Қытай мен Үндістан әскері тағы қақтығысты
Қытай мен Үндістан әскері тағы қақтығысты
551
оқылды
Даудың басы сол баяғы шекара сызығын анықтай алмау. Гималай етегіндегі 60 мың шар­шы шақырым жерді қос ел бөлісе алар емес. Бұл жолы 1975 жылдан бері алғаш рет оқ атылды. Бұл оқта-текте кез­десетін шағын кикілжіңдер ме, әлде ірі жанжалдың ал­ғашқы белгілері ме? Оқиғаның шарықтау шегі 15 маусымнан 16-на қараған түні болған. Таулы мекендегі шекара маңындағы қарулы қақтығыстан 20 үнді әскери қызметкері көз жұмған. Олардың арасында офи­церлер мен сарбаздар да бар. Ал Қыт­ай тарапынан қайтыс бол­ған­дар мен ауыр жараланғандар саны – 43 адам. Жағдайды аймақтың ауыр климаты мен орталықтан тым қашықта орналасуы қиын­дат­қан. Қытай тарапы үнді әскері шекараны екі рет заңсыз кесті деп көршісін айыптап отыр. Әрине, мұндай ірі кикілжіңдер аяқасты бол­майды. Биыл 5-6 мамыр күн­дері шекараны патрульдеу бары­сын­да алғашқы қақтығыс болған. Жағ­дай ушыға бастаған соң 20 ма­мырда қос тарап шекара бойына бірнеше мың сарбазын жіберген. Жанжал Гималайдың Л­а­дакх аймағындағы Галван аңға­рын­да, Қытай мен Үндістан ше­карасында тіркелген. Бірақ мау­сымның басында Үндістан мен Қытайдың әскерилері кездесіп, жағдайды бейбіт түрде шешуге уағдаласқан. Алайда аталған келі­сім 10 күнге де жетпеді. 15 маусым күні қос тарап әскері тағы да соқ­ты­­ғысып, жоғарыда айтылған адам шығыны болған. Жалпы, биылғы дау Қытай тарапы құрылыс жұмыстарын жүр­гізуден басталған. 5 мамыр күні Қытай сарбаздары Галван өзенінің бойында шатыр тігіп, кей­бір іс-шараларды бастап кет­кен. Бұл жайт Үндістан әске­ри­ле­рінің өз жерін қорғауына итер­ме­леген. Дәл осындай жағдай 2017 жылы да болған. Ол кезде қы­тай жұмысшылары даулы Док­лам шо­қысында автомобиль жолын салуға кіріскен. Доклам шоқысы – Қытай, Үндістан және Бутан­ның шекаралары түйісетін жер. Қытайдың рұқсатсыз құрылыс бас­тауына Бутан қарсылық та­ныт­қан, алайда Бейжің оны ес­кер­меген де. Бірақ Үндістан тара­пы сөзге келмегендерді қарумен қуып шықпақ болып, шекараны кесіп өтіп, Қытайдың сарбаздары мен жұмысшыларын шоқыдан кейін ығыстырған. Осылайша, Нью-Дели өз мүддесін қорғаған. Жа­ғдай ушыққан соң қос ядролық держава бірнеше дипломатиялық кез­десу өткізіп, мәселені уақытша бол­са да шешкен. Жалпы, бұл даудың басы Британ империясына барып тіреледі. Үндістан ағылшындардың қарамағында болғанда «Арда-Джонсон» және «Макмагон» сызықтары жүргізіліп, Үндістан мен Қытай арасы бөлінген. Оны үнді тарапы және сол кезде тәуелсіз Тибетті басқарған Далай-лама мойындады. Алайда Бейжің ол жер бөлісті мойындаудан бас тартты. Себебі Қытай ол сызықтар бойынша көлемді территориядан айырылдық деп есептейді. 