Бес әлеуметтік бастама: газдандыру барысы дұрыс па?
Бес әлеуметтік бастама: газдандыру барысы дұрыс па?

Бүгінде ел тұрғындарының 50 пайызға жуығы газбен қамтамасыз етілген. Өңірлер бойынша айтсақ, 9 облысқа газ тартылған. Ал еліміздің орталық және солтүстік өңірлері әлі де газсыз отыр. Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде газ өндіру жылына 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артыпты, әлі де арта бермек. Себебі, елді газбен қамтамасыз ету жалғасады. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр 5 наурызда жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінде айтқан болатын.

«Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған–Қарағанды–Темір­тау–Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек. Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы инсти­туттарынан да. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, экология жақсарады. Газға көшу тек Астана­ның өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жы­лына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру ары қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деген еді Елбасы бес әлеуметтік бастаманы жариялаған сәтте. Содан бері арада бір жылдан астам уақыт өтті. Елі­мізді газбен қамтамасыз ету қалай жүріп жатыр? Әрине, бұл сауал, бі­рінші кешекте энергетика минис­тріне қойылатыны белгілі. 

  Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда   елімізде 9 миллиондай  адам газды тұтынып отыр. Жыл сайын газдандыруға бөлінетін қаражат көлемі ұлғайып келеді.

«2019-2021 жылдар кезеңінде газдандыруға арналған қаражат өңірлерді дамыту, «Нұрлы жер», сондай-ақ ағымдағы жылғы 27 ақ­панда Nur Otan партиясының XVIII съезінде берілген Ел­ба­сы­ның жеке тапсырмаларының шең­беріндегі бағдарламаларда көз­делген. Еліміздің 13 өңірінде осы кезеңде 100-ден астам жоба іс­ке асырылады. Бұл жобалар 1 млн астам тұрғынды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді министр.

 Халыққа есеп беру кездесуінде Қанат Бозымбаев  Елбасының бес әлеуметтік бастамасында тілге тиек болған «Сарыарқа газ құ­быры» жобасы кестеге сәйкес салынып жатқанын айтады.

«Қазіргі уақытта Жезқазған қаласына жақын жерде дәне­кер­леу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін шамамен 420 шақы­рым құбыр дәнекерленді. Бұл жал­пы газ құбырының 40 пайы­зын құрайды. Бұл жоба елордамен бірге, бірінші кезеңде Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтпаев, Саран, Шахтинск қалаларының 171 елдімекенін газбен жабдық­тайды. Аталмыш елдімекендердің 142 мың тұрғыны газға қол жет­кізеді. Жалпы, жыл соңына дейін елдің газдандыру деңгейін 50 па­йыздан асыру көзделіп отыр», – дейді ол. 

 Айта кетерлігі, Нұр-Сұлтан қаласына газ тарту жұмысына 2 200 адам тартылған. Дәнекерлеу жұмыстарының орташа қарқыны күніне 7-8 шақырымды құрап отыр. Газбен қамту жұмысы қар­қынын бәсеңдетпесе, елорда тұр­ғындары көгілдір отынға 2020 жылдың басында қол жеткізуі мүм­кін екен. Министрдің ай­туын­ша,  бұл жерде көп нәрсе жер­гілікті әкімдіктің жұмысына байланысты. Егер барлық торап­ты кестеге сай іске қосып үлгерсе, астаналықтардың алғашқы легі алдағы қаңтардан бастап газ тұтына бастайды.   

Ал Нұр-Сұлтан қаласы Отын-энергетикалық кешен және ком­муналдық шаруашылық бас­қар­масының мәліметінше, Астананы газдандыру жобасы 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде газ АГТС-1-ден ЖЭО-1 және ЖЭО-3-ке, АГТС-2-ден ЖЭО-2-ге, газ таратушы желілерден Көктал-1, Көктал-2, Теміржол тұрғын алап­тарына және Оңтүстік-шығыс ауданына таратылады. Жобаның екінші кезеңі отынды газ тара­тушы желілерден Мичурино, Ин­тернациональный, Күйген­жар, Тельман, Пригородный, Garden Village, Family Village тұр­ғын алаптарына жеткізуді қарас­тырады. Үшінші кезеңде Ильин­ка, Шұбар, Өндіріс тұрғын алап­тары газдандырылады.

Осы жылдың ІІ тоқсанында І кезең бойынша газ тарату желі­лерінің құрылысы басталады деп жоспарланған. Қаржылан­дыру­дың бөлінуіне қарай Көктал-1,2, Теміржол және Оңтүстік-Шығыс тұрғын үй алаптары 2019-2023 жылдар аралығында газдан­ды­рыл­мақ. Астананы газдандыру рес­публикалық және жергілікті бюджет, сондай-ақ жеке инвес­тициялар қаражаты есебінен жү­зеге асырылады. Қаланы газдан­дыру шеңберінде Нұр-Сұлтан әкімдігінің құзыретіне газ тарату желілерінің құрылысы кіреді.

Аймақтарды да газдандыру жұмысы назарда тұр. Мысалы, Қостанай облысының елдіме­кен­дерін газдандыру бойынша ар­найы бағдарлама әзірленген.  Бағдарламаға 4 млрд теңге қара­жат бөлініпті. Ал аталған  облысқа қарасты Озерное ауылына газ құ­бырын өткізу үшін 600 млн тең­ге қарастырылған. Құрылыс жұ­мыстары келер жылдан басталады. 

Газбен қамту жұмыстары іркі­ліссіз жүріп жатыр десек, артық айтқан болар едік. Мысалы, кей өңірлерде газ құбырын тарту жұмыстары аяқталса да, табиғи газға қосылмаған нысандар мә­селесі бар. Бұл жерде мысалға Түркістан  өңірін айтуға болады: 2016-2018 жылдары газ құбырлары құрылысы аяқталған 78 елдімекен көгілдір отынға  қосылмаған.  Тұрғындардың алаңдаушылығын туғызған бұл мәселені жыл ба­сында Nur Otan партиясы өз ба­қы­лауына алғаны есімізде. Ал, жал­пы алғанда,  Түркістан облы­сын­дағы 843 елдімекеннің 385-і (45,7 %) немесе 1072 ,9 мың тұр­ғыны (54,3 %) табиғи газбен  қамтылған. Облыста 2018 жылға дейін бюджет есебінен жалпы 223 нысанда 5,6 мың шақырымнан астам газ жүйелерінің және 12 автоматты газ тарату стансасының құрылыстары жүргізілген. Газбен қамту қарқынды жүріп жатқан өңір де осы Түркістан облысы. Биыл облыс орталығы – Түркістан қаласы тұрғындарының 60 па­йыз­ға жуығы табиғи газбен қам­ты­лады. Ал 2020 жылы қала толы­ғы­мен табиғи газға көшеді. Сайрам ауданында да елдіме­кен­дерді газ­дандыру бойынша  жұ­мыс жү­р­гі­зіліп жатыр. Былтыр 12 елдімекен газдандырылды. Осылайша, аудан аумағындағы 42 ауылдың 31-і өт­кен жылдың қорытындысымен то­лық көгілдір отынмен қамтыл­ды. Яғни, қамту деңгейі 73,8  па­йыз­­ды құрап отыр.  Биыл 7 елдіме­кенге газ тарту жоспарланып отыр екен. Сонда қамту деңгейі 90,4 па­йызды құрайды. Жалпы, аталған 42 елдімекеннің барлығы 2020 жылға толық газдандырылады.