Елорда күніне орай балалар мерекесін ұйымдастыру игі дәстүрге айналған. Кітапхана мен Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасына қарасты мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бірлесіп ұйымдастырады.
Биыл мерекелік іс-шараны №35 «Ертегі», №72 «Жанарым» балабақшалары бірлесіп өткізді. Балалар өлең оқып, ән айтып, би биледі. Самұрық туралы аңыз ертегі көрерменнің қолдауына ие болды.
– Елорда күні – біздің Аймерей үшін оның шығармашылығының бастауы. Көпшіліктің алдында өнер көрсетуге жарты жыл бойы дайындалды. Елорда күні – сүйкімді мереке», – деді көрермен Мәдина Мұсатаева.
Іс-шараға қатысқандарды құттықтаған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының канидаты Ботагөз Қайыпова жаңа буынды тәрбиелеуде балалар мерекелерінің маңызын атап өтті.
– Біз балақайлардың сахнадағы өнеріне тәнті болдық. Отан, астана туралы өлеңдерін оқыды. Оларға қарап, елімізде қуатты да дарынды, келешегі мол жастар өсіп келе жатқанын жақсы сезіндік. Елорда күнімен құттықтаймын! – деді Ботагөз Қайыпова.
№35 «Ертегі», №72 «Жанарым» балабақшаларының тәрбиешілері мен әдіскерлеріне Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжановтың атынан алғысхат табысталды. Балаларға елорда күніне орай сыйлықтар үлестірілді.