Бизнес тұрып, делдал сөйлегеннен без!
Бизнес тұрып, делдал сөйлегеннен без!
Мысалы, қазіргі коронавирус панде­миясы кезінде Қазақстанда індетке ұшыраған сырқаттар жеке клиникалардан қайыр көрмеді, емдеу шаралары мемлекеттік ауруханалар мен провизорлық стацио­нарларда жүруде. Сол сияқты барлық мектепті жекенің қолына беруге болмайтыны анық. Озық елдер тек «мем­лекет экономикаға мейлінше аз аралассын» деген қағидаға бейім.  

Билік компанияларынан айырылуда

Мемлекеттің бизнестегі үлесі жыл санап азайып келеді. Finprom сарапшыларының байламынша, мемлекеттің қатысуымен құрыл­ған жеке кәсіпорындардың қа­тары бұрынғыдай қалың емес. 2020 жылдың мамырдағы жағ­дайы бойынша, мемлекет акция­лар пакетіне ие 679 жеке заңды тұлға тіркелген. Осылайша, был­тырдан бері олардың қатары 11% селдіреді. Бірақ тіркелгеннің бәрі бірдей жұмыс істеп тұрған жоқ. Нақтылай кетсек, арасында 85,6% немесе 581 кәсіпорын ғана қызмет атқаруда. Бұлардың саны бір жыл ішінде 10,8% кеміген. Аты жеке, алайда артындағы қожайыны мемлекет болып есептелетін компаниялар саны 2015 жылы 2,6 пайызға – 781-ге дейін өскен екен. Содан кейін олардың саны төмендеп келе­ді. Ұлттық экономика министр­лігінің Статистика комитетінің де­ре­гінше, 2016 жылғы саны – 758, 2017 жылы – 734, 2018 жылы – 685, 2019 жылы – 651, 2020 жылы 581 болды. Орналасқан жері бойынша алып қарасақ, бұлардың ең кө­бі немесе 115-і елордада шоғыр­ланған: былтыр олардың саны 118 еді. Екінші орынға Алматы қаласы жайғасты: мемлекет ие­лік ететін 62 кәсіпорын қалды (2019 жылы – 66, -6,1%). Үштікті Қарағанды облысы тұйықтайды: 45 (алдында 51 болған, -11,8%). 17 өңірдің 14-інде мемлекетпен бірлесіп құрылған жеке кәсіп­орындар саны қысқарды. Тек Солтүстік Қазақстан (29) және Қызылорда (17) облыстарында ғана кәсіпорындар саны өзгеріссіз қалды. Ал Маңғыстау облысында, керісінше былтырғы 20-дан 22-ге дейін артты (+10%). Салалық бөліністе мемлекетке қарасты заңды тұлғалардың ең көбі ақпарат және байланыс сала­сында шоғырланған: 118 кәсіпорын (бір жылда 7,8%-ға азайды). Бұдан бөлек, министрлер мен әкімдер үшін кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет (87, -4,4%), сумен жабдықтау, қоқыс­тарды жинау және өңдеу, қар­ды, көшедегі шаңды жою қыз­меті (49, -18,3%) секілді салаларда кәсіпорын құру қызықты.  

