Алматыдағы шеру алаяқтардың әккі әрекетін әшкереледі
Алматыдағы шеру алаяқтардың әккі әрекетін әшкереледі
154
оқылды

«Сарыарқа» саябағына жиналған алматылықтар арандатушыларға қарсы пікірлерін ашық айтып, ойларын ортаға салды.

Бейбіт шеруге барлық саланың өкілдері қатысты. Олардың ішінде қалалық кәсіпорындардың жұмысшылары, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, белгілі спортшылар және ел ертеңіне бейжай қарамайтын белсенді азаматтар бар.

Митингке қатысушылар барлық қазақстандықтарды ел дамуының негізі болып саналатын қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға шақырды. Мінберге шығып сөз алғандар өзекті мәселелерді шешудегі «Nur Otan» партиясының рөліне тоқталып, барлық нәрсеге байыппен қарау керектігін айтты.

Белгілі ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан қазір алаулатып, жалаулататын уақыт емес екенін, еліміздің жаңа тарихи және саяси кезеңі басталғанын айтты.

– Жаңадан сайланған ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кез келген мәселені ашық диалогқа салып, халықпен пікірлесе отырып шешуді ұсынып отыр. Сондықтан барлық мәселені ақылмен, салқынқандылықпен шешіп, елімізді жаңа деңгейге көтеретін кезге келіп отырмыз, – деді Ж.Әшімжан.

Ал белгілі қаламгер Қали Сәрсенбай қазақтың талай тар жол, тайғақ кешуден аман өткенін айтып, халықты ынтымаққа шақырды.

– Әбіләзов сияқтылардың атын атап, қолдан батыр жасаудың қажеті жоқ. Батыр, өжет, еліне қызмет ететін адам болса, отқа түссе де, суға түссе де елдің ортасында жүретін еді. Сыртта отырып арандату кез келгеннің қолынан келеді. Сондықтан мұндай әрекетке мүлдем мән бермеуіміз керек, – деді Қ.Сәрсенбай.

Өз кезегінде Алматы қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Алматы көпір құрылысы зауыты» ЖШС басшысы Ахметжан Шардинов арандатушыларға жол бермейтінін айтты

– Біз жұдырықтай жұмылып алаяқтардың, ұрылар мен арандатушылардың бүлікке бастап, елімізде бейберекетсіздік туғызып, шектен шығуына жол бермейміз. Мен барлық қазақстандықтарды арандатушылардың айтағына ермеуге шақырамын, – деді ол.

Бейбіт шеруге арнайы келіп, көп балалы аналардың атынан сөз сөйлеген 8 баланың анасы, «Қазақстан балалары» қайырымдылық қорының президенті Гауһар Танашева елдегі аналар бірлік пен ынтымақты қолдайтындарын жеткізді.

– Көп балалы аналардың кейбір мәселесін өзінің теріс мақсатына пайдаланғысы келетін Әбіләзов сияқты ұрылар бар. Олар аналар мен балаларды соғысқа жіберіп отыр. Біз оған жол бермеуіміз керек, – дейді Г.Танашева.

Алматылық «Еріктілер лигасының» жетекшісі Айсұлу Ерниязова қазақстандық жастарын арзан атақ үшін елдің тыныштығын саудаға салмай, жұдырықтай жұмылуға шақырды.

– «Оянғандар» қайда қазір? «Хайп» жасадың, дейік. Әрі қарай не болады? Сол жалған мақтанға құмартқандар Алматының кафелерінде отырған кезде, біздің еріктілер Арыста 2 тәулік ішінде 150 тонна цемент түсіріп, қаланы қалпына келтіру жұмыстарына атсалысты. Сондықтан ақиқатты «диван батырлары» емес, нақты істің адамдары айтуы тиіс, – дейді А.Ерниязова.

Бұл бейбіт шеру партияішілік іс-шара емес. Ол барлық қазақстандықтарға арналған диалог алаңын құру мақсатындағы нақты әрекет. Сол себепті аталған митинг партиялық жұмыстың жаңа форматы, халық партиясы мен Қазақстан азаматтарының арасындағы ашық қарым-қатынастың бастауы.

Бұл ретте партияның басты мақсаты мен міндеті – адамға деген қамқорлық, олардың құқығы мен бостандығын қорғау, өмір сүру сапасын жақсарта түсу. Сондықтан партия өкілдері барлық бұқаралық алаңдардан қоғамдағы мәселелерді ашық және анық айтып, елдегі саяси күштердің, үкіметтік емес және кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен сындарлы диалог алаңын құруды көздеп отыр.

– «Nur Otan»партиясының Алматы қалалық филиалы Арысқа бірінші күні-ақ 150 тонна құрылыс материалдары мен 30 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті. Халықты бүлікке шақырушылар сол кезде қайда болды? Халық ақымақ емес, кімнің кім екенін жақсы біледі. Өздеріңіз білесіздер, елімізде партия көп. Бірақ көпшілігі қиналғанда бізге келеді. Өйткені, біз ашықпыз, халыққа жақынбыз, – деді «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров.

Халықты Әбіләзовтың арандатуына, айтағына ермей, ел үшін бекем бірліктің үлгісін көрсетуге шақырған кәсіпкер, «Qadam PRO» ЖШС директоры, партия белсендісі Елнұр Бейсенбаев елдің арасына іріткі салатындармен соңғы сәтке дейін күресетінін айтты.

– Әбіләзов – нағыз ұры! Ондай арамзалармен күресу керек. Мен жалғыз өзім қалғанша ондайлармен күресіп өтуге дайынмын, – деді Е.Бейсенбаев.

Сонымен қатар митинг кезінде Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ким Серікбаев, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, атақты балуан Ислам Байрамуков, Алматы қалалық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі, кәсіпкер Мұрат Әділханов және тағы басқа белсенді азаматтар сөз алып, арандатушыларға қарсы пікірлерін білдірді.