СҚО-да карантин талаптарына күшейтуге қатысты облыстың бас санитар дәрігері Серікбай Қасмақасовтың қатысуымен онлайн брифинг өтті. Оның айтуынша, өңірде коронавирусты инфекцияға қатысты жағдай тұрақсыз. Осы уақытқа дейін вирусты жұқтырудың 711 дерегі тіркелсе, оның 40% - 287 адам дәрігерлерге ауырып қаралған. Бүгінде сырқаттар өңірдің барлық аудандары мен Петропавл қаласында тіркелді.
«Соңғы үш күнде ауырғандардың өсім көрсеткіші – 46%, яғни – 216 адам. Сырқаттанғандардың үштен бірі науқастармен қарым-қатынаста болған. Эпидемиологиялық тергеу барысында вирустың түрлі отбасылық мерекелерде – құдалық, той және ас-құдайыға жиналғандар көптеп шалдығатыны анықталды. Отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанымен, оның қауіпті екені үнемі айтылып жатқанымен көпшілік бұл мәселеге әлі күнге мән бермей келеді», – деді облыстың бас санитар дәрігері.Қазір СҚО-да эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты Айыртау, Ақжар, Ғабит Мүсірепов, Тайынша, Уәлиханов аудандары және Жаңажол мен Таман елдімекендері карантинге жабылды. Блокпосттар қойылды.
«Бұған дейін коронавирустың бар екеніне сенбейтіндер енді қауіптің барлығына күмән келтірмейді. Біз барлығымыз санитарлық талаптарды қатаң сақтауымыз қажет. Қоғамдық орындарға, салтанатты іс-шараларға, әсіресе, балалармен бармаңыздар. Әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, маска тағыңыздар. Қолдарыңызды жиі сабындап жуып, денеңіздің, отбасы мүшелерінің температурасын жиі өлшеңіздер. Барлығымыз бірігіп күрескенде ғана қауіпті індетті жоямыз», – деді Серікбай Қасмақасов.