Биліктің сүйкімді серіктесі

Дегенмен билік бизнеске ық­палын жүргізудің басқа да тетік­терін ойлап табуда. Соның бірі – мемлекеттік-жекешелік әріптестік немесе МЖӘ. Премьер-Министрдің ресми сай­тының мәліметінше, 2020 жылғы 1 маусымда Қазақстанда жалпы құны 1,8 триллион тұратын 789 МЖӘ туралы келісім бекітіліпті. Оның ішінде 10 шарт – респуб­ли­калық деңгейдегі үлкен жоба­ларға қатысты. Көпшілігі – 776-сы жергілікті деңгейдегі ірілі-ұсақты жоба. Нәтижесінде, экономикаға жеке инвесторлар қалтасынан 910 миллиард теңге инвестиция тартылды. Мемлекет меншігіндегі не­месе акциялар пакетіне мем­лекет бақылау жасайтын кәсіп­орындардан ерекшелігі сол, МЖӘ жобасы толығымен ин­вес­тордың иелігінде болады. Мысалы, ақылы жолдардан төлем жинайтын компания сол су жаңа магистральды өзі басқарады, өзі жөндейді. Келісімшарт мер­зімі аяқталған соң ғана жол­дарды Үкіметке қайтарады. Не­месе МЖӘ аясында әкім тегін бөлген жерде балабақша сал­ған биз­несмен ол нысанды учаскесімен бірге өз меншігінде сақтайды, күтіп ұстайды, бизнесінен табыс табады. Жергілікті атқарушы органдар серіктес ретінде оған клиенттерді (бүлдіршіндерді) бағыттайды. Қолданыстағы МЖӘ жобала­ры арасында ең танымалы – білім беру, жартысынан астамы немесе 55%-ы осы сектор ен­ші­сінде. Әкімқараларға, ше­неу­нік­терге әріптес болған кәсіп­кер­лер негізінен балабақша, мек­теп, колледж ашуға құмар. Одан ке­йін бизнесмендер кли­ни­ка, емхана, стоматология, офтальмо­логиялық, диагностикалық орта­лық секілді медициналық сала кәсіпорындарын құруға құштар. Үштікке тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жобалары кіреді. Ал ең ірі жобалар – көлік пен инфрақұрылым саласында. Көлік-логистикалық сегментте небәрі 24 МЖӘ жобасы жүзеге асырылды. Сала жобалары ауқымды капитал салымын қажет етіп, көп уақытқа созылатындықтан, Үкімет оны мақұлдауға батылы бара бермейді. Мұндағы мемлекеттің мақ­танышы – Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ). Оның тұсауы Лондондағы road-show кезінде кесілген. Осы жоба үшін МЖӘ және концессиялар туралы заңдарға өзгеріс енгізілді. Жергілікті билік сол үшін тұр­ғындардың жерін сатып алып, жылжымайтын мүлкін сүрді. Құ­рылысы 2018 жылғы 31 мамырда қолға алынған оның құны әу баста жарты триллионға бағаланды. Бертінде 180 миллиард теңге қажет болатыны нақтыланды. Әйтсе де, ҮАААЖ салушы кон­сорциум қатысушыларының бірі – Кореяның SK Engineering & Construction компаниясы Еуропа қайта құру және даму банкі кіретін үлкен топпен бірге 580 миллион доллар қарыз тарту туралы келісімге қол қойғандарын хабарлады. Бұл 232 миллиард теңгеге тең. Осы несие ақшаға ҮАААЖ салушы түрік-корей консорциумы төл 160 миллион доллар қаражатын қосады. Айналма жолдың жалпы ұзын­дығы – 66 шақырым, ал ені 4-6 жолақты құрамақ. Оны салудағы басты мақсат – екі халықаралық автомагистраль – «Қорғас–Ал­маты–Бішкек–Тараз–Шымкент–Ташкент» жолының және «Алматы–Қарағанды–Нұр-Сұлтан–Петропавл» жолының қиылысында айналма трасса тұр­ғызып, Алматының ішкі жол­дарын артық жүктемеден арылту, экологиясын тазарту болмақ. Онда сағатына 120-150 шақырым жылдамдықпен зымырауға рұқсат етіледі деп күтілуде. ҮАААЖ-да 8 айрық жол және 39 көпір тұрғызылады. 2038 жылға қарай жоба ең жоғары қарқынға жетіп, оның бойымен бір күнде 67 мың автокөлік жүреді деп болжануда. Алдын ала тариф бойынша, айналма жолға кіру жеңіл көліктерге 200 теңге, жүк көліктеріне 280 теңгеге түспек. 2037 жылы ҮАААЖ республика меншігіне өтуі тиіс. Енді ғана басталған құрылысы 4 жылға созылады деп жоспарланған.  

