Бір күнде 8 науқас көз жұмған
Бір күнде 8 науқас көз жұмған
151
оқылды
Осы мәселеге байланысты Шымкент қаласы әкімінің бірін­ші орынбасары Ербол Садыр БАҚ өкілдеріне ар­найы сұхбат берді. Ол қала­дағы жағдай мен атқарылып жатқан шаралар туралы айтты. Ол алдымен қаладағы бүгінгі эпидемиологиялық ахуалға тоқ­талды. Оның айтуынша, қазір Шымкент қаласында тек ко­ронавирус емес, ЖРВИ (жедел респираторлы вирустық инфек­ция) мен пневмония өршіп тұр. Сондықтан қала басшылығы күн­делікті нақты жоспарлы жұ­мыстарды жасап жатыр. Ал панде­миямен ауырғандар саны 2 300-ге жеткен. Оның ішінде кешегі күні науқасқа шалдыққан 116 адам тіркелді. «Науқастар санының күрт өсуіне байланысты жедел жәр­дем қызметін күшейтуге пәр­мен бердік. Дәл қазір 100 бригада толықтай жұмыс істеуде. Одан бөлек, диспетчерлік қызметті ұлғай­тып отырмыз. Соңғы талдау­ларға үңілсек, жедел жәрдем қыз­метіне 1 маусымда бір тәу­лік­тің ішінде 1 091 шақырту болса, 10 маусымда 1 200-ден асқан, ал кешегі күні шақырту 1 850-ге жеткен. Бұл медициналық ша­қыр­тулардың басым бөлігі – ЖРВИ және пневмониямен ауырған науқастар», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары. Оның ай­туына қарағанда, мегаполисте каран­тин және провизорлық стационар күшейтіліпті. Себебі осыдан 5 күн бұрын қосымша енгізген 650 төсек-орын бүгінде толып қалды. «Кешегі күні реаби­ли­тацияға қосымша 100 төсек-орын ұйымдастырдық. Бұл ретте карантин стационарында болған екі нысанды 380 төсек-орынмен провизорлық стационар етіп қостық. Бұл провизорлық ста­ционарда емдеу шаралары кезінде үш топқа бөліп, ар­найы а­л­горитм жасадық. Ал кері байланыстағы қауіпті топ­тағы азаматтарға күнделікті телефон­мен хабарласып отырмыз. Айта кетейік, бұл стационарлар коро­на­вирустың жеңіл түрімен ауыр­ған азаматтарды емдеуге арналған», – деді Е.Садыр. Ербол Әбілхайырұлы қалада пневмониямен ауырған науқастар саны 7,2 пайызға өскенін атап өтті. Енді қала әкімдігінде күрт өскен бұл дертті ауыздықтау бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп, қала әкімінің тапсырмасымен қосымша ғимараттар ашылмақ. Айта кетейік, билік өкілі қазіргі таңда ауруды өткізіп алған науқастардың өлім көрсеткіші өсіп жатқанын жеткізді. Мәселен, бір күннің ішінде ауыр жағдайда келген 8 науқас көз жұмған. «Мұ­ның көпшілігі – бұрыннан созылмалы аурулары бар аза­маттар. Осыған байланысты про­визорлық стационарлар күшей­тілді. Дәрі-дәрмектің барлығы толық жеткілікті. Бұл жағдайды бақылауда ұстап, жақсарту мақ­сатында жергілікті бюджеттен 25 ИВЛ (өкпенің жасанды желдету аппараты) аппаратын алдық. Бүгінде 301 ИВЛ аппараты бар. Одан бөлек, жатақханаларға де­меушілердің көмегімен 6 ИВЛ аппараты қойылды. Бұл ретте демеушілердің тарапынан 100 мың бетперде мен кислородпен демалатын 100 Боброва аппараты келе жатыр», – деді Е.Садыр. Арнайы сұхбат барысында қала әкімінің бірінші орынбасары қалада эпидемиологиялық жағ­дайдың нашарлауына байланысты 23 маусымнан бастап шектеу ша­ралары күшейетінін де жеткізді. Сонымен қатар қала әкі­мінің бірінші орынбасары қа­ла тұр­ғындарының карантин ере­желерді сақтамай отырғанына ренішін білдірді. «Өздеріңіз де әлеуметтік желілерден көріп жат­қандай тұрғындар той-томалақ өткізуде. Негізі әрбір азамат өз өміріне өзі жауапты. Ал біз кі­нәні басқа біреуден іздейміз. Бүгінгі дәрігерлер тәулік бойы демалыссыз жұмыс істеуде. Сол себепті ауру ошақтарында жүрген соң, олардың 20 пайызы ауырып қалуда. Осыған байланысты ауру­ханаларды таза және лас зона­ларға бөлдік. Өйткені дәрігер­лерді сақтауымыз керек. Сон­дай-ақ ақ халаттылардың орнын ал­мастыратын қосымша ма­ман­дардың тізімін жасап жатырмыз. Бір айта кететіні, егер біз санитарлық нормаларды сақтамасақ, дәрігерлерді де сақтай алмаймыз. Осыны түсінуіміз керек» деп күйінді ол.  

 width=Назгүл НАЗАРБЕК