Алматыда дәріханаларда термометр мен дене қызуын түсіретін дәрі тапшы
Алматыда дәріханаларда термометр мен дене қызуын түсіретін дәрі тапшы
Алматы қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті дәрі тапшылығы туындағанын хабарлады. «Шектеу бітуіне байланысты Алматыда респираторлық вирус инфекциясының өскені байқалады. Атап айтқанда, коронавирус инфекциясының да өскені рас. Осы жағдайда неғұрлым жиі қолданылатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сұраныс өсті. Әсіресе, термометрге. Бұл ретте көп азаматтар әлеуметтік желілердегі бейресми кеңестерге және өз таныстарының кеңестеріне сүйене отырып, өз бетімен емделу үшін дәрілік заттар сатып ала бастады», - делінген хабарламада. Мамандар қаладағы көтерме сауда компаниялары мен дәріханаларға жүргізілген мониторинг бойынша дәрілік препараттар жеткілікті деп сендірді. «Қаладағы дәріхана мен қоймаларда 24 370 қорап Парацетамол 0,5 №10 бар, сондай-ақ «Инкар» және «Медсервис плюс» компанияларына 450 000 қорап дәрі әкелінді. Олар қазір кедендік рәсімдеуде тұр. Одан бөлек, Панадол, Эффералган, Фервекс, Колдрекс, Күн/Түн, және басқа да құрамында парацетамол бар дәрілер жеткілікті. Ацикловир дәрілік затының вирусқа қарсы ұқсас түрлері Инговерин, Тамифлю, Кагоцел жеткілікті. 68 480 қорап Инговерин 90 дәрісі сертификаттан өтіп жатыр. Шілдеде сатылымға түседі» деп хабарлады департамент. Ал термометрге қатысты көтерме фармкомпаниялармен Қазақстанға осы медициналық бұйымды жылдам жеткізуге келіссөз жүргізіліп жатыр. Өнімді өндіретін елдерде үлкен сұраныс болғандықтан (Ресей, Қытай Халық Республикасы) және басқа да елдерге шығарлатындықтан шектелген көлемде жеткізіліп жатыр. «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біз халықты өз бетінше емделмеуге шақырамыз. Әсіресе антибиотик қабылдамау керек. Өйткені бұның салдары қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін. Әлеуметтік желілерде пайда болған фейк жаңалықтарға сенбеуге шақырамыз. Аурудың алдын алу мақсатында қазіргі уақытта дәруменге бай тамақтарды көп ішу қажет. Дәріхана ұйымдарына фармацевтикалық қауымдастық және тікелей рецептсіз өткізілетін дәрілік заттардың санын шектеуді ұсынамыз», - дейді департамент мамандары.