Оқушы көп, орын аз
Оқушы көп, орын аз
241
оқылды
 Бұл мектептерде 128 мыңнан астам бала білім нәрін алып жатыр. Тәуелсіздік алған жылдары қалада 162 мектеп болса, оның тек 13-і ғана қазақ тілінде білім берген. Егемендігімізді жариялаған уақытта Алматыда қазақ тілінде білім алатын 15 мыңға тарта оқушы болыпты. Сандарды салыстырып қарасак, ілгерілеушілік бар екеніне қуанасың. Ендігі мәселе не? Мәселе – мектептердегі орын тапшылығы. Бүгінде қала мектептерінде 30 мың­нан астам орын жетіспейді. Бұл – басы ашық мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте де осы мәселені сынға алған болатын. Қазір елдің бәрінің көзі ашық, көкірегі ояу. Кез келген ата-ана баласының жақсы мектепте білім алып, өмірде өз орнын тапқанын қалайды. Көз қуанышының заман ағымынан қалып қоймауын тілейді. Сондықтан да қала маңындағы елді мекендерден баласын орталықтағы білім ордасына таситындар көп. Тек өткен оқу жылының өзінде қалада оқушылар саны 17 мыңға көбейген. Әсіресе, 15 мектепте бір сыныпта 30-35 оқушы білім алып жатқанын Алматы қаласы Білім басқармасының бұрынғы басшысы Гүлнар Қожабергенова да айтқан болатын. Ата-ана ретінде біз де мектепте бала оқытып отырмыз. Бір сыныпта 30-35 бала болуы бер жағы екенінен де хабардармыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезде «Кейбір мектептерде бастауыш сыныптарда 40 балаға дейін бар. Маған №173 лицейде оқушылар саны бір сыныпта 50-ге дейін жеткенін айтты. Бес жылдың ішінде бар болғаны 4 200 орындық 5 жаңа мектеп салынған. Демек, бір жылда бір мектеп қана. Бұл өте қанағаттанарлықсыз көрсеткіш» деген болатын. Санитарлық нормаларға сәйкес, сыныпта әр балаға 6 шаршы метр орын болуы керек. Бірақ бұл талап орындалып жатпағаны айдан анық. Бұл қалаға жаппай қоныс аудару мен туу көрсеткішінің өскенінен орын алып отырған жағдай. Әрине, өскеніміз, көбейгеніміз жақсы. Әлемдік картада жер көлемінің үлкендігі жағынан 9-орын алатын Қазақстанда халықтың өскені бөркімізді аспанға атып қуанатын жағдай. Дегенмен өсіріп отырған балаларымызға лайықты мектепте білім беріп, үлкен өмірге жол көрсете алмасақ, өкініштісі сол. Расында да, халықтың өсім көрсеткішіне сай білім мекемелерін салып үлгермей жатырмыз. Ал бір сыныпта 30-35, тіпті 45-50 баланың болуы олардың лайықты білім алуына кері әсерін тигізері сөзсіз. Қазір сабақтың уақыты бұрынғыдай 45 минут емес, 40 минутқа қысқарған. Міне, осы 40 минут сыныптағы 40 балаға қаншалықты көңіл аударуға жетеді? Әр балаға бір минуттан келеді делік, сонда мұғалім оқушыдан үй тапсырмасын сұрауға, өзінің сабақ түсіндіруіне уақытты қайдан алады? Кейбір сабақты дұрыс түсінбей қалған оқушы ұстазынан «Осы бір жерін қайта түсіндіріп жіберіңізші» деп сұрай ала ма? Жоғары сыныптарда күніне 7 сабаққа дейін болады. Сонда қазіргідей коронавирус инфекциясының ушығып тұрған кезінде балаларды сабаққа жіберудің өзі үлкен тәуекел емес пе? Аядай сыныпта 35-40 баланың 7 сағат бойы отыруының өзі көзге елестете алмайтындай-ақ жағдай. Егер балаларды бөліп оқытатын болсақ, біз құтыла алмай жүрген екі ауысым емес, үш ауысыммен оқытуға тура келеді. Ол кезде мұғалімдерге салмақ түсері анық. Алматы билігі мектептерде орын тапшылығын жоюда қам- қарекетсіз отырған жоқ. Үкімет «Жұмыспен қамту жол қартасы» бағдарламасы арқылы 2020-2021 жылдары білім беру мекемелерін тұрғызуды ұсынған. 12 900 орындық 8 мектеп құрылысы қазірдің өзінде басталып кетті. «8 мектептің біреуі Рахат ауданында. 2020 оқу жылының басына дейін 1 800 орындық 2 мектеп, бұрынғы мектеп­тердің жанынан 2017 орындық қосымша ғимараттар салынады», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев. Таяуда қала басшысы Әуезов ауда­нының тұрғындарымен кездесті. Олар көтерген ең өзекті мәселенің бірі де осы – мектептердегі орын тапшылығы. Бүгінде ауданда 5 365 орын жетіспейді. 6 мыңға жуық адам тұратын «Мамыр» ықшамауданында 1 200 орынды мектеп салынуда. Жаңа оқу жылында салынып жатқан осы мектепті және «Ақсай-3а» ықшамауданындағы №123 мектеп жанындағы 400 орынды қосалқы нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Бұлардан өзге, биыл бес мектеп жанынан жалпы сыйымдылығы 3 550 орынды қосалқы нысандардың құрылысы басталмақ. Олар – №6 мектеп іргесіне салынатын 900 орынды, №117 мектеп қасына салынатын 900 орынды, №133 мектеп жанынан бой көтеретін 400 орынды, №132 мектеп іргесіне салынатын 800 орынды және №121 мектеп қасынан салынатын 550 орынды нысандар. Осылайша, Әуезов ауданында мектептердегі орын тапшылығы іс жүзінде оң шешімін таппақ. Жалпы, қала бойынша мектептерде 30 мың орын жетіспейтінін айттық. Халықтың саны өсуіне орай келер оқу жылында бұл көрсеткіш екі есеге артатын болады. Сондықтан 2020-2021 жылдары 16 жаңа мектеп және 23 қосалқы нысан салу жоспарланған. Мұнда шамамен 47,5 мың орын болады. Яғни, орын тапшылығы 80 пайызға қысқарады. Құрылыс «Жұмыспен қамту жол картасы», «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» бағдарламалары мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша әрі жеке кәсіпкерлікті ынта­ландыру арқасында жүруде. Әйтсе де, қала басшысы қазіргі халық санының өсіміне байланысты мектепте орын тапшылығы мәселесі әлі де алдымыздан шығатынын айтып отыр. Сондықтан осы мәселені шешу механизмі ойластырылғанын, алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар жүргізіле беретінін айтты. Расында да, қаланың ауқымы кеңейіп, халық санының өсіп жатқаны бұл мәселені үнемі назардан тыс қалдырмауды талап етеді. Әйтпесе, жас ұрпақтың заман талабына сай білім алуына қолдан кедергі жасайтынымыз анық.  

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