1959 жылы осыған орай ресми дипломатиялық нота да жіберілген. Kitai-Yndistan Ал 1962 Қытай мен Үндістан ара­сында жер үшін соғыс басталды. Бұл қақтығыста үнді тарапы ойсырай ұтылды. Қытайлықтар Ақсай Чин аймағын басып алып, Тибет пен Шыңжаң арасында жол салып, оларды байланыстыруға мүмкіндік алды. Үндістан өзінің Ла­дакх өңірінің бір бөлігінен заңсыз айырылдық деп есептейді. Жанжалдан кейін қос ел арасындағы шекара екі жерде үзіледі – Непал мен Бутан орналасқан аймақтар. Бұл даулы өлкелер Гималай тауының етегінде орналасып, жағдайды қиындатады. Алайда шекараны шегендеу үшін 1993 және 1996 жылдары екі үнді-қытай келісімі жасалған, бірақ ол жер дауын түбегейлі шешпеді және қос тарап даулы өлкені өз жері санайды. Осы көзқарас жиі қарулы қақтығысқа себеп болуда. Жалпы, Қытай көршілермен бөлісе алмаған жерлеріне басып кіретін әде­ті бар. Мәселен, биыл 19 сәуір күні Парамель аралдары мен Спратли архи­пелагында Қытайдың екі әкімшілік округы пайда болды. Оларды сырттай Хайнань провинциясының құрамына қосып қойды. Бейжіңнің бұл әрекетіне Вьетнам қарсылық білдірді, бірақ оны елеп-ескерген Қытай жоқ. Бұл елдің келесі көздегені Сенкаку архипелагы болатын шығар. Оны Жапониямен бөлісе алмай келе жатыр. Алайда қарап отырмай, өзінің әскери кемелерін жиі жібереді. Яғни, өз мүддесін осылай білдіре бастады. Жалпы, Азияда Қытаймен ешбір ел ашық қарсылыққа барғысы жоқ. Оның бүгінгі әскери әлеуеті мәлім. Тіпті, жер үшін де. Соның бірі – Үн­дістан. Алайда бұл демократиялық деп танылған мемлекет, яғни түрлі саяси күштер премьер-министрден үнемі қатаң жауапты талап етеді. Өз кезегінде Үндістан көршісімен ашық қарсылыққа бармай, Қытайға қарсы одақтас табуға тырысады. Нью-Делидің бұл ниетін АҚШ жақсы түсінеді. Сондықтан қол ұшын беруге тырысады. Бірақ бұған дейін премьер Нерудың Трамппен аса жақындасқанын байқамадық. Оның өз себептері бар шығар. Соны бірі – Уашингтонға кіріптар болудан басын алып қашу, аймақтық держава атағынан, тәуелсіз сыртқы саясат жүргізу мүмкіндігінен айырылып қалмау. Дегенмен Қытай да қарап отырған жоқ. Үндістанға қарсы өңірде өз одақтасын тапты. Әрине, ол – Пәкістан. Үндістан мен Пәкістан Кашмир ай­мағы үшін бақталас екені бәріне мә­лім. Сондықтан Бейжің Пәкістанға үлкен инвестиция құйып, өзінің сауда маршруттарына қосты. Ертең олай-бұлай болып кетсе, Исламабад Бейжіңге жақ болары хақ. Жалпы, Қытай, Үндістан және Пә­кістанның кез келген мәселе бойын­ша жанжалдасуы тек Азия үшін емес, әлем үшін қауіпті. Себебі үш ел де ядролық держава саналады. Қытай 320, Пәкістан 160, Үндістан 150 ядролық зымыранға ие. Бейжің мен Нью-Дели ғарыштағы спутникті зымыранмен атып түсіріп, өзінің әскери мүмкіндігін паш етті. Яғни, кезекті шекарадағы жанжал мемлекетаралық қақтығысқа ұласуы мүмкін. Ал ондайда қос тараптың қайсысы қандай ауыр қаруға жүгінері белгісіз.  

Нұрмұхамед БАЙҒАРА