Рейтингте де рейтинг бар...
Рейтингте де рейтинг бар...
196
оқылды
Еліміз басқа да түрлі ұйымдардың тізімінде түрлі көрсеткіштерді иеленеді. Осы арада заңды сұрақ туындайды. Ғаламдық рейтингтер қалай түзіледі? Олар қаншалықты сенімді, қаншалықты бейтарап? Алдымен Халықаралық ме­неджментті дамыту институтынан бастайық. Бұл ұйымның рейтин­гіне 63 мемлекет қатысады. Рей­тинг 235 индикаторға негізделеді. Оның өзі 4 санатқа бөлінеді: эко­номикалық көрсеткіш, ин­фра­құрылым, үкіметтің тиімділігі және бизнестің тиімділігі. Ал 141 ел мен 103 индикаторды қамтитын Дүниежүзілік эконо­микалық форумның рейтингі адам капиталының жағдайы, оның ішінде оқып-тоқуға қол­жетімділік мен білім сапасы, бі­ліктілікті арттыру мүмкіндігі, жұ­мыспен қамтылуы, экономи­каға араласуы сияқты 46 көрсет­кіш бойынша түзіледі. Жалпы, рейтинг жасаумен айналысатын арнайы агенттік көп. Бәріне бірдей көзсіз сене берудің қажеті жоқ. Өйткені олар­дың бейтараптығына күмән бар. Әлемде онша бағаланбайтын, аты мен заты беймәлім кейбір ұйым­дар ақшаға сатылуы мүмкін. Бел­гілі бір мемлекеттер өзінің ішкі саясатында халқына мақтану үшін оларға ақша төлеуі ғажап емес. Ең негізгі, ең абыройлы ұйым – Дүниежүзілік эконо­ми­калық форум. Оның жиыны жыл сайын қаңтар айында Швейца­рияның Давос қаласында өтіп тұрады. Онда әлем елдерінің сая­си элитасы мен ғалымдары бас қосып, өткен бір жылды қорытын­дылайды. Экономика қалай да­мыды? Қандай бағыттар басым түсті? Қай бағыттар әлсіреді? Осының бәрі жан-жақты сарапқа салынып, бағамдалып, алдағы уа­қытқа жоспар құрылады. Неліктен әр ұйымның индек­сінде әртүрлі позицияда тұрамыз? GSB UIB директорының орын­басары Мақсат Халықтың ай­туын­ша, мұның басты себебі рей­тингке енетін мемлекеттердің са­нына және ашықтығына байла­нысты. Кейбір елдер өз еркімен ықылас танытып, статистикалық мәліметтерді жасырмай салып қояды. Ал Иран, Солтүстік Корея сияқты жабық режимдердің жағ­дайын бағалау өте қиын. – Өз басым рейтинг қуалаудың керегі жоқ деп ойлаймын. Себебі елдің ішкі әлеуметтік жағдайы әлдеқайда маңызды. Бірақ кей уақыттарда рейтинг қуалаған жақ­сы ма деп қаламын. Неге де­сеңіз, біріншіден, биліктің халық алдында есеп беруіне, екіншіден, рейтингтерде жақсы көрініп, мемлекетке инвестиция тартуға бұл – таптырмайтын тәсіл. Биз­нес­тің ашықтығы, қауіпсіздігі, т.б. индикаторлар шартараптағы транс­ұлттық компаниялар мен ин­весторларды қызықтырады. Олар неғұрлым экономикасы тұ­рақты, заң үстемдік құратын мем­лекетке ақша салып, бизнес жүр­гізуге мүдделі, – дейді экономист. Алайда бәсекеге қабілеттілік рейтингінде мемлекеттің иеле­нетін орны мен халықтың әл-ауқатының деңгейінде айырма­шылық жылдан-жылға алшақтап барады екен. Рейтингті бағалау екі бағытта жүзеге асырылады: бірін­шісі – макроэкономикалық ин­дикаторлар, яғни жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім. Екіншісі – адами капитал, елдің білім деңгейі, өмір сүру ұзақтығы. Мамандар елдің әлеуметтік жағ­дайын анықтайтын негізгі көрсет­кіш ретінде ЖІӨ-ні басшылыққа алады. Егер жан басына шаққан­дағы ЖІӨ 10 мың доллардан тө­мен болса, онда бұл – кедей ел, 2 мың доллардан төмен болса – өте кедей, 10 мың доллар мен 20 мың арасында болса – орташа, 20 мыңның үстінде болса, бай мем­лекет деп жіктеледі. Бірақ қазір дүниежүзіндегі маңдайалды эко­но­мистер «ЖІӨ халықтың тұр­мысын айқындайтын көрсеткіш болудан қалып барады» деген тұ­жырымға тоқтапты. Енді мүйізі қарағайдай ғалымдар «Халықтың тұрмысын қандай критерийлер бойынша бағалауға болады?» деген мәселеге бас қатырып жа­тыр екен. Бұл әдіс ғасырлар бойы өзгермегендіктен, әлі басқа ба­лама табылған жоқ. Әлеуметтанушы Айсұлу Мол­да­бе­кованың сөзінше, әрбір рей­тинг нақты бір ғалымның, нақты бір ұйымның әдістемесі бойынша жасалады және бұл әдістеме жыл сайын өзгеріп отырады. – Қазақстанның 8-орынға тү­суі секілді мұндай ауытқулар елдің даму деңгейіне ғана қатысты емес, әдістемеге де қатысты. Әлем­дегі басқа мемлекеттердің жағдайы да әсер етеді. Мысалы, бір елде позиция төмендесе, Қа­зақстан автоматты түрде көтері­леді немесе керісінше болады. Сондықтан мен барлық рейтинг сенімді деп айта алмаймын. Кез келген рейтинг – сандық өлшем. Ондағы кейбір көрсеткіштер шы­найы ахуалды суреттесе, кейбірі өтірік. Мысалы, еңбек жағдайы жөнінен Қазақстанның пози­ция­сы тәуір. Дегенмен өмірде өзге­шелеу. Көп жерде Еңбек кодексі сақталмайды. Ұжымдық келісім­шарттар бұзылады. Немесе кері­сінше. Кейбір индексте көрсет­кі­шіміз төмен болса да, елімізде салыстырмалы түрде жақсы бо­лып жатады, – дейді сарапшы. Хош. Ал Қазақстан Үкіметі халықаралық бағалауға мән бере ме? Мұндай рейтингтер шешім қа­былдау процесіне ықпал ете ме? Біздің ойымызша, иә, билік ірі рейтинг агенттіктерінің орынды ұсыныстарын экономикалық жә­не саяси реформаларды жүзеге асыру кезінде пайдаланады. Өйт­кені жаһандық көрсеткіштерді елемей қоюға болмайды. Мұндай рейтингтер әлемдік сахнадағы елдің имиджін қалыптастырады. Алайда жаңағы пікірлерді де жоқ­қа шығару қиын. Кейбір рей­тинг­тердің әзірлеу әдістеріне қатысты сарапшылардың сауалы сансыз. Әдістің көбі белгілі бір елдердің тәжірибесі негізінде әзірленген, оны оңды-солды үлгі ретінде қол­дану – қателік. Әр мемлекеттік әлеу­меттік және мәдени ерекше­лік­терін ескеру керек. Рейтинг жа­­саушы агенттіктер егемен елдер­ге ықпал ету құралы болмауы тиіс.  

Айдар ДӘУІТҰЛЫ