Путин кімнің жерін жоқтап жүр?
Путин кімнің жерін жоқтап жүр?
312
оқылды
Путиннің мәлімдемесі қазақ қоғамын біраз дүрліктіріп, жұрттың зығырданын қайнатты. Осыған ұқсас «жер дауын» орыс зиялылары бұрыннан ара-тұра қоздатып қоятын. Ал мемлекет басшысының аузынан шыққаны – осы. Ізінше бір күннен кейін Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков президенттің даулы сұхбатын өзінше тәпсірлеп бақты. «Ресейдің көршілеріне аумақтық талабы жоқ. Путин «сыйға берілген» жерді емес, республикалардың одақ құрамынан шығу процесін егжей-тегжейлі қарастырмаған Совет конституциясын мысалға келтірді» деп ақталды. Әрине, ақталуға міндетті де. Қазақстан мен Ресей арасында территориялық тұрғыда шешілмеген мәселе жоқ. Еліміз ха­лықаралық талаптарға сай шекараны толықтай белгілеген. Сондықтан жерімізге өзгелердің көз алартуы заңсыз. Жалпы, қазақ қоғамында мұндай сөздер ылғи қарсылыққа ұшырайды. Жириновский, Лимонов, Шафаревич, Бондарев, Распутин сияқты орыс қай­раткерлері Қазақстанның солтүстік өңірін байырғы орыс жері деп санайды. Сонау 1990 жылы ұлыдержавашыл жазушы Александр Солженицын «Как нам обустроить Россию?» атты мақаласында Қазақстанның 5 облысына таласқан. Сол кезеңде қазақтың қабырғалы қаламгерлері өре түрегеліп, аттан салған. Әсіресе, Әбдіжәміл Нұрпейісов «Известия» бетінде «Чужая и своя боль» атты ма­қала жариялап, Солженицынның мәнсіз, қисынсыз талабын тарихи, жағрафиялық деректермен жоққа шы­ғарған. Шовинистік пиғылдағы орыс зиялыларының пікірінше, қазіргі Солтүстік Қазақстан – орыстың жері, оны большевиктер қазақтарға кесіп беріпті-міс. Кейде олар қызды-қыздымен терістік аймақты азырқанып, атамекен жеріне Жетісуды да енгізіп жібереді. Бұған енді не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің... Айтпақшы, 1996 жылы көрнекті қазақ жазушыларының үлкен бір тобы «Комсомольская правда» газетін Солженицынның «Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосу керек» деген сұхбатын жариялағаны үшін айыптап, қатты сынады. Газеттің таралуына Қазақстанда тыйым салынсын деген талап күшейді. Бұл талапты Қазақ­станның Бас прокуроры да қолдап, Солженицынның ойларын «тәуелсіз елдің ішкі ісіне араласу» деп сипаттады. Жан-жақты қысымнан кейін «Комсомолькая правда» газеті амалсыз кешірім сұраған. Биыл дәл осы басылым Қасым-Жомарт Тоқаевпен сұхбаттасып: «Қазақстан, мәселен, Ресей мен Беларусь сияқты одақтас мемлекеттің құрамына кіруі мүмкін бе?» деген жымысқы сұрақ қойды. Президентіміз дипломатия жөнімен тігісін жатқызып: «Ресей мен Беларусь сияқты одақтас мемлекеттің құрамына қосылу біздің жоспарымызда жоқ», – деп сыпайы ғана тойтарып тастады. Қоғамда «Ресей Қазақстанның сол­түстік өңірін Қырым секілді тартып алуы мүмкін» деген қорқыныш бары айдан анық. Белорусь президенті Александр Лукашенко Euronews телеарнасына берген сұхбатында Ресейдің Қырымды өзіне қосып алу саясатын сынап: «Біреулер Қырым Украинаға қарамауы қажет еді, Қырым – Ресей территориясы деп жүр. Бұл дұрыс емес. Ендеше Бату ханның кезеңіне оралайықшы… Онда Қазақстан мен