Тараздықтарға теңдессіз тарту
Тараздықтарға теңдессіз тарту
Жексенбі күні қала көшелерін тағы бір аралап, бірқатар жобалардың барысын барлады. Жалпы бұған дейін айтқанымыздай, облыс орталығында биыл ауқымды жоба­лар қолға алынуда. «Жамбыл облысының  бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовтен кейін көне шаһардың көркі ұмыт қалуы мүмкін» деген күдіктің бәрі сейіле бастағандай. Себебі Бердібек Машбекұлы шаһардың шырайына  дәл қазір шындап кірісіп отыр. Мәселен, «Март» сауда және ойын-сауық орталығының жанында орналасқан «Арбат» жаяу жүргіншілер жолының үшінші кезеңі  қарқынды жүргізілуде.  Жоба  бойынша  «Арбат» жаяу жүргіншілер жолы  «Көне Тараз» кешені мен Қарахан баба кесенесін байланыстыратын болады.  Онда жалпы ауданы 2,5 гектарды құрайтын ұзындығы 320 метрлік сазды субұрқақ іске қосылады. Естеріңізде болса, алдыңғы  жылы Асқар Исабекұлы тараздықтарға «Тәуелсіздік толқыны» атты теңдессіз сазды субұрқақты тарту еткен болатын. Енді Сапарбаев та ерекше композициялық субұрқақтың құрылысын жүргізбек. Бұдан бөлек,   «Арбатта» 160-тан аса түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, жа­рықтандыру жүргізіп, орындықтар мен бастырмалар орнатылады деген жоспар бар. 18 мың шаршы метрге өрнектас төселеді. Мұндағы жұмысқа 50 адам тартылып, олардың айлық жалақысы 100 мың теңгеден болмақ. Құрылысқа жауапты серіктестік директоры  Еркебұлан  Егізбаевтың айтуынша, нысанды мерзімінен бұрын, яғни шілде айының аяғына дейін тапсыру жоспарлануда. Қазіргі таңда құрылыстың 50 пайыздан астамы аяқталып отыр. Жаяу жүргіншілер аллеясының жанынан  сауда павильондарын салу  жобада бар.  Бюджеттен тыс қаражаттар есебінен өткен ғасырдың басында салын­ған «Әулие-Ата» мешітін қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынады. Тараздағы тағы бір ерекше нысан – ATHLETIC көпфункционалды спорт кешені. Кешеннің барлық бөлмелері Қазақстанның ұлттық құрамаларының оқу-жаттығу жиындарын, әртүрлі спорт түрлері бойынша жарыстарды  өткізуге қажетті құралдармен толықтай жабдықталған.  Келушілерге  ыңғайлы болу үшін  бөлмелер  автономды жылыту, ыстық және салқын сумен қамтылған.  Душ, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер де стандартқа сай. Мұнда футбол, волейбол, бокс, күрес, дзюдо, таэквондо, ауыр атлетика, армрестлинг сияқты   спорт түрлері бойынша болашақ чемпиондар жаттығуда.   taras Бердібек Сапарбаев аталған нысанды аралау барысында  спорт кешеннің материалдық-техникалық базасына жоға­ры бағасын берді.
– Спорт басқармасы жеке кәсіп­керлерден тиімді бағада және қазіргі заманғы көпфункционалды кешендер салу жөнінде тәжірибе алу қажет. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар облыс тұрғындарының басым бөлігін спорт инфрақұрылымымен қамтуға мүмкіндік береді, – деп аймақ басшысы баса айтып өтті.
Бердібек Машбекұлы облыс орта­лығындағы көпқабатты үйлердің қасбетіне айрықша көңіл бөліп жатқанын бұған дейін жазғанбыз. Бұл жолы әкім «Салтанат» ықшамауданындағы №19, 20, 22, 23 көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарын саралады. Сондай-ақ  аймақ басшысы  жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың  өтініш-тілектерін тыңдады.
– Мемлекеттік бағдарламаның арқа­сында сіздердің үйлеріңізді жөндеп,  ретке келтіруге мүмкіндік туып отыр. Бұл мақсатқа  қомақты қаржы бөлуде. Өз кезегінде сіздердің тараптарыңыздан да ортақ жауапкершілік болуы керек. Тұрғын  үйдің жағдайын өздеріңіз де бақылауларыңыз  қажет. Мен ел­дің көптеген аймақтарында жұмыс істе­дім, бірақ қалада ПИК (басқарушы компаниялары) жұмыс істемейтінін бірінші рет көріп отырмын.  Сіздерге меншік иелері бірлестігін немесе кондоминиум құру керек,– деді облыс әкімі тұрғындармен кездесу  барысында.
Жалпы, облыс орталығында жаңғыр­ту жұмыстарын қажет ететін 797 көп­пәтерлі тұрғын үй бар. Биыл бюджет қаражаты есебінен жалпы құны 3,4 миллиард  теңгеге 80 тұрғын үйді жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар 24 тұрғын үйді 1,1 миллиард  теңгеге жөндеу жұмыстары да жоспарланып отыр. Ал бұл бағытқа қаражат 7 жыл­ға дейінгі мерзімге 0,1 пайыздық  мөлшерлемемен қайтарымды негізде бөлінген. Бұл күні Бердібек Сапарбаев №39 мектеп-гимназиясы мен  Братская көшесіндегі құрылыс жұмыстарын да көзбен көрді. Жауапты мердігерлерге тиісті тапсырмалар беріп, ең бастысы сапа екенін тағы бір мәрте ескертті. Осылайша,  Бердібек Машбекұлы 5 күндік оқшаулаудан кейін жұмысқа жең түріп, білек сыбана  қайта  кірісіп кетті. Әрине, жата берсең, тірлік тұралайтыны белгілі. Осыны жіті түсінген аймақ басшысының шешімін оң бағалауға болады. Ең бастысы, денсаулығында еш ақау болмай, індеттен аман болса болғаны. Тараздықтар  «Сапарбаев Мырзахметов бастаған тірліктер аяқсыз қалмайды деген сөзінде тұрып жатыр. Әрі өз тарапынан да ауқымды жобаларға жан бітіруде»  деп қаладағы қарқынды жұмыстарға  шексіз ризашылығын білдіруде.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы