды. Қиын-қыстау кезеңде бір-біріне қол ұшын беріп, жәрдемдеседі. Ондай адамдар – ізгі қаланың тұрғындары. Сіз де сондай ізгі адамсыз ба?
Солардың ішіндегі неғұрлым кемелденген қала – бұл ізгі қала. Бұл жерде адамдар бір-біріне өзара көмектесу үшін, өздері кемелдену үшін, ортақ бақытқа қол жеткізу үшін бастарын қосады. Ғұлама салауатты, ізгі қаланы барлық дене мүшелері үйлесімді қызмет ететін сау адамның денесіне балайды.
Екіншісі – надан адамдар. Олар өздерінің пасық, өзімшілдік, менмендік ойларымен өмір сүреді. Қаланың өсіп-өркендеуіне, тазалығына бас ауыртып жатпайды. Тек өзінің күнделікті өміріне қажетті шаруамен ғана айналысады. «Елімізде, жерімізде не болып жатыр, ертеңгі күніміз қалай болады?» деген ойлар мүлде алаңдатпайды. Бір күнмен өмір сүретіндер. Ондай адамдар айналамызда көп. Басымыздан өткеріп жатқан карантин кезінде кейбір адамдар тиісті шараларды қабылдамай, вирусты бірнеше адамға жұқтырып жіберген жоқ па? Немесе карантинді елеп-ескермей құмар ойын ұйымдастырып халықты алдап келгендер де кездеседі. Полиция, дәрігерлермен ұрысып-керісіп аты шығып жатқандарды да әлеуметтік желіден күнде көріп жүрміз. Ал жауапкершілігі мол, мемлекеттің қабылдап жатқан шараларын қолдап, тәртіпке бағынып жатқандар да баршылық. Ойланатын сәт. Біз кімбіз? Қандай адамбыз? Сіз Фараби айтқан қандай қаланың тұрғынына жатасыз?* * *
Ең алдымен «философ» деген сөзді анықтап алсақ. Грек тілінен аударғанда «даналыққа құштарлық» деп айтамыз. Өзіміздің қазақ тарихында ешқандай ойшыл, ақын, жазушылар «философ» деген сөзді қолданбаған. Олар көбінесе «пәлсапа», «пәл» дегенді айтқан. Әрине, «философ пен пәлсапаның қандай айырмашылығы бар, екеуі бір мағына береді ғой» дегендер табылады. Ойланып қарасақ, екі сөз екі түрлі мағына, екі түрлі дүниетаным екен. Бірақ көпшіліктің мойындағысы келмей, іштей қарсылық білдіретіні анық. Ағылшын ғалымы Карен Армсронг «Құдайтану» еңбегінде (әлі тірі) «Пәлсапаның негізін салушы түрік ғалымы Әбу-Насыр әл-Фараби» деп жазған. Ибн Сина да осындай ұстанымда. Әбу Насыр әл-Фараби ғылым мен пәлсапаны оқып үйрену мәселесіне арнап арнайы еңбек жазған. Ол еңбек «Пәлсапаны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы трактат» деп аталады. Аталған еңбекте Аристотельдің ғылымын, философиясын меңгеру үшін қажет болатын тоғыз шартты орындауды ұсынады. Бірінші, философиялық ағымдардың аты-жөнін білу. Бұл жерде Фараби өзінің түсініктемесін беріп, философиялық ағымдарды тану жеті нәрседен тұратынын айтады. Олар: философиялық бағытқа бас болған ұстаздың аты-жөнін білу, ұстаздың шыққан қаласын білу, философияға мекен болған орынның аты, философиялық ағымды тудырған басты себеп, философиялық талдауға түскен мәселелер, философияның алға қойған мақсаты туралы түсінік, философияның практикалық мәні мен нәтижесі. Әбу Насыр әл-Фараби «Бақытқа жол» трактатында адамның бақытты өмір сүруі, оған талпынуы табиғи үрдіс екенін, көбінесе адамның көңіл күйі, жаймашуақ өмірі осы дүниеде бағаланатынын айтқан. О дүниедегі мәңгілік бақыттан гөрі, тірі кезіндегі бақытқа кенелуіне аса мән берген. Бақытты сезіну үшін ең алдымен кез келген адам өзін үнемі жетілдіріп, білімін толықтыруы қажет. Көбіміз бақытты іздеп өзге елге кеткен адамдар туралы көп естиміз. «Бәлен жерде алтын бар, барсам пақыр да жоқ» деген сөз бар ғой, көптеген қандасымыз алданып қайта келіп жатыр. Бақытты, байлықты жасайтын адамның өзі, еңбегі емес пе? Қазіргі заман – үлкен мүмкіндіктер заманы. Соны тиімді пайдалану тек өзімізге байланысты.* * *
Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз өмір сүрген заманда ешқандай шекара болмаған. Ілім, білім іздеген оқымыстылар бүгін осы жерде, ертең басқа жерде. Фарабидің Дамаск, Шам жеріне баруының себебі де осында. Яғни, бабамыз көп сұраққа жауап таппай, білім қуып жүре берген. Менің ойымша, Мысыр еліне де барғанын сеземін. Ол замандарда Мысыр жері бүкіл ғұлама жиналып, сұхбат құратын киелі мекенге айналған. Өздерінің теорияларын жасаған. Пирамида салып, еркін ойға ерік берген. Қайнап жатқан жерде Фараби бабамыз білімін толықтырып, Грек, Араб, Мысыр, Шығыс ойшылдарымен танысып, жүздескені, білім алмасқаны шындыққа келеді. Сол себептен Фараби жазған еңбектер өзіміздің жерде емес, Шығыс, Еуропа жерлерінде кең тарап, сол елдерде сақталып қалған. Өздерінің еңбектерінде пайдаланып, сұхбат жасап, сілтемеде берген. Соған қарағанда, Еуропа ойшыл, философтары Фарабидің ойларымен таныс болуы түсінікті. Ойшыл еңбектерінің түпкі мақсаты – адамдық мәселесі. Адамның білім, ғылым игеріп, тәрбиелі, толыққанды азамат болуын құптаған. Әр адамға құрметпен қарап, өмірді құндылық ретінде бағалауды үйретеді. Білім алу, ғылымды игеру, ізгілікті насихаттау, сұлулықты дәріптеу – әл-Фараби дүниетанымындағы негізгі құндылықтар.Рауан КЕМЕРБАЙ