Даму емес, делдалға ақша шашу

Мемлекеттің экономикаға араласуының теріс салдары да бар. Мәселен, елордада электр қуатын, жылуды және суды жеке сектор өндіріп, таратады. Сол үшін тұтынушылардан ақыны әкімдіктің делдал кәсіпорны жинайды. Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова ТЖ мемко­мис­сиясының биылғы 11 мамырдағы қорытынды отырысында ел Пре­зи­денті экономиканың жаңа құрылымын құру туралы тың міндет қойғанына назар аудартады. Экономиканың жаңа құрылымын құру бірінші кезекте мемлекеттің ондағы рөлін қайта қарауды қарастырады. Дамыған елдер қабылдаған Yellow Pages Rule қағидаты бизнес өркендетіп отырған салаларға мемлекеттің қатыспауын талап етеді. Қа­зақстан осы қағиданы ендіруге осы­мен үшінші рет талпынуда. «Жалпы, мемлекет кәсіп­керлігінің шекаралары нақты айқындалуы тиіс. Мемлекет ең ал­дымен бизнестің жаңа түр­ле­рін түзуге көмектесу үшін ғана кә­сіпкерлікпен шұғыл­дануы керек. Ол отандық кәсіпорындармен бәсекеге түспеуі, олардың үстінен табыс табуға тырыспауы қажет. Біз, Мәжіліс депутаттары елордадағы коммуналдық тарифтер есебінен күн көретін кәсіпорындардың –«Астанаэнергосервис» және «Астанинская ЭнергоСбытовая Компания» ЖШС-ының жо­йылуына қол жеткіздік. Қала­лық әкімдік өз шешімінде аталған дел­далдардың жұмысы экономи­калық тұрғыдан тиімсіз болғанын растады», – дейді депутат. Алайда жергілікті шенеу­ніктер қулыққа басыпты. М.Қазбекованың мәліметінше, әкімдіктің «Астанинская Энерго­Сбытовая Компания» ЖШС орнына «Астана қалалық жарық» атты жаңа ЖШС пайда болған. Ол да жоғары тарифпен ақы төлейтін заңды тұлғаларды энергиямен жабдықтаумен айналысады. Қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ел Үкіметі дағдарысқа қарсы шаралардың бірнеше топтамасына триллиондап ақша бағыттауда. Миллиардтар тасқыны бизнесті несиелеуге арна тартты. Бірақ депутаттардың байламынша, шағын және орта бизнесті қаржыландыру жүйесі тиімсіз жұмыс істеуде. Өйткені бұл салаға тағы да мемлекеттік делдал кіріп кеткен. «Бәйтерек» холдингіне кіретін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ парламентшілердің қатаң сынына ұшырады. Үкімет шешімімен бұл қор елдегі шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылай қолдаудың операторы болып бекітілген. Қор басшылары жоғары жалақы, бонус, сыйақыға бөгіп, ел ақшасын төгіп келеді. Содан гүлденіп кеткен бизнес жоқ. Орта бизнес экономиканың ұстынына айнала алмады. «Даму қорының негізгі қызметі – бюджет есебінен пайыздық став­каны субсидиялау. 2020 жыл­дың 4 айында қор 703 жобаны қолдапты. 2010 жылдан бері 15,8 мың жоба субсидияланған. Осыған 264 миллиард теңге ел қаржысы шығындалды. Бұдан елге қандай экономикалық немесе әлеуметтік қайтарым, пайда кел­ді? Бұл сауал жауапсыз қалуда. Даму қорының барлық жұмысы – бюджеттің субсидияларын ком­банктер клиенттеріне ұзату ғана. Қарапайым тілмен айтқанда, Даму – бюджет пен банктер арасындағы жай ғана делдал», – дейді депутат А.Жамалов. Соған қарамастан қор шы­ғын қордалаудың шебері: 2018 жылы Даму шығыны 11,9 миллиард теңгеге жетті. Отан­дық бизнес дамуы үшін оның банктен алатын несиесін субси­диялап арзандатуды Үкімет ондаған жылдан бері ілгерілетіп келеді. Осы мерзімде аталған процесті автоматтандыра салуға да болатын. Сонда «Даму» АҚ-ын, оның мол жалақылы бас­шылары мен менеджерлерін, 20 құрылымдық бөлімшесін, 18 филиалын ұстап тұруға қажеттілік болмас еді. Мемлекеттің экономика мен бизнеске араласуы шынында да салмақты көзқарас пен жүйелі тәсілді қажет етеді.  

Елдос СЕНБАЙ