Қазақтың жаны – домбыра
Қазақтың жаны –  домбыра
404
оқылды

– Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батыр­ларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз бо­луы тиіс. «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса» күйлері – ұлттық ру­хы­мызды көтеретін таңғажайып туын­дылар. Домбыраның пернесінен шыққан күйде халқымыздың терең тарихы бар. Біз атадан балаға аманат болған асыл мұрамызды сақтап, қадір тұ­туымыз қажет. «Өнер – ұлт келбеті» дей­ді дана халқымыз. Баршамызға ор­тақ құндылық – домбыраны жан-жақ­ты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сі­ңіру өте маңызды. Домбыра – қай­таланбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажет әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһан­дану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Қазақстан Президенті төл мәдениетімізге деген қамқорлық әрқашан мемлекеттің айрықша наза­рында болатынын жеткізді.

«Қазақ елі» монументі ала­ңында өткен ұлттық руханиятты дәріптейтін концерт барысында мыңнан астам өнерпаз бір ор­кестрдей домбырамен «Са­рыар­қа», «Адай», «Әлқисса», «Кө­ңіл тол­қыны», «Балбырауын», «Кө­реғұлы» секілді қазақтың белгілі күй­лерін орындады. Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орын­басары Нарима Мұхамбетали­наның айтуынша, Ұлт­тық дом­быра күні – шілде айының ал­ғашқы жексенбісі деп белгі­ленген. «Биылғы концерттің ерек­шелігі – жас айырмашылы­ғына қарамастан, ниет білдір­геннің бәрі концертке үлес қос­ты. Домбырашылар барлық өңір­ден жиналды. Қатысушы­ның ең үлкені 70-те болса, ең кішісі – 7 жаста. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының мемле­кеттік академиялық филармо­ниясы, «Сарыарқа» халық му­зыка ансамблі, «Қорқыт» дәс­түр­лі музыка ансамблі секілді кә­сіби музыканттар да қатысты. Орындаушылардың арасында белгілі тұлғалардан күйші Арман Жүдебаев, Батыржан Мықты­баев, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің дирек­торы, күйші Нұрғиса Дәуешов, Олим­пиада чемпионы Ермахан Ыбы­ра­йы­мов, «Астана Опера» теат­рының ди­рек­торы Ғалым Ахме­дияров, Т.Жүрге­нов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­демия­сының ректоры Асхат Мае­ми­ров өз өнерін ортаға салды», – деді ол.

Мереке барысында күйден басқа, «Жастар» театрының ак­терлары та­рихи қойылым ұсын­ды. Оған қоса, елор­далық музы­ка мектептерінің шәкірттері өз өнерін ортаға салып, ақындар ай­тысын өткізді. Сонымен қатар «Қазақ елі» монументінің ал­дын­да киіз үйлер тігіліп, ұлттық на­қышта безендіріліп, ұлттық аспаптар мен қолөнер бұйым­дары қойылған көрме болды.