Қарағандылық көпбалалы ана Алтынай Мейрамованың 10 соттық жер мен тұрғын үй кезегінде тұрғанына – 15 жыл. Өткен жылы қала әкімдігі оған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2 пайыздық ипотекаға жолдама берген болатын. Алтынай тиісті құжаттарды тапсырып, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіден» 10 тамыз күні ипотека алуға болады деген рұқсат алды. Одан бері алты ай уақыт өтті, Алтынай әлі баспаналы болған жоқ.
Қолданыстағы заң бойынша ипотека рәсімдеуге үш ай уақыт беріледі. Алайда «Бақытты отбасы» бағдарламасымен үй іздегендер ипотека мерзімін 6 айға создырды. Себебі бұл бағдарламаға сәйкес келетін үйлер Қарағандыда аз. Бірақ Алтынайға үй табуға жарты жылдың өзі аздық етіп отыр.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үй кезегінде тұрған көпбалалы, жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасылар 2 пайыздық ипотека ала алады. Жеңілдетілген ипотекамен елорда мен Алматыдан 15 миллион теңгеге дейін, ал өңірлерден 10 миллионға дейін үй алуға мүмкіндік бар. Аймақтарда 10 миллионға пәтер алу көпбалалыларға тиімсіз болып шықты. Себебі бірінші нарықта 10 миллионға бір бөлмелі пәтер ғана келеді. Бір артықшылығы, бірінші нарықтан үй алса жергілікті билік ипотеканың алғашқы жарнасы үшін 1 млн теңгелік тұрғын үй сертификатын береді. Алайда Қарағандыда салынып жатқан үйлердің құжаты дайын емес. Алтынай қаладағы ең арзан тұрғын үй кешені – «Сападан» 2 бөлмелі пәтер брондап қойғанына біраз болды. Ол үйдің құжаты 2019 жылдың соңына дейін тапсырылуы керек еді, алайда жаңа жыл төрге озды, құжаттар дайын емес. Ал банк берген алты ай мерзім 10 ақпанда аяқталады. Енді Алтынай қаншама уақыт күткен пәтерден қағазбастылықтың кесірінен айырылып қалғалы отыр.
Қарағандыда «Бақытты отбасы» бағдарламасына құжат тапсырудың екінші кезеңі басталды. Бірінші кезеңі бойынша банк мақұлдауынан өткендер әлі күнге баспанаға зар.
Үкімет алғашқы жарнасын төлеп беретін бірінші нарықтан баспана алудың соңы осылай сиырқұйымшақтанып кетті. Ал арзан әрі күрделі жөндеуді талап етпейтін екінші нарықтан баспана алудың да өз машақаты бар. Себебі екінші нарыққа ипотеканың алғашқы жарнасы үшін 1 млн теңгелік тұрғын үй сертификатын беру қарастырылмаған.
Бес балалы ана Айжан Бадильдинова қаланың бағасы төмен шағын ауданынан, екінші нарықтан пәтер алғысы келеді. Ол да банк мақұлдауынан өтті. Оның да банк берген мерзімі аяқталуға жақын. Қаншама пәтер қарады, алайын десе, ипотеканың алғашқы жарнасына ақшасы жоқ. Ол бармаған басшы, қақпаған есігі жоқ. Алтынай да, Айжан да Президенттің көмекшісі Аида Балаева ханымның қабылдауына барып, осы мәселені көтерді. Президентке мән-жайды түсіндіріп хат жазды. Қарағанды қаласының әкімдігі де өз тарапынан баспана нарығына талдау жасап, ұсыныс жолдады. Осы ұсыныстар негізінде Парламентте заңға өзгерістер енгізілді, Президент заңға қол қойды. Алайда жаңа өзгерістерді реттейтін ереже дайын емес, бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Айжан секілді қаншама отбасы заң шығаруда кеткен шалалықтың кесірінен уақытында баспаналы бола алмай отыр.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 1 млн теңгелік тұрғын үй сертификатын алудың да өз қиындығы бар. Банк мақұлдауынан өткен соң алғашқы жарнаны алу үшін отбасылар жергілікті жұмыспен қамту орталықтарына табысты растайтын құжаттар тапсырады. Яғни, табысы бар екенін бірінші банкке, одан кейін әкімдікке растайды. Банктен өтіп, әкімдіктің мақұлдауынан өте алмай қалатын жағдайлар да болады. Мәселен, А есімді анаға желтоқсан айында Тәуелсіздік мейрамына орай 30 мың теңге сыйақы түсті. Жалақысы бір сәтте көтеріліп кеткен отбасыға сертификат берілмейді. Яғни, бір жолғы сыйақы үшін отбасы енді алғашқы жарнасыз қалды.
Көпбалалы аналарды үміттендірген жаңа бағдарлама қолданысқа енгенімен осылайша әуре-сарсаңға салып қойды. Бұл бағдарлама үш жылға шақталған. Қазір екінші кезеңі жүріп жатыр.