Қазақстанда отбасында жанжал шығарғандар баспанадан 10 күнге шығарылады
Қазақстанда отбасында жанжал шығарғандар баспанадан 10 күнге шығарылады
Қазақстанда отбасында жанжал шығарғандар баспанадан уақытша шығарылады және психокоррекциялық бағдарламадан өтуге міндеттеледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Нұркина айтты. «Парламентте депутаттар корпусы ұсынған Отбасылық-тұрмыстық зорлыққа қарсы іс-қимыл заң жобасы талқыланып жатыр. Талқылау барысында оның атауы «Тұрмыстық қарым-қатынастағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл» деп өзгертілді. Талқылау жұмыстары өте белсенді жүріп жатыр, оған осы саладағы ең белсенді қоғамдық бірлестік өкілдері шақырылған», - деді А. Нұркина Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өткізген онлайн жиналыста. Оның айтуынша, бұл бастаманы депутаттар ұсынып отыр. «Депутаттар зорлық-зомбылық фактісі болып, адам өміріне қауіп төнген жағдайда отбасылық агрессор мен жәбірленушінің 10 күнге дейін бір баспанада тұруына тыйым салу бастамасын қолдады. Сот қарым-қатынасы орнаған жағдайда, құқық бұзушы психокоррекциялық бағдарламадан өтуге міндеттеледі. Қажет болған жағдайда өзге баспанасы бар-жоғына қарамастан ортақ баспанадан уақытша шығуға да мәжбүр болады», - деді депутат. Қазіргі уақытта түзетулер мен өзгерістердің алғашқы бөлігі Үкіметке жіберілген. Осы аптада өзгерістердің тағы бір бөлігі жолданады.