Оқушылар тасымалы жолға қойылды
Оқушылар тасымалы жолға қойылды
269
оқылды
Жұрт көңілінің төрінен орын алған азамат деп отырғанымыз, осыдан екі жылдан астам бұрын Нарынқол аймағы өз алдына дербес аудан болып қайта құрылғанда батыр бабамыз Райымбек атымен аталып, қайта өмірге келген ауданды басқару сеніп тапсырылған Жолан Омаров. Жастығына қарамастан, бұған дейін де бірқатар лауазымды міндеттерді мінсіз атқарған азамат жаңа ауданда бір жылдан астам жетекшілік еткенде бірталай шаруа­ның басын қайырып, шекаралы ауданның шырайын келтіруге бар күшін салды. Іргелі істері халықтың ойынан шықты. Сондықтан да болар, былтыр жазда облыс басшылығы Омаровты Алматының іргесіндегі халқының саны көп, шешімін күткен проблемалары да жетіп артылатын Талғарға басшылыққа ауыстырғанда,  нарынқолдықтар Жоланды қимай шығарып салған. Содан бергі кезеңде Талғардың жаңа әкімі жергілікті тұрғындар талғамына жаққан талай істі жүзеге асырды. Соның бірі ретінде білім ошақтары әлі салынбаған, жаңадан бой көтерген  кішігірім елді мекендердегі оқушыларды басқа ауылдардағы мектеп­терге тасымалдайтын автобустар мәселесін түбегейлі шешкен қадамын айтуға болады. Облыстың Алматы қаласы маңына орналасқан аудандарында көші-қон қарқыны тым жоғары. Көші-қон дегенде, басқа жаққа қоныс аударушылар  жоқ, оның есесіне еліміздің әр қиырынан, басқа мемлекеттерден көшіп келушілер баршылық. Өйткені бұл аймақтың табиғаты тұрмысқа қолайлы, ауа райы жұмсақ. Іргеде еліміздегі ең үлкен мегаполис орналасқан, жұмыс табу да жеңіл. Осылардың барлығы жайлы қоныс іздегендерді осы жаққа тартады. Соның нәтижесі болар, бүгінде Алматыдан Қаскелеңге, Талғарға, Өтеген батырға, Ұзынағашқа, Есікке, Қапшағайға апаратын жолдардың бойында ине шаншар орын жоқ. Іркес-тіркес ауылдар. Елді мекен пайда  болған соң, онда үлкендермен бірге оқушылар да көбейеді. Олардың оқудан қалмауы керек. Қатары жыл сайын өсетін мектеп жасындағы балаларды білім ошақтарына тасымалдау соңғы жылдары күрделі мәселеге айналып, жиі-жиі қоғамдық пікірлерге, талқылауларға өзек болады. Талғар ауданында да осындай жағдайлар жиі көрініс беретін. Әкімдікке тағайындалысымен жұмы­сын аудандағы ауылдарды түгел аралап, жергі­лікті тұрғындарды толғандыратын, алаң­дататын мәселелермен танысудан бастаған, ештеңені назардан тыс қал­дырмауға тырысқан  Жолан Омаров сол сапарлары барысында білім саласына айрықша көңіл аударды. Саладағы ең өзекті проблеманың бірі елді мекендердегі балаларды мектептерге тасымалдайтын автобустарға қатысты еке­нін көріп, көңілге түйді. Бар-жоғы үш-ақ автобус. Оның барлығы ескірген, тап-тар, жүргенінен тұрғаны көп. Біреуі жүрсе, екеуі жөндеуге тоқтайды. Ақыры күні кеше аудандық бюджеттен арнайы бөлінген қаражатқа 8 мектепке жап-жаңа 10 автобус сатып алынды. Түсі де шетелдердегідей, балалар тасымалына лайықталған сары автобустар 15 елді мекеннің балаларын білім ошағына  тасы­малдайтын болады. Алдағы оқу жылы­нан бастап Еркін, Төңкеріс, Рысқұлов, Туғанбай, Кіші Байсерке, Панфилов, Нұра және Алмалық ауылдарындағы мектептерге барып оқитын оқушылар енді қиналмайды. Біз алдағы кезде де білім саласын қолдауға қатысты жұмыстарды жалғас­тырамыз. Ауданда оқушылар саны жылдан-жылға артуда. Бұған қуану керек. Халқымыздың саны артып келе жатқанының көрінісі. Ал сол болашақ иелерінің бүгінгі заман талабына сай, сұранысына лайықты азамат болып өсуіне барлық жағдайды жасау – біздің басты міндеттеріміздің бірі әрі маңыздысы, – дейді аудан әкімі.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы