Қазақстан бірінші кезекте ұлттық мүддесін қорғайды
Қазақстан бірінші кезекте ұлттық мүддесін қорғайды
171
оқылды
Мемлекет басшысы қан­дай маңызды мәлімдеме­лер жасады? Осыған тоқ­та­ла кетсек. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қа­­зақстанда қазақ тілінің өркен жаюы сыртқы күштерге ұнамай­ты­н­ын ашық айтты. – Туған тіліміздің қолдану ая­сын кеңейту үшін көп жұмыс ат­қарылды. Мұны сырт көз – сын­шылар да айтып жүр. Олар мұн­дай үрдіске қуана қоймайды. Өйткені енді қазақ тілінің дамуын тежеп, ел ішінде кең өріс алуын тоқ­тату мүмкін емес екенін сезеді. Бұл ретте Елбасы Н.Назарбаевтың ай­рықша еңбегін атап өтуге тиіс­піз. Ол елімізде мемлекет құ­рау­шы ұлттың саны аз болғанына қа­­рамастан, Қазақстанның Тәуел­сіз­дігін жариялады. Сондай ау­малы-төкпелі кезеңнің өзінде Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей ықпал етуімен Парламент қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жария­ла­ды, – деп екпін түсірді Пре­зи­дент. Ол тілдік проблеманың үлкен саяси астары барына назар ау­дарт­ты. Бұл істегі асығыстық мем­­­лекеттігіміз бен ұлттық қауіп­сіз­дігімізге қатер төндіреді. Орыс тілінің артында Ресей тұрғаны құпия емес. – Бұған Украинаны мысалға кел­­тірсек те жеткілікті. Мемле­кет­тік тілді дамыту ісінде қыз­балыққа салынып, оның қол­дану аясын күшпен кеңейтуге ұм­тылудың кері әсері болары анық. Өйткені оның соңы ұлтара­лық араздыққа дейін жетуі мүм­кін. Бұл тұрғыда геосаяси жағ­дай­ды да назардан тыс қалдыр­мауы­мыз керек. Ресеймен арадағы ше­кара­мыздың әлемдегі ең ұзын шекара екенін де әсте естен шы­ғармаған жөн. География – гео­сая­саттың маңызды факторының бірі. Бірақ бұл мемлекеттік тілге қатысты жұмыс­тарды тоқтатып қою керек де­г­енді білдірмейді. Қайта оны ың-шыңсыз, қызба­лыққ­а салын­бай, табанды түрде жал­ғастыра беру қажет, – деді Мемл­екет бас­шысы. Сонда не істеу керек? Біріншіден, қазақ тілінде сөй­леу мақтанышқа айналуы үшін қо­ғамда оған деген қажеттілікті арт­тырған жөн. Ел Президенті мем­лекеттік қызметке, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға та­ғайындау кезінде кәсіби білікті­лігіне қоса, қазақ тілін жақсы бі­ле­тін азаматтарға басымдық беру туралы міндет белгіледі. Екіншіден, қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдері қолдау кө­реді. Олар мемлекеттік қызмет­тегі жоғары лауазымға тағайын­да­лады, мемлекеттік марапатқа ие болады. Тіл білген диаспора өкі­­лінің алдынан зор перспектива ашылатынын аңғарған өзгелер балаларының қазақ тілін білуіне баса мән берері сөзсіз. – Үшіншіден, қазақ тілін қол­дану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жі­­беріп алатын азаматтарға түсі­ніс­тікпен қарап, тағат-толерант­ты­лық танытуымыз керек. Мұн­дай жандар жастар арасында да аз емес. Олардың талпынысын ма­зақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн. Төртіншіден, телеарналар бағ­дарламаларының сапасын арт­тыру қажет. Бұл ақпарат өнім­дері Ресей телевизиясының көшір­месіне емес, қайта қоғам­дық ойдың қайнар көзіне айналу­ға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлт­тық идеяға қызмет ететін, то­пы­ра­ғымыздан тамыр алған төл бағ­­дар­ламаларды молайту қажет, – деген Қ.Тоқаев осы істегі Орталық Азия елдерінің игі тәжірибесін игеруді ұсынды. Мемлекет басшысы бастауыш сыныптарда қазақ тіліне басым­дық беру, ал ағылшын тілін тек 5–6 сыныптардан енгізу қажетін нықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев Елба­сының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясында айтылған еңбексүйгіш қоғам құру мәселе­сіне тоқталды. – Оны шұғыл шешпесе бол­майды. Еңбекке баулу идеоло­гия­сы атақты ақын-жазушы­ла­ры­мыз­дың шығармашылығында барынша көрініс тауып, алдыңғы қатарда насихатталуы керек. Қа­зір «тойың тойға ұлассын» деп ән­детіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Технология заманын­да той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті, осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мем­лекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Еңбек ету өмір сүру салтына айналып, бас­ты міндет саналуға тиіс. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білім­нің, еңбектің дәуірі! – деді Мем­лекет басшысы. Ол жаһандағы жағдайға да тоқтала кетті. – Әлем өзгерді. Мызғымастай көрінген жаһандану үрдісі пандемияның әсерінен кідіріп қалды. Мемлекеттер өзін-өзі оқшаулауға, «әркім өз күнін өзі көрсін» қағидатына баса мән бере бастады. Халықаралық қатынас­тарда ұлтшылдыққа бет бұру үр­дісі артып келе жатқаны байқа­ла­ды. Мен мұны 2008 жылы ертерек бол­жап айттым. Бірақ ол кезде менің тұжырымымды саясаткер­лер мен ғалымдар қолдамады. Әлем­де өзге баламасы жоқ БҰҰ атына заты сай бірегей халы­қ­ара­лық ұйым ретінде пандемия кезінде аса белсенділік таныта қой­мады. Ірі державалар арасын­да текетірес күшейіп келеді. Ай­мақтардағы қақтығыстар шие­ленісе түсті. Бұл – өңірлік мем­лекет ретіндегі Қазақстан үшін қолайсыз үрдіс, – деді Қ.Тоқаев. Осы ахуалда ел басшылығы ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоймақ. – Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев көпвекторлы, тең­герімді сыртқы саясатта Ресеймен стра­тегиялық серіктестікті, ын­ты­­мақтастықты нығайтуға және өңірлік интеграцияға баса мән берді. Бұл – дұрыс таңдау болды. Дегенмен, әлемдегі ахуал бір ор­нында тұрмайды, алпауыт мем­лекеттердің геосаяси мақсаты өзгеруде. Осындай жағдайда Қа­зақстан бірінші кезекте өзінің ұлттық мүддесін қорғауға міндет­ті. Сондықтан мен Еуразиялық экономикалық одақтың биылғы 19 мамырдағы саммитінде интег­рацияны Қазақстанның егемен­дігіне нұқсан келмейтін жағдайда ғана қолдайтынымызды ашық айт­тым, – деді Қазақстан Пре­зи­денті. Аумалы-төкпелі кезеңде сырт­қы күштердің тәуелсіз елдің ішкі ісіне араласуы ел бірлігіне сы­на қағуы мүмкін. Алайда әлде­бір шетін мәселеге қатысты «жабулы қазан» күйінде қайнаған ашу-ыза, әлеуметтік кернеу де кей­бір елде азаматтық соғысқа ұласты. Ел мен жердің тұтастығын сақтау үшін Мемлекет басшысы қа­зақстандықтардың бейбіт жиын-митингтерге қатысу құқы­ғын жүзеге асыратын қадамға барды. – Халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан грант алатын кей­бір азаматтарымыз қабылданған заңды негізсіз сынайды. Олардың пікірінше, Қазақстанда «Митинг­ке қашан және кіммен шығаты­ным­ды, қарсылықты қай жерде өткізетінімді өзім білем!» деген жүгенсіздік қағидаты болуы керек екен. Әсіресе, солардың митингке шетел азаматтары мен кәмелетке толмаған балалардың қатысуын та­лап етуін шектен шыққандық деп санаймын. Олардың ойы бел­гілі. Ондай адамдарға ты­ныш­тық пен тұрақтылық қажет емес. Ал біз қарқынды дамыған, татулығы жарасқан тәуелсіз Қазақстанды сақтауымыз керек. Халық ең ал­дымен ел іргесінің беріктігін те­рең жауапкершілікпен сезінуі керек. Сонымен қатар мемлекет өз азаматтарының заңды талап­тары­на құлақ асуға, қаржылық және құқықтық мүмкіндіктер ая­сында оларға жәрдем беруге мін­детті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қоғамды «Ары қарай қалай өмір сүреміз?» деген сауал маза­лай­ды. Президент енді біздің көз­қарасымыз, болмысымыз жаңа заманның талабына сай болуы керегін қадап айтты. – Яғни тарихи тұрғыдан жаңар­тылған құндылықтарға бет бұруға тиіспіз. Бізге қазіргі заман­ның сын-қатерлеріне төтеп бере­тін ақыл-ой тұжырымы қа­жет. Заманауи технология, роботтар, жасанды зерде дәуірінде ақыл-кеңес түсінігі ерекше маңызды бол­мақ. Сонымен бірге ар, на­мыс, ұят сияқты адами қасиеттер, ұлттық құндылықтар болмаса, ма­шиналар мен роботтар әле­мінде жұтылып кетеріміз сөзсіз. Әрине, мұндай жағдайдың мүлде болмағаны жақсы. Сондықтан зиялы қауым өкілдері болашақ өмір туралы мәселені қазірден ой таразысына сала беруі тиіс! – деп түйді Президент Қ.Тоқаев.  

Айхан ШӘРІП