Моңғолияға және басқаларға Ресей территориясын қайтарып беру керек», – деп тіліп түскен. Рас, бәзбіреулер «байырғы жеріміз» дейтін аумақтың көбі бір кездері отарланған, жауланған, жергілікті тұрғындары ассимиляцияланған жер екенін қалай жасырамыз? Айтқан сайын аузың қышиды. «Бұл кімнің жері?» деген сауалдың жүзіне тура қарасақ, орыстың  бірсыпыра қаласы мен даласын «менікі» деуге қазақтың да хақысы бар. Әйтпесе, Ресейдегі Қорған (Курган), Орынбор (Оренбург), Түмен (Тюмень), Сарытау (Саратов) Қажы Тархан (Астрахань) сияқты атаулар қайдан шықты? Тарихқа тым тереңдеп кетудің арты жақсылыққа апармайды. Мысалы, Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» кітабында: «Украинаның бір қоғам қайраткері ашу-ыза үстінде: «Ресей өзінің Мәскеу князьдігі кезіндегі шекарасына қайта түскенше біз өзімізді қауіпсіз сезіне алмаймыз» деген екен. Бұл арада Мәскеу князьдігінің  яғни, орыс жұртының әуелгі шекарасы туралы сөз бекерге айтылмаған» деп тұжырады. Жарайды, бас жаққа барыспай-ақ қояйық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы­таудағы әйгілі сұхбатында: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз», – деген еді. Артынша Владимир Путин «Селигер» жастар форумында өзінен Қазақстан жайлы сұраған студент қызға: «Қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған» деді. Ресей президентінің сөзіне қоғамның бір бөлігі шуылдап барып басылды. Ал Қазақстан билігі іле-шала Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға кірісті. Түсіне білгенге бұл да – бір емеурін. Қысқасы, кімде-кім жерімізге көз алартамын десе, Ресейге жапсарлас жатқан халықтардың тарихын, Гумилев, Карамзин, Соловьев, Ключевский сынды өз ғалым­дарының еңбегін зерделеп оқығаны жөн. Тіпті, қазақ даласын отарлауға келген Кириллов, Татищев, Неплюев, Скобелевтердің жолсапарында да бәрі тайға таңба басқандай анық жазылған. Кей сарапшылар Путиннің жаңағы мәлімдемесін кезекті саяси пропагандалық әдіс деп есептейді. Яғни, Ресей басшысы өз халқының алдында ұпай жинамақ. – Кезекті мәлімдемесі арқылы Путин біреудің жеріне басып кіремін деген жоқ. Бұл – жай жазғыру немесе зіл тастау. Жер дауы, жесір дауы – қай халықтың да жанды жері. Тарих безбеніне салсақ, осы күнге дейін біреу екінші біреуге бірдеңе берген, содан соң қайтарып алған, кейін тағы берген. Ол тарихтың еншісінде. Ал ескі жараның аузын тырнау, сөйтіп саяси ұпай жинау, халықты өзінің артынан ерту саясаты – Ресей басшысының бір тактикасы. Оған етіміз үйренді, – дейді саясаттанушы Талғат Қалиев. Біреулер мұндай дүниелерге мүлде назар аудармау керек дейді. Иә, деген ауыз дей берсін, жеген ауыз жей берсін деп жүйкені жұқартпай, тып-тыныш отыруға болар еді. Бірақ оқтын-оқтын мінез көрсетіп тұрған да дұрыс сияқты. Қазақ жерінің тұтастығына күмәнданған әр адамға қатаң жауап қату қажет. Мейлі, басшы болсын, мейлі, қосшы болсын. Ең бастысы, ондай орыс патриоттары бірінші кезекте өз отандастарының танымын лайлап, өзіне де, өзгеге де кесірлі шовинистік пиғылын өршіте түсетінін түсінсе дейсің.  

Еркебұлан НҰРЕКЕШ