Осылай сабақтасып, жанұядағы тұңғыш перзенттің де өзіне тән міндеттері бар. Сол сияқты, үлкен жанұя деп мемлекетті алатын болсақ, оның да басқару құрылымына қарай ел игілігі үшін атқаруы тиіс міндеттері бар. Осы жауапкершіліктерді, яғни, халық аманатын арқалаған жандардың ішінде мемлекеттік қызметшілерді қарастыруымызға болады. Олар осы қызметті таңдағанда арнайы ант қабылдап, мемлекеттің жарқын болашағы үшін қызмет етуге уәде береді. Сол үшін әрбір аймақта тұрғындардың сеніміне селкеу түсірмеу, қоғамдағы жағдайды халыққа шынайы жеткізе білу, қызметті көрсетуде этикаға сай жұмыс істеу – әр мемлекеттік қызметкердің басты міндеті. Мемлекеттік қызметші – ол ең алдымен халықтың мұң-мұқтажына асқан зейінмен қарап, әр сауалға байыптылықпен үн қатып, өзінен гөрі өзгенің яғни, халық мүддесін жоғары қоюы тиіс. Бұл осы салаға бет бұрған жанға абырой және үлкен жауапкершілік жүктейді. Адам баласына кішкентайында ата-анасы, жақындары мен достары қандай тәрбие жолында жүріп, әр қадамын аңдап басуды өсиет етіп отырған болса, мемлекеттік қызметші де осы даналық сөзден аттамауы тиіс. Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыратын да – қызметкерлер. Бұл ретте аталмыш бағытты таңдаған біздің міндетіміз – халыққа қалтқысыз қызмет етіп, тынбай жұмыс жасау. Мен өз әріптестеріме әрдайым айтып, еске салып отырамын: «Мемлекеттің қаржысы деген жоқ, барлығы – халықтың ақшасы» деп. Қаншама жобалар жүзеге асып, пайдалануға беріліп жатса – оның барлығы қарапайым тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатыр деп қабылдауымыз керек. Осы тұрғыда, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пәрменімен құрылғанына небәрі екі жыл болған Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласының өсіп-өркендеуі әрбір сала қызметкерлеріне және руханиятымыздың түп тамыры деп қарайтын әрбір азамат үшін үлкен жауапкершілік. Соның ішінде ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған мемлекеттік қызметшілердің өзіне тән міндеті бар. Сол мақсатта Түркістанды түлету жолында осындағы әрбір мемлекеттік қызметкер аянбай еңбек етіп жатқанын айта кетуіміз қажет. Әрине, бұл ретте белгілі бір жүйе, бағыт қажет. Ол әлгінде атап өткеніміздей Елбасы салған сара жолды жалғаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінде шаһарымыздың түрленуіне ерекше екпін беріп отыр. Осы бағытта өңірімізде облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы бастаған рухани шаһарды дамытудың төрт идеологиялық бағыты аясында жұмыстар жүргізілуде. Олар: Түркістанды түркі әлемінің ең ірі зиярат және туризм орталығына айналдыру, Түркістанды әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығына айналдыру, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі сауда орталығы және Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға. Түркістанның атын асқақтатумен қатар халықтың әлеуеттін арттыруды көздейтін келелі жобаны іске асыру мақсатында тер төгіп жүрген мемлекеттік қызметшілердің еңбегін елемеуге шара жоқ. Бұл шынайы баға. Сол себепті, біздің бірінші «Кім үшін жұмыс істеп жатырмыз?» деген сұрағымыздың жауабы да осында. Жоғарыда атап өткенімдей, міндетіміз – ел мүддесін бәрінен жоғары қою, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және бастысы жерлестерімізге қолайлы жағдай жасау. Мемлекеттік қызметке қадам басқан әр тұлға ұғынуы тиіс бір жайт, ол – әдеп. Оның сыйластық, құрмет білдіру, орын алған әр жағдайға өз басына түскен мәселе ретінде қарау арқылы ғана мәнін тереңірек ұғынуға болады. Бұл тұста, халық үніне құлақ асатын мемлекет ретінде әдебімізбен, үлгі көрсету арқылы тұрғындар сенімін ақтау үшін барымызды салудамыз. «Ашық әкімдік», «Халықтық әкімдік» жүйесін қолға алып, азаматтардың сауалын тыңдауда да, қызмет барысында түскен өтініштер мен жеке және қоғамдық қабылдауларда да түскен әрбір мәселеге жіті мән беріп, тиімді жолдарын қарастырып, оған лайықты жауап беруді ойластырып, сол бойынша жұмыс атқарудамыз. Мәселен, қаңтар айында «Халықтық кеңсені» іске қостық. Мұнда әкімдікке қарасты дербес бөлімдерді қоса алғанда қызметтің 70-ке тарта түрі көрсетілуде. Халықтық кеңсе жұмыс жасай бастаған алғашқы күннен бері 20 мыңға жуық азамат осы мекеменің игілігін көрді. Бұл жүйе тиімділігін дәлелдеп, жақсы нәтижеге қол жеткізгендіктен, мұндай екінші кеңсені ашуды жоспарлап отырмыз. Ойымыз іске асып жатса, алдағы уақытта оның санын көбейте түсетін боламыз. Мұнан өзге, әкімдіктің дербес бөлімдері әлеуметтік желілерге тіркеліп, бұрынғыдан да халыққа жақындай түсті. Сол арқылы тұрғындардың уақыт жоғалтып, әкімдік есігін торуылдауы анағұрлым азайып, ғаламтор – халық үніне зер салып, олардың көкейіндегі сауалдарға жылдам әрі нақты жауап беріп қана қоймай, түйіткілді мәселесінің түйінін тарқатуға сеп болды. Жалпы, халықтың қолдауы мен сенімі ғана мемлекеттік қызметшінің абыройын асқақтатып, сүйіспеншілігін одан әрі арттырары сөзсіз. Сол себепті, билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын алтын көпір ең алдымен мемлекет саясатын іске асырар қызметшінің абыройлы міндеті.
Рашид АЮПОВ, Түркістан қаласының әкімі