Ақмола облысында жоғалған 10 млн теңгенің ешкілері Нұр-Сұлтанға жайылып кетіп қалған
Ақмола облысында жоғалған 10 млн теңгенің ешкілері Нұр-Сұлтанға жайылып кетіп қалған
135
оқылды
Ақмола облысының полицейлері жергілікті тұрғынның жоғалған ешкілерін тауып берді, - деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Асыл тұқымды жануарлардың құны 9 млн 750 мың теңгені құраған. Жоғалған 34 ешкіні полиция бірнеше сағаттың ішінде елордаға жақын жерден тапқан.
«Осы жылдың 23 маусымында Целиноград аудандық полиция бөліміне Нұр-Сұлтан қаласының 36 жастағы тұрғыны «ағылшын-нубиялық тұқымды» 34 бас ешкісінің жазғы қоршаудан жоғалып кеткенін хабарлап, арыз берді. Шығын сомасын жәбірленуші 9 миллион 750 мың теңгеге бағалады. Тәртіп сақшылары аталған факт бойынша бірден Қылмыстық кодекстің 188-бабының 1-тармағымен («Мал ұрлығы») қылмыстық іс қозғады. Іздестіріу шараларын өткізу үшін полиция екі топқа бөлініп, қылмыскерді анықтауға кірісті. Жоғалған малды іздеуге иісшіл ит Графтың көмегі тиді. Ол полицейлерді елорда бағытындағы егіс даласына апарған. Арада аздаған сағат уақыт өткенде ешкілер Нұр-Сұлтан қаласының іргесінен табылып, иесіне қайтарылды», - деді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсем Әбдірахманова.
Қазіргі уақытта ұрлық дерегі бойынша қозғалған іс құрамында қылмыстық белгілер болмағандықтан тоқтатылған. Полиция тұрғындарды көп жағдайда иелерінің малды бағуда ұқыпсыздығының салдарынан барымташылардың жеңіл олжасына айналатынын, сондықтан аса сақ болуын сұрайды.