Көш көлікті ме?
Көш көлікті ме?
Ал көшкісі келген­дердің қарасы көп бол­ғанымен, үгіт-насихат аздау болып тұр. Неге? Айта кету керек, тек 2019 жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша солтүстік өңірлерге Түркістан облысынан 560 отбасы (1 757 адам) қоныс аударды. Оның ішінде 62 отбасы (221 адам) Қостанай облысына қоныстанса, 115 отбасы (230 адам) Шығыс Қазақстан облысына көшті. 288 отбасы (832 адам) Солтүстік Қазақстан облысына және 95 отбасы (474 адам) Павлодар облысына көшіп барды. Еліміз бойынша қоныс аударғандар арасындағы Түркістан облысының үлесі 28 пайызды құрап отыр. Жоспар артығымен орындалған, негізі 427 отбасы көшіріледі делінген болатын. Нақты бағдарлама қолға алынған 2015 жылдан бері Түркістан облысынан жалпы 4 935 мүшесі бар 1 365 отбасы теріскейге қоныс аударған екен. Алайда бұл бағдарламаны естімей қалғандар да баршылық...  

Естімеген халық көп

Елімізде жүріп жатқан ішкі көші-қонды білмейтіндер же­терлік. Әр облыста осы салаға жауап беретін мамандар бар. Бірақ «ел құлағы елу» дегендей, на­сихат жүргізілмесе халық қай­дан біледі? Оңтүстік ай­мақ­тан көшіп келгендер мен сол өңірде тұрып жатқан бірқатар бел­сенді бұл жұмысты өз қол­да­рына алған екен. Соның бірі – құқық қорғаушы Сәбитхан Дөнесханұлы. – Бұдан 3-4 жыл бұрын Марат деген жігітпен таңыстым. Оңтүстіктің тумасы. Бала-ша­ғасын асырау үшін жалданып жұмыс істейді екен. Осы бағ­дар­лама туралы айттым. «Неге сен осыған қатысып көрмейсің?» дедім. Ол «Үкіметке сенбеймін» деп жауап берді. «Бұл ойың дұрыс емес, алдымен осы бағдарламаға араласып көр. Сосын айтасың. Қазіргі жүрісіңмен сен үй алмақ түгілі, жалдап тұрып жатқан жеріңе де қаражат таба алмайсың» дедім. Сонымен ол иланып, жер­гі­лік­ті жұмыспен қамту орта­лы­ғына өтініш тапсырған екен. Мамандығы да бар. Ақыры солтүстікке көшті. Жақында хабар­ласты. Жер, үй алыпты. Жұ­мысқа тұрған. Жеке дүкен ашып алыпты. Балалары мектепте оқып жатыр екен, – дейді. Осыдан кейін Сәбитхан осы бағ­дарламаны насихаттауға көш­кен. Нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай.  

Әкім айтты, басқасы қайтті?

Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның әкімі Құмар Ақсақалов ай­туын айтып жатыр. Ол оң­түс­тік өңірге өзі де барып қайт­қан болатын. Сол уақытта әкім: – Біз – аграрлы өңірміз. Сон­дық­тан экономиканың негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Солтүстік Қазақстан облысында оңтүстік өңірлерден көшіп келетін ағайындарға 3 мың кот­тедж салынады. Баспаналар инфрақұрылымы дамыған 150 елді мекенде бой көтереді. Егер көшіп келген отбасы бас­қа үйді сатып алса немесе жал­даса, мем­лекет оларға 600 мың теңгеге дейінгі шығынын қай­тарып береді. Оған қоса, әр кел­ген адамға демеуқаржы қарас­тырылған. Айталық, 5 адамнан тұратын отбасыға 450 мың теңге төленеді. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірлердің 3 мыңнан астам азаматы, 700 отбасы көшіп келіп, қолдау түр­леріне ие болды. Қазір олар ауыл­шаруашылық, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жемісті еңбек етіп, бизнесін дөңгелетіп жүр. Биыл да ең ке­мінде 1,5 мың адам келеді деп күтілуде, – деген еді. Өздеріңіз көріп, оқып отырғандай қолдай­тын да, қуанатын да жоба. Бірақ бұл бір өңір әкімінің сөзі, басқа аймақтарда дәл мұндай құлшыныс болмай тұрғаны қын­жылтады.  

Ол жер саған жат емес

Солтүстікті жұмысшылармен толтыру ғана емес, бұл осы ай­мақты қазақыландыру үшін жа­салған қадам екені анық. Дегенмен көшіп келуге ниет ет­кендер елді мекенді таңдау құқығы өзінде екенін білгені дұрыс. Әйтпесе, барып алып, артынан ауылына қайтып, елді дүрліктіретіндер де бар. Тұрақтап қалғандарды сөзге тарттық. – Өздеріңіз білесіздер, былтыр Арыс қаласында жарылыс болды. Отбасыммен бас сауғалап қашқандар арасында болдым. Балаларым шошып қалды. Қыркүйек айында жұмыспен қамту орталығына өтініш жазып, ол мақұлданып, қоныстанбас бұрын өзімізге қолайлы жер із­дедік. Отбасымызда тоғыз адам. Мен, әйелім және жеті бала­мыз бар. Қазір біз Қызылжар ауданы Подгорное ауылына тұрақтадық. Облыс орталығы да жақын. Арақашықтық жиырма шақырым ғана. Есіл өзені де жанымызда ағып жатыр. Жаңа салынған үй берді. Үйге дейін су тартылған. Ток келіп тұр. Ауылда мектеп те бар. Айтпақшы, Үкімет айтқан көтерме ақша мен бір жылға берілетін төлемақыны да алдық. Мысалы, көршім – мал дәрігері, оған жұмыс табылды. Маған да ұсыныс түсті. Жеке шаруашылықпен айналысуға болады. Жақында осында тағы төрт отбасы көшіп келеді, – дейді Серік Әлтаев. Ал Алматы облысынан Өс­кемен қаласына екі оқушы баласы мен жолдасы төртеуі көш түзеген Жәния Күліпбаева: – «Еңбек» нәтижелі жұмыс­пен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы туралы естіп, Өскемен қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласып, жұмыс күші артық облыстардан жұмыс күші жетіспейтін об­лыстарға ерікті қоныс аудару бойынша және оның ішінде көшуге субсидия төлеу туралы  толық кеңес алдым. Көшіп келдік. Өскемен қаласының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ана мен бала орталығы» КМК ем-шара кабинетіне медбике лауазымына жұмысқа орналастым. Жолдасым Дәурен Әбдісақұлы болса «АЭС СОГРА ЖЭО» ЖШС-да бас инженердің орынбасары. Бағдарлама бойынша қызметтік пәтер алып және жұмысқа орна­ласқанымызға өте ризамыз, – дейді ағынан жарылып.   Түйін: Құқық қорғаушы Сәбитхан Дөнесханұлы: «Бүгінде наси­хат жұмыстары жүргізіліп жат­қанымен, бұл бағдарламаны білмейтіндер көп. Тек әлеу­мет­тік желілерде ғана емес, ар­найы телебағдарламалар ұйым­дастырып, дүйім жұртқа неге жар сал­масқа. Сонда ғана көшіміз артып, көлігіміз солтүстікке қарай ағылар еді»,– дейді. Жөн сөз. Бұл да бір халық үшін жасалған оң бағдарлама болғаны хақ. Олай болса, көш көлікті болғай!  

АдебиетӘдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